ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

Оңайбай Көшекұлы! Бұл есімді біздің Атырау елінде білмейтін адам жоқ. Ал мен өзім бала кезімнен атын ғана естіп қойғам жоқ, көріп, жүздесіп те, тілдесіп, пікірлесіп те жүрдім. Оңайбай аға менің туған ағам Зәкіш Өтегенұлы Жүсіповпен қатар өскен, үш жас – молдан құрдас болып, әзілдері жарасқан, дос, жұмыстас, замандас болған. Ержетіп, өмірге араласа бастаған кезімізден Оңайбай ағаның мемлекеттік, қоғамдық істері көз алдымызда өтті. Облыстың Кеңес атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып 1970-85 жылдары облысты басқарғаны баршаға белгілі. Оңайбай Көшекұлының ел тізгінін ұстап отырып, облыс экономикасын көтеру, халқының тұрмысын жақсарту жолындағы асқаралы істерін бүкіл облыс халқы біледі.

Оңайбай Көшекұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін, бұл кісімен жақындаса түсіп, оның адамдық қасиеттерінің қырларын байқадым. Бір ғана мысал келтірейін. 1995 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына байланысты он шақты адамнан тұратын облыс делегациясының құрамында Семей жеріне аттанған едік. Делегация мүшелерінің бірі  Оңайбай аға болатын. Жүрген жерлерімізде бізді талай лауазымды адамдар қарсы алып, талай кездесулер өткіздік. Сол шақтарда Оңекеңнің ақылдылығын, асқан ғұламалығын байқадым. Шалқыған шешендік, қисынын тауып жатқан әңгімесін, шежіресін айтып, суырыла ағылған жыр шумақтары төгілумен жүрді. Оңекең Абайдан бастап талай ақындардың жырын жатқа соқты. Қызыға да, қызғана да қарадық. Ағамыз біздің делегацияның сәні мен мәніне айналып отырды. Сонда оның абыздығына тәнті болғанмын.

Оңайбай Көшекұлы академик досы Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтқанда: «…кісілікті кісі, көшелі адам. Оңайбай – ойлы адам, ал ойлы адамның қасында ойсыз жүре алмайсың».

Академиктің айтқанының растығын Оңайбай Көшекұлы жазған «Ер қадірі – еңбекте» деген әдеби жағынан келгенде эпикалық, стилі жағынан публицистикалық, түріне қарап тарихи-мемуарлық деректерге сүйенген повесть-эссесі дәлелдейді. Бұл кітапта оның азаматтық тұлғасы көрінеді. Енді сол туралы айтамыз.

Кітап Оңайбай аға зейнеткерлікке шыққаннан он шақты жылдан кейін жазылған. Оны дер шағында жазылған кітап деп бағаладық.

Ағаның балалық шағы, әскердегі қызметі, совхоздағы директорлығы, Маңғыстау ауданындағы басшылық қызметімен қатар, тек 1970-85 жылдары өзінің араласуымен болған облыс өмірінің шежіресі. Бұл еңбектің басты құндылығы осында. Атырау облысы туралы салиқалы тарихи еңбек жазылған күнде, тарихшылар Оңайбай Көшекұлының бұл кітабына сүйенбей өте алмайды.

Біз, қарапайым халық, көп нәрсенің байыбына бара бермейді екенбіз. Облыс өміріндегі барлық істеліп жатқан жұмыстар, жетістіктер оп-оңай атқарылып жатқан сияқты болып көрінеді. Олардың жүзеге асыруларында талай тайталастар, қым-қуыт тартыстар, қиян-кескі шарпысулар жатқандығын, талай жүйкелер тозып, саулықтар жойылатынын біле бермейміз.

Мысалы, бұрынғы педагогика институты, қазіргі Атырау университетінің филология факультетіндегі қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін алайық. Бұл мамандықты дайындайтын бөліміне  байланысты тартыс, дау-шар күшейіп, ақыры жабылып қалған болатын. Тіпті, бұл мамандықтың қажетті оқулықтары да жойылған. Соған қарағанда бұл бөлімді енді ашылмайтын етіп, тамырына балта шапқан сияқты.

Жиырма жыл бойына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен маман дайындалуы тежелгендіктен, облыс мектептерінде аталмыш пәннен мұғалімдер жетіспей, кез келген пән маманы оқытқан. Облыс басшысының араласуымен қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі 1984 жылы қайта ашылды. Халық қуанышында шек болмады, институт ректорына алғыстарын жаудырды. Ал, шынында, бұл істің басы-қасында Оңайбай ағаның өзі болып, оқу министрлігі алдына мәселе қойғанның арқасында оң шешімін тапқан. Бұл – қазақ ұлтының басты қасиеті – қазақ тіліне деген көзқарас мемлекетімізде төмендеп кеткен тоталитарлық заманда ұлттық тіліміздің жоғалмауына ағаның осы тілдің патриоты ретінде үлес қосқанын бүгінгі ұрпақ ұмытпайды.

Оңайбай Көшекұлы жазған кітаптың әр беті тарихи фактілер мен деректерге толы болды. Мұнда Атырау өңірінің ұланғайыр өмірі жатыр. Әр келтірілген дерек астарын аударып-төңкеріп қарап, белгілі бір шындыққа сәйкес әдеби тартыс тудырып, бір-бір көркем шығармаға негіз етуге болатындай.

Оңайбай аға: «Мақсатым – өткен өмірімді ой елегінен өткізіп, бір шолып шығу. Онда да өзімді өзгелерден оқшау әкетіп, ерекше көрсету емес, өзім өскен ортамен өріп пайымдау», – деп жазыпты. Оңайбай аға, шынында да, өзінің алдына қойған мақсатын келісті орындап шыққан. Ағаның баяндауында елдегі қиын-қыстау жағдайлардың дұрыс жөнге түсіп, парасат ұялаған бағдарын көрумен, соған байланысты халық тұрмысының жақсару, ауыр бейнеттің рахат еңбек нәтижесіне айналған жайларын байқаймыз.

Кітапты оқып отырғаныңызда көз алдыңызға қоғам қайраткері, заман азаматының шынайы бейнесі көрінеді. Боямасыз көрсеткен өмірдің бел ортасында  Адам жүреді. Әдебиеттің объектісі – өмір болатын болса, оның пәні – Адам. Кітаптан біз де Адамды іздедік. Оқиғалардың қайнаған ортасында Адам бар екенін анықтадық. Ол – Кеңес үкіметі кезінде ел басқару қызметінде, халық игілігі жолында маңдай терін төккен азаматтың бейнесі.

Қазіргі заман деңгейінен өткен тота-литарлық заманға сын көзбен қараймыз. Бірақ, сол өткен заманға күл шаша беруге бола ма?! Олай ете алмайтынымызға Оңайбай Көшекұлы жазған осы кітаптың өзі-ақ дәлел.

Кітаптың басты кейіпкері – елге үстемдік құрған коммунистік партияның мүшесі, өмір қайраткері. Сол қайраткердің өмір жолын бағдарлап отырсақ, үстемдік жүргізген адамға ұқсамайды. Оның әрбір басқан қадамы, айтқан сөзі, адамдар арасындағы қақтығыстардың бәрі де бір ғана мақсатты көздеген – адам үшін, адам игілігі үшін, адам бақыты үшін қызмет еткен.

Кітаптағы басты тұлғаның өмір жолы осы партияға мүше болған жас кезінде өлім дегеннің не екенін білмей қызмет еткен адамның табиғи жаратылысында адам жан дүниесін ар ғана басқарған, елді апаттан алып шығу жолында күрескен шынайы ерді көреміз. Әкесі майданға аттанғанда, бір қора қойға ие болып қалған жасөспірімнің қора салу, қыстау жөндеу, малды қыстан аман алып шығу жолындағы пәлен шақырым жерден, қатқан қар астынан пішен аршып алып, оны тасудағы бейнеті, беті-қолы домбығып, үсіген кезде де алған бетінен қайтпауы – оның қайсарлығының, жігерлілігінің белгісі.

Ержетіп, әскер қатарына алынғанда:

«Армия  мен үшін тәрбие мектебі болды», – деді Оңайбай Көшекұлы. Ол әскери қызметті мүлтіксіз орындайды, штаб басшыларының көзіне ілінгені – әскер қатарындағы өмірі, әскери тәртіпті бойына дарытуы. Отан алдындағы борышын терең түсінген, елін жанындай сүйген адамның бейнесі көзге келеді.

Осылайша жастайынан елі үшін қандай қиындықтан да тайсалмауға өзін-өзі тәрбиелеген, қиыншылықтың қыспағында өзін-өзі шынықтыра білген Оңайбай Көшекұлы кейін басшылар ұсынған қандай да жұмысты тайсалмай атқарды. Ол ең артта қалған шаруашылық «Бақсай» совхозына барып, оның экономикасын, ондағы еңбек етіп жатқан колхозшылар тұрмысын көтеруге атсалысты. Территориясы бір кездегі Гурьев облысының жартысын иемденіп жатқан ең қиын аудан, жері қуаң, шабындығы, жайылымы тапшы, суы жоқ Маңғыстау ауданының басшылығына, одан да қиын Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағалығына да, қыран шыңы – облыстың партия комитетінің бірінші хатшылығына да еш тайсалмастан барып, қай-қайсысының тұғырында да білек сыбана еңбек етеді. Ол осы әрекеттерінде көзжұмбайлық жасаудан аулақ, қайта қолынан іс келетіндігіне, өзінің сол жұмыстарды атқара алатындығына, халықтың көңілінен шығатындығына сенді. Атқарған қай-қай жұмыстарда да зор абыройға ие болып, тек жетістіктерге жете білуі, халықты еңбекке жұмылдырудағы ұйымдастырушылық қабілеті, аянбай еңбек етуінің нәтижесінде ел көңілінен шығуы Оңайбай ағаның адалдығының, адамгершілігінің молдығынан еді.

Оңайбай Көшекұлы ұлы бабалары-мыздың адалдық, абыздық жолындағы дәстүрін берік ұстанғандықтан, елдің игі істері бағытындағы кейбір басшылар тарапынан болған әділетсіздіктерге қарсылық жасай білетін шыншылдығы, қандай лауазымды адамның да кемшілігін бетіне баса білетін наркескен батылдығы әр уақыт оның азаматтығының сәні болды. Бір ғана мысал: 1983-84 жылдары КОКП Орталық Комитетінің қазақстандық сектор меңгерушісі Н.Ф.Мищенко басты кадрлардың  орыс ұлтынан аз қойылатындығын сынап, шаруашылық басшыларын орыстан қоюды талап еткенде Оңайбай аға онымен тайталасып, қарсы шығады. Оның бұл батылдығын шовинистік пиғылға қарсы күресінің бір белгісі деп бағалаған жөн.

Оңекеңнің ең биік қасиеті – оның қарапайымдылығы. Басшылық жұмысының бәрінде де, нағыз қазақы ортадан  шыққандықтан, туған халқымен қоян-қолтық араласып кеткен шақтарында ешқандай бап таңдамайды. Арба демей, киіз үй демей, қыстау демей, ыстық я суық демей, барлық уақытта да халықтың тынысымен демалып, тілін таба біліп, олардың сөзін сөйлеп жүріп, адамға жақындығын көрсетті.

Оңекең адал көңілді, аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл, адамға тек игілік пен жақсылық тілеуден басқаны жат санайтын адам еді. Оның адамға жұғымдылығы сондай, кішімен де, үлкенмен де, ел басшыларымен де бірден пікірлесе, сырласа кететін және әрқайсысымен лайықты тіл таба білетін. Басшылық қызметтерде өзіне жұмыс немесе бір тілек-талаппен келген адамның оның алдынан тауы шағылып шығуы болмаған көрінеді.

Адаммен тіл таба білуіне дерек ретінде Димаш Ахметұлы Қонаевпен сырласуын алуға болады. Димекең Оңекеңе сенгені сонша, тіпті әркімге айта бермейтін, ішінде бершімек болып қатқан сырын да ақтаруы тегін емес.

Адам бақыты, оның игілігі, тұрмысы, бейбіт өмірі, тыныштығы, рахаты жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, маңдай терін төге еңбек ететін, өмірде өзінің бар екенін кейде іс үстінде ұмытып кететін парасат иесі, батыл істі атқаруға тындырымды, адамға әр уақыт достық құшағы ашық, шынайы табиғат жасаған шыншыл адам – Оңекең ел басқаруға біреудің қолпашымен, демеуімен, көмегімен жеткен жоқ, адал еңбегімен, маңдай терімен, адамға деген мөлдір махаббатымен жетті. Ол биіктерге «екпіндеп ұшып шыққан қыран» болды.

Оңайбай Көшекұлының өнегелі ісі кейінгі ұрпаққа үлгі болатыны сөзсіз. Құрметті ағаның есімі облыс тарихында алтын әріппен жазылып қалғаны анық.

Қадыр ЖҮСІП,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз