ЕСКІРГЕН ҮЙДІҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ

терможаңғырту  бағдарламасының  аясында  қайтадан  ашылады

Облыстық әкімдікте өткен жиында қала және аудандардағы көп қабатты үйлердің жағдайы, оларды жөндеу мәселесі қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев төрағалық еткен басқосуға жергілікті коммуналдық шаруашылық саланың басшылары, пәтер иелері кооперативтерінің жетекшілері қатынасты.

 Бас  иесі жоқ  баспаналар

Бүгінде облыста 1486 көп қабатты үй бар. Оның көпшілігі ескірген. Күнделікті жамап-жасқаумен ғана тұр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы өкілдерінің айтуынша, жергілікті жердегі 51 көп қабатты үй апатты жағдайда деп саналады. Тұруға жарамсыздығы себепті оларды бұзу жөнінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының қорытындысы шығыпты. Соның дені Атырау қаласына тиесілі. Ескі тұрғын жайдың саны бойынша да «көшті» облыс орталығы бастайды. Баспанаға қатысты тағы бір проблема – аудандарда көп қабатты үйлерді күтіп ұстайтын пәтер иелері кооперативтерінің саны өте аз. Бары қолының қысқалығынан немесе жұмысты жүйелі жүргізе алмауынан қиын жағдайға түскен.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшаханов мынадай мәліметтерді жұртшылықтың назарына ұсынды: Атырау қаласындағы 922 көп қабатты үйдің 757-сіне түрлі серіктестік, кооператив, кәсіпкерлер қызмет көрсетеді. Алайда, қазіргі күні 165 үй иесіз қалып тұр. Жылыой ауданында да қамқорлықсыз қалған мекеннің саны осындай көлемде (165 үй). Баспаналар әзірге ешбір құрылымның қарамағына өтпепті. Иесіздік, өз кезегінде, үйлерді терможаңғырту бағдарламасы бойынша қолға алынған игі істерден шет қалдырады.

Алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев Жылыой ауданының коммуналдық шаруашылық басшыларын орындарынан тұрғызып, қазіргі жағдайды сұрады. Олардың әңгімелеуінше, жалпы саны 252 көп қабатты үй есепте. Соның 40-ы күрделі жөндеуді қажет етеді. Апатты жағдайдағы баспананың саны – 8. Жылыой ауданында қазіргі күні «Бекзат Құлсары», «Таза қала» деп аталатын екі пәтер иелерінің кооперативі құрылған. Ал, Құлсары қаласының 2-мөлтекауданындағы 10 үйге «Жылыой тазалық» ЖШС-і қызмет көрсетеді. Айта кетейік, бұрын мұндағы кооперативтің саны 23-ке жетіпті. Шаруаларының қожырауынан оның көбі жабылып тынған.

Қолбайлау жайлар  көп

Еліміз бойыншақолға алынған терможаңғырту бағдарламасы қордаланған мәселелердің біркелкі шешілуіне шындығында да себепші болды. Дегенмен, бұл бағытта кездесіп отырған проблема да аз емес. Жоғарыда аталғандай, кейбір үйлер пәтер иелері кооперативтерінің иелігіне өтпеген. Бары құжат жасақтауда кедергілерге тап келіп жатқан көрінеді. Мәселен, Жылыойдағы көп қабатты үйлердің төртеуі ғана әділет департаментіне тіркеліпті. Бұл – жергілікті барлық баспананың 2 пайызы ғана.

 Бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып жатқан бағдарламаны жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарындағы кемшілік облыстың қалаларымен қатар, аудандарына да тән. Ақиқатында, халық ертеңгі күні сұрауы бар мемлекеттің мол ақшасының қайда, қалай жұмсалатындығына күмәнмен қарайды. Оны ашып айтып, түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Жиында «Жылыой тазалық» ЖШС басшысы Бауыржан Әбдірахманов «тұрғындардың арасында керітартпалар бар» деп қалды. Керісінше, ол мұның себебін үгіт-насихат шараларының нашарлығынан, кейбір үйлерді жөндеудегі жұмыстың сапасыздығынан іздегені жөн болар еді.

Пәтер иелері кооперативтерінің жоқтығы Исатай ауданы басшылығын да алаңдатып отыр. Аудан әкімінің орынбасары Артур Қуанышкереевтің баяндауынша,  терможаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында кооператив құрмаққа ұмтылып, бірнеше рет тұрғындарды жинаған. Дегенмен, нәтижесі болмапты. Жалпы, мұндағы 32 көп қабатты үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Үш үй апатты жағдайда деп саналады, бірақ, оған қатысты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының қорытындысы шықпаған.

Мақат ауданында да коммуналдық саланың проблемасы жетіп артылады. Мұнда қазір екі пәтер иелері кооперативі жұмысын жүргізіп отыр. Әйткенмен, олар жергілікті көп қабатты үйлердің бәрін қамти алмайды. Сол себепті 71 мекеннің тұрғындары қиналған сәтте кімге барып көмек сұрайтынын білмейді. Аталған аудан әкімінің орынбасарлығы қызметіне Бауыржан Тұхфатовтың кірісіп жатқандығын естіп білдік. Ол бұған дейін Жылыой ауданында болыпты. Сондықтан, облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Жұмашұлы оған үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді.

бережақ бастан  асады

Пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрайымы Гүлнар Салықова коммуналдық шаруашылық саласындағы түйінді мәселелерді тарқатып айтып берді. Оның баяндауынша, Атырау қаласында кооперативтің қарамағына кіргісі келмейтін иесіз үйлер көбейіп келеді. Мұнда қоныстанған тұрғындарға қажетті шара алмай болмайды. Олар қалтасынан ақша шығарып, ортақ мақсатқа жұмылғысы келмейді екен. Солай дегенмен, жарығы жанбаса, жылуы жүрмесе, жан-жаққа шағымданып, дау қуады.

– Көп жағдайда пәтер сатылғанда оның иесі кооперативке бережағын төлемей кетеді. Нотариус оның қарызы бар-жоқтығын растайтын анықтама сұрамайды. Шындығында, баспананың жаңа қожайынының бұл бережақты төлемеуге құқығы бар, – деді ол.

Айтпақшы, қауымдастық төрайымы үйге қызмет көрсеткені үшін тұрғындар әлі күнге үйдің 1 шаршы метріне 25 теңге төлеп келе жатқандығын қайталап айтып отырды. Оның пікірінше, бұл соманың көлемін алдағы уақытта көтеру қажет. Әйтпесе, қазіргі бар пәтер иелерінің кооперативтері қызметкерлеріне жалақы бере алмай, күндерін көре алмай, таратылып тынады. Терможаңғырту бағдарламасының аясында тозығы жеткен тұрғын үйлерді қайта жөндеуді мақсат етсек, бұған жол беруге болмайды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз