Жарнама
Қоғам

Ел Президентінің Жолдауы – болашаққа бағдар

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам және мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің кезекті отырысында еліміз үшін маңызды екі мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы мен бұқаралық спортты дамыту бағытында жүзеге асып жатқан шаралар жан-жақты талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша сөз кезегі Х.Б.Табылдиев атындағы «Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, саясаттанушы Сайполла Сапанов ойын, пікірін ортаға салды. Ол өз баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының тарихи және саяси маңызын атап өтті. Ол цифрландыру мен жасанды интеллектті тиімді пайдаланудың мемлекеттік басқару жүйесінен бастап, ғылым мен білім, экономика және қауіпсіздік салаларына дейін кеңінен әсер ететінін жеткізді.

e31cc4ac fbea 43b6 ab4c 3d2781798ff3


«Бұл Жолдау – Қазақстанның жаңа даму бағытын айқындайтын маңызды құжат. Мемлекет басшысы технологиялық прогресті ел игілігіне бағыттау жолында нақты міндеттер жүктеді», – деді С.Сапанов.
Кеңесінің отырысында бұқаралық спортты дамыту мәселесі күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі болды. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының Қаржы-экономикалық бақылау бөлімінің басшысы Нұрғайша Әбежан жан-жақты баяндап берді.
Н.Халидоллақызының айтуынша, партияның алдағы бес жылдағы басты міндеттерінің бірі – облыс тұрғындарының денсаулығын нығайту мақсатында бұқаралық спортқа тарту деңгейін айтарлықтай арттыру.
«Біздің мақсат – барлық қажетті жағдайларды жасай отырып, әрбір тұрғын үшін спортпен айналысу мүмкіндігін қамтамасыз ету», – деді баяндамашы.

0ef6a8d6 b701 49fe a78d 3c46edc57bc4

Жыл сайын 100 жаңа спорт секциясы ашылады
Оның сөзінше, облыста спорттың 81 түрі дамып келеді. Оның ішінде 28 олимпиадалық (оның ішінде 3 қысқы), 41 олимпиадалық емес, 11 ұлттық спорт түрі қамтылған.
2023 жылы облыс бойынша 14 737 спорттық секция жұмыс істеген болса, биыл бұл көрсеткіш 15 441-ге жеткен. Оның 6 047-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Барлық мектептерде кешкі уақытта, демалыс күндері тегін спортпен айналысуға мүмкіндік жасалған.
Облыс бойынша мектеп жасындағы балалар саны 160 мыңға жуық. Соның ішінде 53 269 оқушы (яғни 35%) тұрақты түрде спортпен шұғылдануда.
Бүгінде Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде – 21 264 бала, Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында – 20 000 бала, Спорт клубтарда – 3 290 бала, Балалар-жасөспірімдер клубтарында 7 992 бала тегін спортпен айналысады.

e28973ee 684a 4ed6 89fd 5922d565a627


Баяндамашы атап өткендей, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды спортқа тарту – басым бағыттардың бірі. Бұл санаттағы азаматтар үшін 44 спорт нысанында арнайы жағдай жасалған, ал 2025 жылы олардың үлесі 80%-ға жетеді.
«Мүгедектер спорт клубы» арқылы 917 адам спортпен айналысуда. Оның ішінде 390 адам тірек-қимыл, есту, көру қабілеті бұзылғандар. Олар спорттың 17 түрімен шұғылданады. 6 автокөлікпен тасымалдау ұйымдастырылған, 2025 жылы тағы бір автобус бөлінді», – деді Нұрғайша Халидоллақызы.
Осы жылы ұлттық паралимпиадалық және сурдолимпиялық құрамаларға енген спортшылар саны 105-ке жетті. Сонымен қатар, ақыл-есі кемістігі бар 207 бала «Спешиал Олимпикс» ұйымы аясында спортпен айналысуда.
Ұлттық спортқа баса мән берілуде
Ұлттық спортты дамыту да басты назарда. Бүгінде ұлттық спортпен айналысатындар – 25 358 адам (8%), 150 жаттықтырушы жұмыс істейді, оның 75-і – қазақ күресінен, 40 – тоғызқұмалақтан, «Ұлттық спорт түрлері клубы» КММ және «Атырау облысы ұлттық спорт түрлері» ЖШС жұмыс істейді. Көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге сияқты дәстүрлі ойын түрлері дамып келеді. Сонымен қатар, ипподром құрылысы басталуда. Жобалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

e09d134b 56e9 4523 8e93 070a1f5965aa

Жыл сайын облыста жаңа спорт нысандары пайдалануға беріледі.
Өткен жылы 21 жаңа спорттық нысан салынды (Атырау қаласы, Қызылқоға, Мақат аудандары және т.б.). Биыл тағы 6 спорт кешені пайдалануға берілді, ал 1 нысан қазан айында ашылады екен. Ал жыл соңына дейін тағы 9 спорт кешені, соның ішінде 1 демеушілікпен салынатын кешен қолданысқа беріледі.
«Бұдан бөлек, облыс орталығында спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжінің құрылысы жоспарланып отыр. Сондай-ақ 12 000 орындық жаңа стадион мен ұлттық спорт кешені – ипподром салу жобасы дайындалды», – деп атап өтті баяндамашы.
Атқарылған жүйелі жұмыстар мен нақты қолдаудың нәтижесінде 2027 жылға дейін облыс тұрғындарының 50%-ы спортпен тұрақты түрде айналысатын болады. Бұл тек салауатты өмір салтына емес, қоғамның әлеуметтік белсенділігі мен бірлігіне де тікелей әсер етпек.
Отырыс соңында қатысушылар талқылауға белсенді қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Азаматтық қоғам өкілдері мен зиялы қауым мүшелері өз салалары бойынша ұсыныстарын білдіріп, Жолдауды жүзеге асыруда партия мен қоғам арасындағы байланысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button