ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ – ЕҢ ҮЛКЕН АМАНАТ

«Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп, дана халқымыз қай кезеңде болмасын бірлікке шақырып отырған. Өз заманының алыбы дана Абай да «Біріңді,  қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп, адамзатты ортақ құндылықтар жолында бірігуге үндеді. Осы орайда, еліміздің бірлігі жолында ислам дінінің ықпалы ерекше болғанын атап өткім келеді.

 

Ислам – бейбітшілік, бірлік, татулық діні. «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», – деген аяттың өзі бірлік жоқ жерде берекенің болмайтынын дәлелдейді («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Ал, бірліктен ажырап, өз алдына бөліну – дінімізде бүлікке алып баратын бірден-бір жағдай. Сондықтан, мұсылмандар бүлік атаулыдан алыстап, бірлікте бекемділік танытқан. Алланың елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде былай деген: «Кім көпшіліктен (жамағаттан) сүйемдей жер алыстаса, ол өз мойнындағы Исламның арқанын алып тастағандай болады». Құранның әміріне итағат жасап, пайғамбар (с.ғ.с) өмірінен өнеге алған ардақты сахабалар да әрдайым мұсылмандарды бірлікке үндеумен болған.

Ислам сөзінің түбірі «Әс-сәләм» деген ұлы ұғымнан шыққан. Ол жер бетіне тыныштық және бейбітшілік тілеу деген мағынаны береді. Қазақ жеріне Ислам осыдан он екі ғасырдан астам уақыт бұрын келді. Содан бері біздің халқымыз Ханафи мәзһабын (жол, мектеп) ұстанады. Исламның бір мәзһабын ұстануға деген ынта халықтар үшін  бірлікті, түсіністікті, ұйымшылдықты қалыптастырды. Оған бірнеше ғасырлар бойы Орталық Азияда діни негізде ешқандай қақтығыстардың, тартыстардың және өзара жауласушылықтың болмағандығы дәлел болады. Діни танымдағы біртектілік басқа теріс ұғымдардың белең алуына жол бермеді.

Бүгінгі күні екі жолдың айрығында тұрған сындарлы сәтте дін қызметкерлерінің мақсаты – болмысымызға сәйкес келмейтін бөтен бағыттағы ағымдардың алдына тосқауыл қою. Және адасушылықта жүрген бауырларымызды өзекке теппей мейірімділік таныту болып табылады. Сондықтан, біз мемлекетіміздің тыныштығы үшін ортақ ойға, бірлікке ұюды үйренуге тиіспіз.

Расында да, бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Бұл – тарихи заңдылық. Сондықтан, Қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті. Бақытты елдің болашағы бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылықпен тікелей байланысты. Ендеше,  жастың да, жасамыстың да дінге қатысты байсалды да, өміршең ұстанымда болуына көп болып ықпал еткеніміз абзал. Елін жанындай сүйген Ақтамберді жырау кейінгі ұрпағын ынтымаққа  шақырып тереңнен толғайды.

«Балаларыма өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айрылма,

Бірлікте бар қасиет», – дейді.

Сонау қиын кезеңдерде де қарға тамырлы қазақ бөлінген емес. Бір-біріне арқа сүйеу арқылы, дінін де, тілін де сақтап қала алды. Сондықтан, бір-біріне бауырмал, жанашыр бола білу – «ұлтымның ұланымын» деген әр қазақтың парызы.

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

 

Тақырыпқа  тұздық

Құранда Алла Тағала: «Біз сендерді үнемі орта жолды ұстанатын қауым еттік», – дейді.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ақиқатында дін – жеңілдік. Ендеше, дінге қатысты қарысып қалмаңыз, онда оған деген сеніміңіз суыйды. Адамдарды дұрыс бағытқа бастаңыз, оларды жақындастырыңыз және соған қуанатын болыңыз», – деп бауырмалдыққа, бірлікке шақыруды үндеп, ел тыныштығын әр мұсылманға аманат еткен.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз