ЕСІРТКІГЕ ЕЛІТПЕСІН ЖАС ӨСКІН!..

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – нашақорлық пен есірткі саудасына қарсы күрес және есірткі тұтынуды, оның таралуы мен заңсыз айналымын тоқтату. Сондай-ақ, нашақорлыққа байланысты қылмыстылық пен құқық бұзушылықты қоғам үшін ең төменгі қауіптілік деңгейіне дейін кезең-кезеңімен қысқарту. Осы мақсатта аймақта қандай шаралар жүзеге асуда ?

 

Облыстық әкімдікте өткен мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі Ведомоствоаралық штабтың отырысында аталған мәселе төңірегінде келелі әңгіме өрбіді.
Жиынды облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Игілік Әубәкіров ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде есірткі бизнесінің қай елде болмасын тұтынушыларға, әсіресе, жастарға тигізер зияны орасан екенін, адам өміріне үлкен қауіп тудыратынын жеткізді. «Осыған орай оның алдын алу шаралары ұдайы жүргізіліп отыру керек» деген ол жиынға қатысушылардың баяндамасына баса көңіл бөлді.
«Қазіргі уақытта облыстық наркологиялық диспансерінде 761 адам тіркеуде тұрса, есепті мерзім ішінде 112 адам есепке алынды» дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова. – Олардың барлығы үнемі әкімшілік полиция бөлімінің назарынан тыс қалған емес. Учаскелік полиция инспекторларымен тексеру шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар, сот органдарынан келіп түскен үкімдер мен қаулылар негізінде 59 айғақты есірткі заттары алты рет комиссия құрамымен жойылды», – деген ол есірткі мен нашақорлықтың алдын алуда ұйымдастырылып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, қала көлемінде есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты 111 қылмыс тіркелген.
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметов та осы бағытта аудан көлемінде жасалып жатқан жұмыстар барысына тоқталды. «Есірткіге қарсы күресте салауатты өмір салтын қалыптастыру – басты міндет. Осы орайда өткен жылы оқушылардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау үшін төрт мектеп жанынан спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілді. Аудан мектептерінде барлығы 26 спорт секциясы жұмыс жасайды. Нашақорлықтың алдын алу бағытында тоғыз ай ішінде дәрігерлермен 62 дәріс оқылып, өзге де семинар, жиындар ұйымдастырылып жатыр» деген ол есірткі мен нашақорлыққа байланысты қылмыс аудан көлемінде әзірге тіркелмегенін айтты. Десек те, қылмыстық жаза қолданатын әрекет белгілері жоқ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды өткізу, дайындау, қайта өңдеу, иемдену бойынша тіркелген істер кездескенін жеткізді.
Нашақорлықпен бүкіл қоғам болып күресу қажет. Оның адамзат ұрпағының басты проблемасына айналып отырғанын кейінгі ұрпаққа түсіндіру, жастардың бос уақытын мәнді өткізуге бағыттау, халық арасында салауатты демалу жүйесін дамытуда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу міндетті. Бұл ретте Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы да өз үлесін қосудан кенде емес. Жиын үстінде аталған мекеме басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Нысанғалиев ағымдағы жылдың тоғыз айында жасалған жұмыстар легін атай келе, мемлекеттік органдармен байланысты әлі де арттыратынын жеткізді. Есепті мерзімде 36 шара өткізілген. Сондай-ақ, жастар арасында 475 өнер үйірмесі жұмыс жасап келеді. Осы орайда айта кетерлігі, әр жұмыстың санына емес, сапасына баса көңіл бөлген жөн.
Салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың алар орны ерекше. Аймақта спорт саласында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы міндетін атқарушы Асан Раушанов мәлімдеді.
Жиын соңында ұсыныстар айтылып, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Төлеген Берішбай аталған мәселенің алдын алуда арақ пен темекі бағасының да қымбаттауы жастарға одан сайын кері әсерін тигізуі ықтимал екенін алға тартты. «Егер баға асқақтаса, жастар ұрлыққа бейім болып, түрлі ащы шөптерге әуестеніп кетуі мүмкін. Сондықтан, бұл мәселені басқа жолмен шешу үшін Үкіметке ұсыныс берген жөн» деді ол.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз