
Еңбек еткенді ел сыйлайды
Елордамыз Астана төрінде 2015 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдар форумы өткен болатын. Сол форумда «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты өте маңызды құжат қабылданды. Аталған құжаттың аты айтып тұрғандай, әрбір мұсылман баласының қоғамда тұлғалық бейнесі қалыптасуы керек екенін айқындау еді.
Мұсылман – жүрегі таза адам
Құжаттың кіріспе сөзінде: «Қазіргі таңда тұрғындардың, әсіресе жастардың арасында исламға деген қызуғышылық артуда. Бұл – қуантарлық жайт. Алайда, кейбір мұсылмандар бір ісін ұқыптылықпен атқарса, екіншісіне немқұрайлылық танытуда. Шынайы мұсылманның өмірі мен мінез-құлқы үйлесімділікке толы, имандылыққа, адамгершіліктің биік шыңына негізделеді. Қоғамымызда соған себеп болатын мұсылманның сапасын арттыратын әрі дұрыс жолмен жүруге бағыт-бағдар беретін, шынайы мүміннің келбетін бейнелейтін көптеген сипаттар бар. Атап айтатын болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани асқақ, биік тұлға»,-делінген.
Мұсылманның тұлғалық бейнесі қалыптасу үшін ең бірінші жүрегіндегі сенімі дұрыс болуы керек. Дұрыс сенім ғана адам баласын түрлі адасушылықтан, теріс ағымдарға еріп кетуден сақтап, өміріне қорған болады. Мұсылман адам мұнымен бірге пайдалы білім иесі болуы қажет. Не нәрсеге де жетелейтін, жетістікке жеткізетін білім мен ғылым ғана.
«Білім алу, талап ету – әрбір мұсылманға парыз» делінген хадисте. Бұл жердегі білім тек шариғи ілім алу ғана емес. Дүниенің де, ақыреттің де ілімін қатар ұстаған адам ғана ұтылмайды. Өзгеден оқ бойы озық тұруымызға жол ашатын байлығымыз – ілім-білімге деген шексіз құштарлық қана. Білімді адам сан мыңдаған белесті бағындырады, асулардан асады. Пайдалы білім адалдан нан табуға жетелейді. Әлемнің озық ойлы адамдарымен білімді адамның терезесі тең тұрады.
Пайдалы азамат болу – дініміздің әмірі
Сенімі дұрыс, терең білімге ие болған адам өзінің туып өскен отанын жақсы көреді. «Отан – отбасынан басаталады» деген сөз жай айтылмаған. Отбасын қалай жақсы көрсе, Отанын да дәл солай жақсы көріп, өсіп-өркендеуіне білімімен, еңбекқорлығымен, адалдығымен өзінің сүйіспеншілігін көрсете білуі тиіс.
Қоғам сіз бен бізден құралады. Түбі айналып келіп, біз өмір сүріп жатқан қоғамның жақсы-жаманына титтей де үлесіміз тиіп, өзіндік таңбамыз қалады. Бүгінгі әрбір сәт әр адамның кешегі тарихы. Демек, иманды жан басқан ізі мен айтқан сөзінің жақсы болуына, қоғамда жаман аты шықпауы үшін өзіне бақылау қойып отырады. Өйткені қоғамға пайдалы азамат болу – дініміздің әмірі.
Қоғамның ынтымағы, елдің бірлігі үшін талмай еңбек ету – елдік парызымыз. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі – адамдарға пайдалы болғаны», — деген екен. Адамдарға қол ұшын созып, сүрінгенге демеу болып, жақсы істерге жол көрсету – шынайы мұсылманның бейнесі. Мұсылман адам жауапкершілік жүктелген ісінде немқұрайлылық танытпай, тіршілігіне тиянақтылық, ұқыптылық пен жауапкершілікті сезінгенінде өз міндетін атқарған болады. Бүгінде үлкен сын қатердің біріне айналған білімсіздік пен жалқаулық мұсылман пенденің де қыр соңынан қалар емес.
Бабаларымыз «Адал еңбекпен мал іздемек арлы адамның ісі» деген екен. Адам бойындағы ар-ұят қана адал еңбекке жол ашады. Ары – намысқа, намысы – еңбек етуге, еңбегі – адалдыққа, адалдығы – ел игілігіне пайда әкеледі. Мұсылман – әрқашан білімді, еңбекқор болуы керек. Дініміз осыны бұйырады, осыған жетелейді. Бабаларымыз адал еңбекті сүйді. Бірі ұсталықпен, бірі мал шаруашылығымен, енді бірі кетпен шауып, егін екті. Ұрпақтарына адалдан еңбек етуді үйретті.
Абай атамыз да: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», — деп насихат қалдырған. Бұл әр отбасыда айтылып отыруы тиіс қанатты сөз. Иманмен сусындаған ата-бабаларымыз, ақжаулықты аналарымыз кісінің ақысын жемеуге, қоғам мүлкіне қол сұқпауға тәрбиеледі. Ақ адал, маңдай термен тапқан нанның адал әрі тәтті екенін өз еңбектерімен үлгі етіп көрсетті.
Мұның барлығы қанымызда бар асыл қасиеттер. Обал-сауапқа өмірімізді қалыптастырды. Біз мұны ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап, түсіндіріп жеткізуіміз керек. Маңдай тер, адал еңбек болған жерде береке-бірлік болады. Абырой, сый-құрмет тұрады. Ағайынның тілеулестігі артады. Қоғамға пайдалы азамат болу – дініміздің әмірі екенін ескеруіміз керек.
Еңбегің адал болса, берекесі сонда артады
Дініміз адалдан мал табуға, маңдай тер төгіп, еңбек етуге үндейді. Қасиетті Құран аятында былай деп келеді: «Уа, иман келтіргендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға ұмтылыңдар және сауданы қойыңдар. Егер білген болсаңдар, сендер үшін жақсы. Намаз өтелген кезде, жер жүзіне таралыңдар да Алланың берекетінен несібе іздеңдер. Сондай-ақ Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине құтыларсыңдар», — деп айтқан («Жұма» сүресі, 9-10-аяттар).
Аталған аят құлшылық уағында тіршілікке сәл тоқтау қоя тұрып, Алланы еске алуға, парыз ғибадатты орындауға шақырады. Ал жамағат болып жұма намазын өтегеннен кейін жер бетіне таралып, Алланың бұйыртқан несібесін ақ адал еңбекпен табу – парыздан кейінгі парызымыз.
Абай атамыз «Сегіз аяқ» өлеңінде:
«Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде», — дейді.
Әр адамның тіршілікке бір ебі болады. Нәпақасын адалдан табуға бойындағы ебін, мүмкіндігін, қарым-қабілетін қолдануы қажет. Қулық-сулықпен, ұры-қарлықпен, арам жолдармен мал табуға құмартпаған жөн. Әрине ұрлықпен, араммен, жаманшылық жолмен келген дүниенің көл-көсір пайдасы болар-ау, бірақ берекесі болмайтыны ақиқат. Береке адал еңбекте, маңдай терде болады.
Біз Алладан не нәрсенің де берекесін тілеген халықпыз. Тапқаның аз болсын, көп болсын берекесі маңызды. Береке – адалдықта, таза нәрседе болады. Еңбегің адал болса, ол жерде береке тұрарын ұмытпа.
Адал кәсіп – жан тыныштығы
Адамды тоқтық аздырады, кейде жоқтық та аздырып жібереді. Жоқтық деген сөз – дұрыс кәсіп, ақ адал жұмыстың болмауы. Сондықтан азып-тозбау үшін ең алдымен еңбек адамы болып, адал кәсіп жасау – нағыз жанның тыныштығы. Хәкім Абай атамыз: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», — деп қалай теңеп айтқан дерсің, осындайда.
Бірде үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы әбден өсіп кеткен бір бәдәуи мешітке келеді. Бәдәуиді бұндай жұпыны халде көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасына шақырып, мынадай жағдайға қалай тап болғанын сұрайды. Әлгі адам Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жұмыссыз жүргенін, осы себепті азып-тозып кеткенін айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әлгіге қарап: «Қазір маған арқан мен балта алып келе аласың ба?», – деп сұрайды. Бәдәуи көп ұзамай арқан мен балтаны өзімен алып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Енді бұларды алып бар да таудан отын шауып әкел, сосын оны базарға барып сат»,-дейді. Әлгі бәдәуи Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқанын орындап, аз уақыттың ішінде адалынан мол табысқа кенеледі. Жалқаулықтан тек еңбекке деген талпыныс құтқарады деген осы.
Лұқман Хәкім баласына көп өсиет айтқан. Соның бірінде: «Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады. Біріншіден, дінін әлсіретеді, сеніміне кір келтіреді. Өйткені кедейлік адамды жаман ниеттерге жетелейді. Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады. Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді, қоғамға жек көрінішті болады»,-деген екен. Әрбір ата-ана жастайынан балаларына Лұқман Хәкімнің осы насихатын айтса, артық етпес еді.
Жалқаулық жақсылыққа жеткізбейді
Жалқаулық адам жанының әуелден дұшпаны. Еңбек ету сөзбен емес, тек іспен болады. Сондықтан, алға қарай талпыну үшін жалқаулықтан түбегейлі алыс болу қажет. Абай атамыз қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады»,-деп жағымсыз істің бәрі осы жалқаулық пен бойдағы еріншектіктен туарын айтып кеткен.
Жалқаулықты жеңген адам ешкімге қол жаймайды, ешқашан телмірмейді. Жоқ-жітікке еңбегімен тапқан табысын бөліп, зекет-садақа беріп, мол сауаптарға кенеледі.
Адамда талап болса, тау қопарады. Абайша айтсақ, ең алдымен адам баласын алға жетелейтін талабы тұруы керек. Екіншісі еңбексүйгіштік қасиеті бойда болуы қажет. Үшіншісі терең ой ғана табысты етеді. Бабаларымыз «Еріншектің ертеңі бітпейді» немесе «Жалқаулық – жаман ауру» деп бізді мұндай жағымсыз істерден тыйып отырған. Адамның шамасы жетпеген жерге оның дұғасы жетеді деген.
Кежегемізді кері тартқан жалқаулық дертінен құтылу үшін әрдайым дұға етіп жүрген абзал. Жалқаулық – жақсылықтың жолдарын жабатын шайтанның бірден-бір құралы. Ал асыл дініміз ислам жатып ішер жалқаулықтан, біреуге қол жаятын масылдықтан әрдайым қайтарады.
Еңбек адамын үлгі ет!
Халқымызда «еңбек етсең – емерсің» деген қанатты сөз бар. Жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Бала тәрбиесінің ең үлкені – еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады»,-деп айтқан екен.
Бала кезден еңбекпен тәрбиеленіп, ата кәсіппен өскен ұрпақ елінің елеулісі, халқының қалаулысына айналады. Адал еңбек етіп өскен ұрпақ ер жеткен соң да елдің ертеңін ойлайды. Бар күш-қайратын, ілім-білімін елі мен халық игілігі үшін жұмсайды. Өзіңнің нәпсіңе емес, адамшылықтың болмысына қызмет ету – үлкен сауап іс. Абай атамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың», – дейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз», -деген еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, еңбек – бәрін жеңбек. Адал еңбек адамды шынықтырады, төзімділікке тәрбиелейді, мол жақсылыққа жеткізеді. Сондықтан қай кезеңде болмасын ең алдымен еңбек адамын құрметтеп, қолдап, өскелең ұрпаққа үлгі етіп көрсетуіміз қажет. Сонда ғана жас ұрпақ еңбексүйгіш әрі елге сыйлы болмақ.
Болатбек қажы ӘБУОВ,
Атырау облысының бас имамы
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА


