Жарнама
Қоғам

Еңбек қадірін түсінген елдің болашағы жарқын

Президенттің биылғы Жолдауында айтылған еңбек пен білімге қатысты мәселелер біз, жастар үшін ерекше маңызды. Расында, еліміз қазір білім мен ғылымға, инновацияға сүйенген жаңа экономикалық модельге көшіп жатыр. Мұндай жағдайда әр азаматтың қоғамдағы өз орнын табуы, нақты салаларда адал еңбек етуі – ел дамуының басты алғышарты.

Қазір көпшілік жоғары білім алуды өмірлік мақсат санайды, бірақ шын мәнінде елге ең қажеттісі – нақты өндіріске, ауыл шаруашылығына, құрылыс пен техника саласына бет бұрған білікті мамандар. Президент айтқандай, елімізге «сапасы жоғары адами ресурстар» керек. Яғни өз ісін шебер меңгерген, кәсібіне адал, елге пайда әкелетін азаматтар қажет.

Менің ойымша, жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру үшін мемлекет те, қоғам да бұл саланың беделін көтеруге күш салуы керек. Ең алдымен, еңбек адамының жалақысы мен әлеуметтік жағдайы әділ бағалануға тиіс. Сонда ғана жастар шын мәнінде кәсіби жолды таңдап, өз еңбегіне мақтанышпен қарай алады.

Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – өте орынды шешім. Бұл бастама қоғамдағы еңбек мәдениетін жаңғыртуға, өндіріс саласына жаңа серпін беруге бағытталған. Себебі бүгінде елімізде мыңдаған бос жұмыс орны бар, ал сол орындарды көбіне шетел азаматтары иеленіп отыр. Бұл жағдай өз еліміздің жастарына ой салуы керек.

Мемлекет жыл сайын инженер, құрылысшы, агроном сияқты маңызды мамандарды даярлауға үлкен қаржы жұмсайды. Бірақ, өкінішке қарай, олардың көбі алған білімін өз саласында қолданбайды. Бұл – ел үшін де, жеке адам үшін де тиімсіз. Өйткені нағыз жетістік – өз мамандығын сүйіп, ел игілігіне қызмет етуде.

Сондықтан менің ойымша, әр жас өз болашағын нақты еңбекпен байланыстыруы керек. Мемлекет болса, олардың кәсіби дамуына, лайықты табыс табуына, отбасын асырап, елге қызмет етуіне барлық жағдай жасауы тиіс.

Бүгінгі ұрпақтың қолында – ертеңгі елдің күші. Сол себепті еңбекке адалдық пен кәсібилікті дәріптеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. «Жұмысшы мамандығы» деген ұғымды құрметтеу – елдің болашағына құрмет білдірумен тең.

Бекзада МЕҢДЕКЕНОВА,

«Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы директорының уақытша міндетін атқарушы, педагогика ғылымдарының магистрі

Исатай ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button