ЕСЕБІ ТҮЗУДІҢ ЕСЕСІ КЕТПЕЙДІ

Статистика күні қарсаңында игеріліп жатқан жұмыстармен танысып, салада қандай өзгерістер мен жаңалықтар болып жатқанын білмек ниетте Атырау облысының Статистика департаментінің басшысы Галя Мұханғалиеваны сөзге тарттық.

– Атырау аймағының санақ жұмысы қай кезеңде басталды?

– Гурьев уезінің статистика бюросы өз жұмысын 1920 жылғы маусым айында бастады. 1928 жылдың 28 маусымында Гурьев округтік статистикалық бөлімі болып қайта құрылды.

– Тәуелсіздік жылдары санақ жұмысын жақсартуда қандай маңызды бағдарламалар жүзеге асты?

– 1992-2008 жылдар аралығында Ұлттық статистика жүйесі құрылып, экономикалық байланыс, төлем балансы, баға, үй шаруашылығы салалары пайда болды. Жеке кәсіпкерлерді тіркеу, кейінірек ауылшаруашылық құрылымдары мен тұрғын үйлерді тіркеу жүргізілді.

2006-2007 жылдардағы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы ерекше орын алды.Ол өсімдік және мал шаруашылығы салалары бойынша өткізілді. Ауыл шаруашылығы санағының нәтижесінде аграрлық саланың жай-күйі туралы егжей-тегжейлі және объективті көрініс пайда болды, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері, олардың аграрлық және жер реформаларын өткізумен байланысты әлеуеті, елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің әрбір санатының рөлі туралы толық деректер алынды.

Тағы бір ауқымды жұмыстың бірі – бұл 2009 жылы өткізілген Ұлттық халық санағы. Оның мақсаты елдің әрбір өңірі бойынша халықтың құрамы, әлеуметтік және экономикалық сипаттамалары туралы деректерді жаңарту болып табылды. Санақ өткізу барысында республиканың әрбір тұрғынына оның білімі, статусы, отбасы құрамы, жасы, дінге сенушілігі, тұрғын үй сипаттамасы және басқа да көрсеткіштер туралы сұрақтар қойылды.

– Енді қазіргі жұмыс барысы қалай жүруде, соған қарай ойыссаңыз?

– Қазір Атырау облысының Статистика департаменті ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің аумақтық органы болып табылады. Бүгінде мұнда 101 адам қызмет етсе, бәрі де жоғары білімді мамандар, оның 85 пайызы әйел адамдар. Департаменттің құрылымы 12 салалық және 7 аудандық статистика басқармаларынан тұрады.

– Қызмет көрсетуде енгізіліп жатқан жаңашылдықтар, өзгерістер бар ма? Мемлекеттік статистика жүйесін дамытудағы қазіргі басым бағыт қандай?

– Жұмысты барынша оңтайландыру үшін мемлекет тарапынан талай заманауи ұсыныстар қаралып, техниканың соңғы өзгерістермен жасалған бағдарламалар енгізіліп жатыр. Статистика органдарының негізгі миссиясы – қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа қажеттілігін қанағаттандыру. Бүгінгі күні, осы тоқсан сайынғы зерттеуге облыста 562 жанұядан 1700-ден астам адам қатынасып отыр. Бұл арқылы жедел статистикалық ақпараттар алынып отырылады.

Биыл зерттелетін үй шаруашылықтарының саны 10 есеге көбейіп, 5774 жанұяны құрады, оның ішінде 1760-ы қалалық, 4014-і ауылдық жерлерде. Яғни ай сайын 481 үй шаруашылығы зерттеуден өтіп отырады. Зерттеу нәтижелері жұмыспен қамтылғандар мен жұмыссыздардың санын, оларды жынысына, жасына, біліміне, жұмыспен қамту санатына және басқа да өлшемдер бойынша бағалауға мүмкіндік береді.

Ал, «Деректерді он-лайн режимінде жинау» ақпараттық жүйесі арқылы биыл респонденттерге 120-дан астам статистикалық нысандарды он-лайн режимде тапсыру қолжетімді болды. Статистикалық жарияланымдардың электрондық нұсқалары Статистика комитетінің www.stat.gov.kz және Статистика департаментінің www.atyrau.stat.kz интернет-ресурстарында барлық пайдаланушылар үшін шектеусіз және ақысыз негізде қолжетімді.

– Дүние жүзі елдерімен қандай халықаралық байланыстар орнатылған?

– Көптеген елдердің халықаралық статистика кеңселерімен белсенді ынтымақтасу, халықаралық тәжірибе енгізу мақсатында Дүниежүзілік Банкпен бірлесе отырып, 2012-2016 жылдарға арналған Қазақстанның ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба іске асты. Бүгінде бас серіктес ретінде Германияның Федералдық статистика офисі (Дестатис) анықталды. Сондай-ақ, аталмыш консорциумның құрамына Оңтүстік Корея, Ресей, Словакия, Чехия және Финляндия мемлекеттерінің статистикалық қызметтері де кіреді.

Шетелдік статистикалық ұйымдардың сарапшыларының қатысуымен өтетін оқыту семинарларында деректерді өңдеу процесін жылдамдату, компьютерлік жабдықтау мен бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту, қолданыстағы коммуникациялардың корпоративтік желісін жақсарту, статистикалық тіркелімдер жүйесі сияқты мәселелер талқыланады. Қазіргі таңда Қазақстандағы статистикалық жүйе жоғары халықаралық стандарттарға сай келеді.

Республиканың маңызды ұлттық институтына айналған статистика органдары барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің, қоғамдық институттардың ресми көрсеткіштерге деген сұранысын толығымен қанағаттандырып келеді. Тағы бір жаңалық ретінде 2012 жылы бізде Сапа менеджменті жүйесі енгізіліп, ұлттық стандартқа сәйкестікті растау органдары сертификат тапсырды.

– Алдағы міндет, жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Комитет мемлекеттік статистикаға сенім деңгейін арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады, 2018 жылға қарай статистикалық ақпаратқа пайдаланушылардың сенімділік деңгейін 80% дәрежесінде сақтау жоспарлануда. Салыстырып айтсақ, 2010 жылда аталған көрсеткіш – 72%, 2011 жылы – 79,6%, 2012 жылы – 80%,2013 жылы 80,8%-ды құраған.

Алдағы уақыттағы ең ірі ауқымды шаралардың бірі ретінде мен 2016-2017 жылдары өткізілетін Ауыл шаруашылығы санағын атар едім. Бұл тәуелсіздік алғаннан бергі екінші мәрте өткізілгелі отырған Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті төрағасымен «Ауыл шаруашылығы санағына дайындық және оны өткізу бойынша 2015-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілген.

Одан басқа келер жылы жүргізілетін ірі шара мульти-индикаторлық кластерлік зерттеудің 5-раундын өткізу. Аталмыш зерттеуді ұйымдастыру және өткізу мақсатында Статистика комитеті, ЮНИСЕФ және ЮНФПА арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.

– Қызметтеріңізді тұтынып отырған мекемелер мен ұжымдарға, жеке азаматтарға айтарыңыз бар ма?

– Заңнамаға сәйкес, респонденттерден, үй шаруашылықтарынан олардың табыстары мен шығындары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді ақылы және ақысыз негізде аламыз. Осы ретте, ұйымдар мен мекемелерден дәйекті де сапалы ақпарат ұсынуды, үй шаруашылықтары өкілдерінен статистикалық байқауларға белсене қатысуын сұрар едім.

Биыл облыс бойынша барлығы 5000 статистикалық нысан электронды түрде ұсынылған. Ал, әр есепті жылда шамамен жүз мыңдаған есеп тіркелсе, бұл мардымсыз көрсеткіш. Сондықтан, мекемелер мен ұйымдар заманауи технологиямен, электронды бағдарламалармен жұмыстанса екен.

Сондай-ақ, 2014 жылдың 5 шілдесінде ҚР-ның «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» жаңа Кодексі қабылданғандығын, оған сәйкес алғашқы статистикалық деректерді ұсынбау, дәлелсіз мәлімет беру үшін қаралған әкімшілік айыппұл мөлшері ұлғайтылды. Кодекс нормалары жаңа жылдан бастап күшіне енеді. Енді статистикалық жарияланымдарды тарату тек электронды түрде ғана жүргізілетін болады.

– Әріптестеріңізге жолдар мерекелік тілегіңіз болса..

– Статистика саласында тер төгіп еңбектеніп жатқан барша әріптестерімді,сала ардагерлерін санақшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел игілігі жолындағы еселі еңбек биік сатылардан көрінсін. Біздер санап, таразылайтын еліміздің байлығы мен дәулеті еш уақытта ортаймасын!

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз