Жарнама
Қоғам

Ер есімі – ел есінде

Атырау қаласында ішкі істер органдарының ардагері, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, ішкі қызмет полковнигі Жұма Медетовтың тұрған үйіне арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Атырау облысы Полиция департаментінің басшылық құрамы, ардагерлер, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Жұма Медетов 1920 жылы 1 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданына қарасты Төлен ауылында дүниеге келген. Балалық шағында жетім қалып, Орал балалар үйінде тәрбиеленген ол еңбек жолын ерте бастап, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті.

1940 жылы өз еркімен Қызыл Армия қатарына шақырылып, жауынгерден бастап рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасарына дейін көтерілген. Ұлы Отан соғысы жылдары Орталық, Украин және Беларусь майдандарында шайқасып, Қырым, Украина, Беларусь және Шығыс Пруссияны азат етуге қатысқан. Соғыстың соңында жараланып, 1946 жылы елге оралған.

Соғыстан кейін Жұма Медетов ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етті. Қарағанды, Жезқазған және Гурьев (қазіргі Атырау) облыстарында түрлі жетекші қызметтер атқарды. Өмірінің соңғы жылдары облыстық ішкі істер басқармасына қарасты еңбекпен түзету мекемелерінде басшылық қызметте болды.

Ерліктері мен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Георгий Жуков» медальдарымен және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

–Ол қарапайым, байсалды жан еді. Адалдығы, тазалығы бір бөлек болатын. Қан майдан, сұрапыл соғыс турлаы айтқанды ұнатпайтын. Жастар Ұлы Отан соғысы туралы сұрай қалғанда «Соғыс болмай-ақ қойсын, сендер оны көрмей-ақ қойыңдар! Бейбіт елді тыныштықта өмір сүргенге не жетсін?! Жұма ағамыз облыстық ішкі департаменті басшысының орынбасарына дейінгі лауазымға көтерілсе де, ол өзінің қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен бәріміздің есімізде қалды. Ол бізді Отансүйгіштікке, тазалыққа, адалдыққа тәрбиелеген адам,- дейді облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы, ішкі істер органдарының зейнеткері, полковник, Мәлік Әбілқайыров.
Мемориалдық тақтаны салтанатты түрде ашу құрметі Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерлан Бигамбаевқа ұсынылды.
Сондай-ақ, шара барысында Жұма Медетовтың қызы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері Раушан Жұмақыы сөз алып, игі іске мұрындық болған облыстық полиция департаментіне алғысын білдірді.
Бұл тағылымды шара — ел қорғаған ердің есімін ұлықтау, кейінгі ұрпақтың жадында сақтау және ішкі істер саласында адал қызмет еткен азаматтардың еңбегіне құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button