
Еңбек адамы — елдің тірегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау туралы шешімі ел дамуы жолындағы аса маңызды әрі дер кезінде қабылданған бастама болды. Бұл – қарапайым еңбек адамдарына деген зор құрметтің белгісі, нақты өндіріс пен адал еңбектің қадірін арттыруға бағытталған міндет.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада мыңдаған жұмысшы еңбек етіп жүр. Зауыттар мен фабрикаларда, құрылыс алаңдарында, теміржол мен энергетикада, ауыл шаруашылығы және коммуналдық қызмет саласында жұмыс істейтін еңбек адамдарын елдің тірегі деуге толық негіз бар. Олардың маңдай терімен жасалып жатқан әр іс – мемлекеттің экономикалық дамуы мен халық тұрмысының жақсаруының кепілі.
Президент өз Жолдауында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, лайықты жалақы мен әлеуметтік кепілдіктер беру мәселесін ерекше атап өтті. Бұл – әрбір еңбек адамының көкейінде жүрген маңызды мәселе. Адал еңбекке құрмет көрсету – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі алғышарты.
Қазір жастардың көбі жұмысшы мамандықтарынан гөрі жылдам табыс табуға мүмкіндік беретін салаларға бет бұрып жүр. Алайда елге нағыз керегі – қолымен өндіретін, іс жүзінде нәтижесін көрсететін білікті мамандар. Осы орайда мемлекет тарапынан техникалық және кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, колледж түлектерін тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасау – өте өзекті әрі орынды шешім.

Мен еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер ретінде айтарым, өндіріс орындарындағы ең басты құндылық – адам өмірінің қауіпсіздігі. Бұл бағытта жұмысшының кәсіби сауаттылығы мен жауапкершілігі айрықша рөл атқарады. Қауіпсіздік мәдениеті қалыптасқан ортада ғана сапалы өнім, тұрақты еңбек және жоғары нәтиже болады.
Жұмысшы мамандығына деген құрметті арттыру – тек экономикалық емес, рухани тұрғыдан да маңызы зор бастама. Біз, еңбек адамдары, өз ісіміз арқылы елдің дамуына үлес қосып жүргенімізді мақтан тұтамыз. Президент бастамасы еңбек адамының мәртебесін биіктетіп, қоғамдағы беделін арттырары сөзсіз.
Қарапайым жұмысшының маңдай терімен салынған әрбір жол, тұрғызылған ғимарат пен өндірілген өнім – Қазақстанның өркендеуінің айғағы. Сол себепті Мемлекет басшысының бұл бастамасын толық қолдай отырып, өз еңбегіміз арқылы елдің дамуына адал үлес қоса береміз.
Сондай-ақ мамандық таңдау алдында тұрған жас түлектерге айтарым: жұмысшы мамандығын меңгеру – тұрақтылыққа, табысқа және елге адал қызмет етуге бастайтын жол. Еңбек адамы – мемлекеттің тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан әрбір жас өз елінің дамуына нақты үлес қосқысы келсе, еңбек пен кәсіпті қадірлей білуі қажет-ақ!
Алмаз ӘЛСЕЙІТ,
еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер



