Жарнама
Қоғам

«Ескінің сарқыншағы ғой…» Ата-баба дәстүрі неге бағаланбайды?

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы, ырым-тыйым, мұның бәрі қазақ халқының рухани байлығы мен мәдени болмысының айнасы. Осындай ұлттық құндылықтардың сан алуандығы мен тереңдігі халқымыздың өркениетін даралап көрсетеді. Бұл мұра елдің тұрмыс-тіршілігі мен рухани тынысын айқындайтын, ұлттың қадір тұтатын қасиетті негізі, ата-бабалар мен кейінгі ұрпақты жалғап тұрған алтын көпір іспетті.

Ерте замандардан бері бала бойына осы рухани тағылым ана сүтімен бірге сіңіп, тәрбиенің түп қазығына айналған. Алайда қазір жастардың көбі ата-баба дәстүрін бағаламай, оны «ескіліктің сарқыншағы» деп қабылдайды. Олар заман ағымына сай кейбір салттардың өміршең еместігін алға тартады. Көмескі тартқан осы әдет-ғұрыптардан бас тарту дұрыс па, әлде халық болып өркендеуімізге негіз болған мәдениетімізді қайта түлетуіміз керек пе?

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»

Салт-дәстүрлердің адамзатқа берер пайдасы мол. Айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген сөзі осының айғағы.

Бабаларымыз тәрбиенің кілтін дәстүрмен ұштастырған. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық кейінгі ұрпаққа тура жолды нұсқап, жөн-жосықты үйретіп, ел қамын ойлауға, мәрттік пен ерлікке, қамқорлық пен адалдыққа, жомарттық пен адамгершілікке, имандылық пен әділдікке баулыған. Осындай қасиеттер ұлағатты ұл мен инабатты қыздың бойына дарып, олардың теріс жолға түспеуіне бағыт беріп отырған.

Мәселен, біреудің басына бақытсыздық түсіп, үй-жайы мен мал-мүлкінен айырылғанда ауыл-аймақ, ағайын-туыс бірлесе көмек көрсететін «жылу жинау» дәстүрі халықты бірлікке үндейді, ауыр жағдайдан тез шығуға жәрдемдеседі. Ал ауылға жаңадан қоныс аударған адамға табақ тарту, қонақасы беру арқылы ізет білдіретін «ерулік беру» салты –  бауырмалдық пен қонақжайлылықтың көрінісі, жаңа ортаға бейімделуге жәрдемдесетін тәрбиелік мәні зор жоралғы. Сондай-ақ көктемде алғаш күн күркірегенде босағаға ағаш шөміш тигізетін «шөміш қағу» дәстүрі табиғатты қастерлеуге, жаратылыс пен адам арасындағы үйлесімділікті сезінуге шақырады.

«Халықты қадірлеу – салтты қадірлеу», «Халқың дана болса, салтың сара болады», «Дәстүрі жараспағанның дәм-тұзы жараспайды», «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деген халық даналығы қазақтың өмір салты мен наным-сенімдерінің тереңдігін көрсетеді. Академик Әбдімәлік Нысанбаев та: «Мәдениет пен ғылым саласында қоғам құндылықтарының ықпалы артып отыр. Қазақ ұлтының дәстүрлі құндылықтары мен өзіндік мәдени мұраттары қатты қысымға ұшырауда. Сондықтан біз рухани мұраны сақтап қалуға талпынуымыз керек»,- деп атап өткен болатын.

Ұмытыла бастаған ұлттық қазына

Қазақ халқының жадынан көмескі тартып бара жатқан дәстүрлері мен ырымдарын еске түсірсек, ұлт мәдениетінің терең тамырынан сыр шерткен ғұрыптардың көпшілігінің ұмыт бола бастағанын байқаймыз. Бұрынғы алтыбақан мен ақсүйек сияқты ойындарды айтпағанда, азды-кемді білетінімізбен, кейбір салттардың мән-мағынасын қазіргі буын біле бермейді. Мысалы, «дәмету» деген ырымды көп адам естімеген болуы мүмкін. «Дәметкен сары майдан кеудең құрысын» деп келетін халық әніндегі бұл ұғымның астарында үлкен тәрбие жатыр.

Ертеректе жас келіншектер мен балалар ата-анасы немесе енесі қонақтан келсе, дәметіп отыратын дәстүр болған. Әсіресе, жас келін дәметсе, оның меселін қайтару әдепсіздік саналыпты. Сол себепті аналар мен әжелер қалтасына тәтті дәмін салып, жас келіндері бар үйлерге келгенде кәдесін беріп, ризашылығын білдіріп отырған.

Сол сияқты бүгінде көп айтыла бермейтін ғұрыптардың бірі – «күйеу аяқ». Бұл дәстүр бойынша жас жігіт қалыңдығын алған соң енесін құрметпен өз үйіне апарып салады. Сол сапардан кейін ата-енесі күйеу балаға ірі мал немесе бағалы сый береді. Ал «түйемұрындық» салты – ұзатылып бара жатқан келіннің көшіне жолай кездескен ауыл адамдарының керуеннің ноқтасы мен бұйдасынан ұстап, кәде сұрау дәстүрі. Қыз анасы оларға кәдесін жасап, ал батагөй қариялар «жолы болсын» деп тілек айтады.

Тағы бір байырғы дәстүр – «қапқа салар». Қалыңдығын алуға келген күйеу барлық жөн-жоралғысымен, сый-сияпатымен келеді. Қыз әкесі құдаларға кит кигізіп, күйеу баласына ерекше сый ұсынады. Бірақ ол кәдімгі кит емес, «қапқа салар» деп аталады. Мұның орнына бағалы киім, ер-тұрман, мал немесе қымбат бұйым берілуі мүмкін. Бұл қайын атаның мәрттігі мен дәулетіне, абыройына байланысты жасалатын салт.

Сондай-ақ «атбайлар» дәстүрі де ұлт тұрмысында айрықша орын алған. Оның екі түрі бар. Біріншісі – жас отаудың шаңырағы көтерілгенде ағайын-туыс келіп, шашу шашып, бата беріп, жылқы байлауы. Бұл «атбайлар» деп аталады. Ал екіншісі – кәде түрі. Құдалар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде жеңгелер олардың алдынан шығып, аттарын байлап, кәде сұрайды. Осы рәсімнің жалғасы ретінде күйеу жігіт некеден кейін ата-енесінің үйіне арнайы барып, өз орнын табуға, елдің ықыласын алуға тиіс. Бұл жолы да ол әзілқой жеңгелердің сынағына түсіп, сөзге шешендігі мен мінезін көрсетеді. Мұндай рәсім ауылдағы думанды жиындардың бірі болған.

Қазақтың қалыңдық пен күйеу арасындағы құрмет пен сыйластықты көрсететін тағы бір ғұрып – «жігіт түйе». Бұл – күйеу жігіттің енесіне «сүт ақы», ал қайын атасына «жігіт түйе» сыйлау дәстүрі. Күйеу түйе, киім немесе қымбат бұйымдар әкеліп, батасын алған.

Сонымен қатар бүгінде мүлде естілмейтін бір әдемі ырым – «жарысқазан». Бұл дәстүр жүкті әйел босанар сәтте жасалатын болған. Қасында отырған келіншектер тамақ дайындап, оны тез пісіріп бітіруге тырысады. Халық түсінігі бойынша, сол сәтте туатын бала да жарысып, өмірге ертерек келуге ұмтылады деген сенім бар. Бұл ырым өмір мен аналық мейірімнің, ынтымақ пен шынайы жанашырлықтың тоғысқан көрінісі іспетті.

Қазақтың бұдан басқа да салт-дәстүрі, ырымдары аз емес. Бұлардың көпшілігін білмейтін, мүлде сақтамайтын болдық. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпсыз ел әдепсіздік пен берекетсіздікке салынады. Сондықтан ел абыройын бір сүйемге жоғарылататын, барлық дерттен тазартатын шипалы ем секілді пайдалы, озық салт-дәстүрлерді сақтауда әр адам енжарлық танытпауы тиіс. Ал осы ғасырдың талаптарына сай келмейтін ырым-тыйымдардың жойылуы жүрекке шаншудай қадалса да, бұл өсиеттер «ұмытылуға тиіс дәстүрлер» кемесіне мініп, «тарих» теңізінде жүзе береді. Әрине, бұл сөзімізге көпшілік «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп ақталуы мүмкін. Десе де, қазақы қалпынан айырылып, батыстық той үлгілерімен мейман күту орынсыз, қалай десек те. Сондықтан да ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, ұлықтағанымыз жөн болар.

Салтқа да сақтық керек

Бір танысымның әңгімесі көпке дейін ойымнан кетпеді. Ол көршісі Ерланның басынан өткен бір тосын әрі қайғылы жайтты баяндап берді. Ерлан жақында қайын жұртына қонаққа барып, салт-дәстүрі сақталған, думанды сүндет тойға қатысыпты. Қазақы жөн-жоралғысы мен қонақжайлығы жарасқан ауылдың берекелі көрінісіне тамсанып жүрген ол, сол сапарында күтпеген оқиғаның куәсі болған екен.

Оның айтуынша, Ерлан бармай тұрып, бір апта бұрын сол ауылдың тұрғынына Тараздан бұрын институтта бірге оқыған ескі досы қонаққа келіпті. Отыз жыл көріспеген қос дос сағынысып, қуанышын бөлісіп, ағайын-туыстарды шақырып, қой сойып, үлкен дастарқан жаяды. Әңгіме арасында бірі бойдақ ұлын, екіншісі тұрмыс құрмаған қызын айтып, көңіл көтеріп отырып «құда болайық» деп әзіл-шынын араластыра уағдаласқан.

Көңілді отырыстың қызған шағында үй иесі қазақы дәстүрмен құрмет көрсетіп, қонағына қойдың басын тартады. Ет желініп болған соң, ол салт бойынша досына ет асатпақ болады. Қолына майлы ет пен құйрықты алып, «құдеке, міне, дәм татыңыз» деп алақанына салып, аузына апара бергенде, қонағы қарсыласып үлгермей, етпен бірге жасанды тісі өңешіне түсіп кетеді. Бір мезетте қақалып, демі тарылып, сұлқ құлап түседі. Әбігерге түскен үй иесі дереу «Жедел жәрдем» шақырғанымен, бәрі кеш еді. Протез тіс өңешін бітеп, қонақ сол жерде тұншығып көз жұмады.

Ерлан бұл оқиғаны естігенде қатты толқыпты. «Жақсылық жасаймын деген адамның адал ниеті осылай қайғыға айналды» деп күрсінді дейді танысым. Шынында да, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, кейбір ғұрыптарды заманның жағдайына қарай орындай білу – даналықтың белгісі. Бүгінде адамдардың денсаулығы әлсіз, түрлі дерт жиілеген шақта, әр ісімізге сақтықпен қараған абзал.

Иә, «Жазым болса – быламыққа да тіс сынады» демекші, мезгілсіз келген ажалға дауа бар ма?    

Сіз не дейсіз?

Мәнсия Қажетова, білім саласының ардагері:

Бұл не деген сорақылық?

Мен жетпістен асқан шағымда ел ішінде бұрынғы мен бүгінгінің арасы қалай алыстап бара жатқанын көріп, кейде жүрегім ауырады. Жақында бір тойда құда мен құдағайды бір көрпенің астына салып, «дәстүр» деп көрсеткенін көріп, төбе шашым тік тұрды. Бұл не деген сорақылық? Мұндай әдет қазақ халқында ешқашан болмаған. Мұны кім ойлап тауып, не үшін халқымыздың қасиетті салтын мазаққа айналдырып отыр?

Біздің дәстүр – ұят пен ізеттің, ар мен инабаттың айнасы. Қазақ ешқашан үлкен мен кішінің арасындағы шекараны бұзған емес. Құда мен құдағай – екі әулеттің сыйластығын нығайтатын тұлғалар. Оларды бір көрпенің астына салу – халықтың салт-санасына, ұлттық болмысына жасалған қиянат. Мұндай ұятсыздыққа «дәстүр» деп ат қою – өткен ұрпақтың рухын қорлау, кейінгі буынды адастыру.

Біз ата-баба аманатына адал болуымыз керек. Дәстүр деген – киелі ұғым. Ол адамды тәрбиелейді, мәдениетке жетелейді. Ал мұндай жасанды «дәстүрлер» ұлттың беделін түсіріп, ұрпақтың санасын улайды. Балалар ондай көріністі көріп өскен соң, ертең ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін қалай ажыратады?

Сондықтан, меніңше, халық болып мұндай бұрмалаушылыққа жол бермеуіміз керек. Дәстүрді дәріптейміз десек, оны мән-мағынасымен, шынайы түрімен көрсетуіміз қажет. Қазақтың салты – тектілік пен парасаттың символы, оны ойын-сауыққа айналдыру – ұлтқа сын.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Сурет ашық дереккөзден алынды

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button