Фашистік концлагерьдің тұтқыны бүгінде Атырауда тұрады

kontslager osventsim 256 Қоғам

Тарихи деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік концентрациялық лагерьлерде 20 миллионнан астам адам тұтқында болған. Олардың 2 миллионға жуығы бала еді. Солардың ішінде біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері, атыраулық Екатерина Серафимовна Абсатырова да бар-ды. Бүгінде жасы тоқсанға толған кейуана сол бір азап пен тозақта өткен балалық шағын өкінішпен, өксікпен еске алады.

1931 жылы Мордова АССР-ның Первомай деревнясында, «Красный пахарь» колхозында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген оның ата-анасы сол шаруашылықта жұмыс жасайтын. 1939 жылы фин соғысы басталғанда Финляндия Республикасы территориясының бір бөлігі КСРО-ға қарай ығысты.

– Сол кезде финдер үйлерін тастап көшіп кетті. Жер де, тұрғынжай да иесіз, қаңырап бос қалды. Осы уақытта сырттан жалдап алушылар келіп, бізді өздерімен бірге тұрып, шаруашылықпен айналысуға шақырды. Отбасында 9 бала, əке-шешем жəне əжем, барлығы оннан астам адам болатын. Содан əуелі əкем барып ол жақтағы жағдайды барлап келді. Оған бəрі ұнапты, үйлері мұндағыдай лашық емес, тастан салынған сарай. Сөйтіп, бүкіл отбасымызбен сол жаққа қоныс аудардық. Бізге бұйырғаны бес бөлмелі пəтер болды. Алаңсыз тұрмыс кешіп жатқанбыз, жағдайымыз да жақсы еді. Сол жерде екі жылдай тұрып, еңбек еттік. Балалар үлкендерге қолқабысын тигізетін. 1941 жылы неміс-фашист басқыншылары КСРО-ға тұтқиылдан шабуылдап, Ұлы Отан соғысы басталғанда əлгі үй-жайларын тастай қашқан финдер кері оралды. Олар бізді мүсіркеп, аяушылық танытқан жоқ, ұядай ұйып отырған үйімізден қуып шықты. Осылайша, бір сəтте баспанамыздан айырылып, далада, ас-сусыз қалдық. «Жығылғанға жұдырық» демекші, көп ұзамай жанымызға түсі суық, қарулы жендеттер де келіп жетті. Жанжағымыздан қоршап, біз сияқты босқындардың бəрін тұтқынға алды. Əрі қарайғы күніміз күн еместі, – деп күрсіне есіне алды Екатерина Серафимовна.

Балалық шақтың кермек дəмі Басқыншылар бұларды Германияға айдап əкеткен жоқ. Осы жерден үлкен-кіші деп айырмастан барлығын жақын маңдағы концентрациялық лагерьлерге жөнелтті. Олардың келіп түскені Финляндияның астанасы Хельсинки қаласының маңындағы Юрокко лагері болатын. Осылайша, он жастағы Катя үшін де тікенек сыммен қоршалған концлагерьдегі азапты күндер басталды. Еркіндігі мен азаттығынан айырылған тұтқындарға ешқандай аяушылық жоқ еді. Ересектермен бірдей балалар да ашқұрсақ жүретін, күзетшілер оларды сəт сайын ұрып-соғатын. Аяқ астынан кінə тағып, азаптап, ойларына келгенін жасайтын. Ұл-қыз деп бөлмей, қорлықтың да небір түрін көрсететін. Осындай тозақпен бірдей тірлікті біздің кейіпкеріміз де бастан кешірді. Бала болса да қиындыққа мойымады, басқа түскенін жеңе білді. Татар дəмі, көрер жарығы таусылмағаны шығар, үш жыл, үш ай дегенде концлагерьдегі тозақтан бостандыққа шықты. Кейіннен тұтқындар Ханко жартыаралындағы, соңынан Пернео қаласындағы концлагерьлерге ауыстырылды. Алайда, «қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» демекші, қай жерде де көрген қорлығы, тартқан азабы, шеккен жəбір-жапасы аз емес еді. Ашқұрсақ жүрсе де үлкендермен бірдей еңбектенді, бұғанасы бекіместен небір ауыр жұмыстарды атқарды. Аштық пен аурудан бұралып өлгендерді де көзі көрді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген емес пе, Ленинград үшін шайқастан соң кеңес əскерлері келіп, тірі қалған тұтқындарды еркіндікке жіберді. Соның алдында ғана ату жазасына кесілгендер ажалы жетпей аман қалған. Бұлардың ішінде Екатерина да бар болатын.

Ес жиып, еңсе көтерген кез – Содан пойызға мініп, елге қайтып келе жатқанбыз. Сол бір кезеңнің солақай саясатының салқыны шығар, пойыздағы жауынгерлер «Біз майданда Отан үшін, жер үшін, артта қалған ел үшін ерлік жасап, қан төктік. Ал бұлар сатқындық жасап, қара бастарының қамын ойлап, отырып шықты» дегендей, бізге жеккөрінішті кейіппен күдіктене қарайтын. Мұның өзі естерін енді жиып, елдеріне қарай бағыт алған жандарға оңай тимеді. Одан да өзекті өртеген өкініштісі, маңдай тіреп келген үйіміздің орнында күлінің қалғаны еді. Байқасақ, кейін шегінген кезде финдер тұрып жатқан баспаналары мен шаруашылықтарын өз қолдарымен өртеп, тып-типыл етіп кетіпті. Содан жерүйді паналауымызға тура келді. Бірнеше күн бойына нəр татпағасын аштықтан бұралып, денеміз ісіне бастады. Бұған шыдай алмаған əкем қалаға барып, ет консервілерін алып келіп, соны талғажау еттік. Одан ішіміз ауырып, өлуге қалдық. Мектебіміз біздің тұрған жерімізден 10 шақырымдай қашықта еді. Қыста аяғымызға шаңғы байлап алатынбыз. Төртінші сыныпты бітіргеніммен əрмен қарай жалғастыратын оқулықтарым болмады. Сөйтіп жүргенімде бір танысы əкеме «Ұнды ұнтақтап, нан пісіретін əйелге көмекшілікке адам керек» деп қолқа салыпты. Сөйтіп, нанымызды тауып, тамағымызды асырап, күнелтіп жүрдік, – деп есіне түсірді сол бір күндерді кейіпкеріміз.

Жар құшып, бала сүйген бақытты күндер Бұл отбасының көрген қиындықтары аз емес екен. Отағасын əлдекімдер басқа жаққа алып кетіп, жалдамалы жұмысқа жегеді. Сол уақытта отбасындағы оныншы бала, Катяның кішкентай бауыры дүниеге келген. Соғыстан соң да кірпіш зауытында, тағы басқа жерлерде жұмыс жасап, ауыр еңбектің зардабын тартады. Арасында сауда-саттықпен де айналысады. Бала күтуші болып істейді. Өзімен бірге туған сыңарының сəбиін бағуға да көмектеседі. Сол сыңарының жанында, жақын маңдағы асханада аспазшының көмекшісі болып жұмыс жасап жүргенінде осында тамақтануға бір топ əскерилер келеді. Олардың арасында болашақ жары да бар еді. Ол кезде Вагаф сол жердегі əскерилендірілген күзет бөлімшесінде қызмет атқаратын. Танысыпбіліскесін, көп ұзамай олар ерлі-зайыпты атанып, отбасын құрады. Бұл 1950 жылғы тамыз айының 13-і болатын. Бұлар Сібірде тұрып қалады. Шаңырақтарында Лидия жəне Анатолий есімді ұл мен қыз дүниеге келеді. Содан 1968 жылы, арада ширек ғасыр уақыт өткесін ғана ол отбасымен еліне, өзінің туған жеріне, Атырауына оралады. Осында келгесін кенже қыздары Лидия өмірге келеді. Тұңғыштары жастайынан қайтыс болғандықтан есте қалдыру үшін оның есімін кішкентай сіңлісіне қойған. Бүгінде Екатерина Серафимовна сол Лида қызымен, одан өрбіген немере-жиендерімен бірге Атыраудағы Нұрсая ықшамауданында тұрып жатыр. Ал Анатолий отбасымен Украинада қоныстанған. «Азаматымның арқасында атыраулық атандым» Айтпақшы, Абсатыров Вагаф Сарталыұлы осы өңірдің тумасы, біздің жерлесіміз. 1925 жылдың желтоқсан айында Құрманғазы ауданының Бұзаусылан ауылында дүниеге келген. Ата-анасы қарапайым еңбек адамдары, өзі отбасындағы төрт ұлдың үлкені, тұңғыш перзент екен. Əкесі өмірден ерте өтіп, шешесі денсаулығы болмағандықтан балаларын бағуға əлі келмейді. Соған байланысты олар балалар үйінде тəрбиеленеді. Сол мезгілде ағамыз он жаста болатын. 1943 жылы Гурьев жаяу əскер училищесін бітіріп, сол жерден соғысқа аттанады. Үшінші Украин майданының құрамында талай кескілескен шайқастар мен ұрыстарға қатысады. 1945 жылы соғыс аяқталғасын елге қайтпастан əскер қатарында қызметін жалғастырады. 1953-1955 жылдары сол кездегі КСРО ішкі істер министрлігінің Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы əскери-саяси мектебінде оқиды. Қарулы Күштер қатарында жоғары лауазымды қызметтер атқарады. Арада 25 жыл өткен соң подполковник шенінде еліне оралу бақытына ие болған Вагаф Сарталыұлы 2001 жылдың сəуір айында өмірден өтіпті.

 – Қазақта «Ер – туған жеріне…» деген нақыл сөз бар екен. Сол айтылғандай, Вагаф Сарталыұлы да өмірінің ширек ғасырын жырақта өткізіп, туған жеріне оралды. Оның өзі біздің қалауымызға емес, отағасының əскери қызметте болуына байланысты еді. Тілім келмегендіктен емес, жақсы көргендіктен еркелетіп ол кісіні өзім Володя дейтінмін. Айналамыздағылар да солай атайтын. Екеуіміздің өмірімізде де ұқсастықтар болатын. Мен он жасымда концлагерьге түссем, ол дəл сондай кезінде балалар үйіне қабылданған. Əкесінен ерте айырылып, шешесі аурулы болған. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартып, қиындықтың қамытын мойнына ерте киген. Бір сөзбен айтқанда, екеуіміз де өмірдің тəттісінен гөрі ащы дəмін көбірек татып өскен, зейнетінен гөрі бейнетін көрген жандармыз. Дəм айдап, осындай қойнауы құтты, адамдары ақжарқын да бауырмал, қарттары қазыналы елге табан тірегенімізде бауырына тартып, қатарына қосқан Атырау жұртына айтар алғысымыз шексіз. Менің атыраулық атануыма себепші болған əуелі құдай қосқан қосағым, қалаберді жергілікті халықтың кең пейілі деп санаймын. Аллаға шүкір, бүгінде бəрі де артта қалғандай. Уақыт – емші, бəрін ұмыттырады. Əйткенмен өткен өмірің жадыңда жатталып, жүректің түкпірінен өшпейтіндей орын алып қалады екен, – деп түйіндеді əңгімесін Екатерина əжей.

Дəулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз