
Ел ертеңі – еңбекқор жастардың қолында
«Бүгінгі жас – болашақтың келбеті» деген дана халқымыз. Расында, егемен елдің жарқын болашағы – жастардың қолында. Олардың қай салада болсын еткен еңбегі мен ізденісі, кәсіби шеберлігі мен табандылығы елдің дамуына қосылған сүбелі үлес. Соның бір дәлелі – өндірістің алдыңғы шебінде табанды еңбек етіп жүрген жас инженер Айбар Аманжолов.
Жаңа Қаратон кентіндегі қарапайым отбасында дүниеге келіп, өзінің еңбекқорлығы, кәсіби біліктілігі және іскерлігімен дара көрінетін Айбар Жанарбекұлы қазір жауапты жұмыста. Небары жиырма үш жастағы ол – «Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы инженері.
Айбар онжылдық білімді туған ауылындағы №22 орта мектептен алған. Кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Өндірістегі тіршілік қауіпсіздігі» мамандығы бойынша мемлекеттік грант негізінде білім алады. Оқу барысында өндірістік тәжірибеден елдегі алпауыт компаниялар – «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Теңізшевройл» компаниясынан өтуі оның кәсіби бағдарын айқындап, салаға деген қызығушылығын арттыра түседі.
Университетті аяқтаған соң Айбар туған өлкесіне оралып, Жылыой аудандық мансап орталығының «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында «Жылыойгаз» серіктестігіне жұмысқа орналасқан. Алғашқыда тәжірибеден өтуші ретінде еңбек жолын бастаған ол кәсіби шеберлігін дәлелдеп, көп ұзамай тұрақты штаттағы инженер қызметіне қабылданды.
Бүгінде Айбар осы кәсіпорындағы өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға жауапты маман. Оның күнделікті жұмысы – әрбір қызметкердің жұмыс орнындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіп-қатердің алдын алу, техникалық бақылау жүргізу, нұсқаулықтар өткізу, арнайы оқу-жаттығулар ұйымдастыру сынды маңызды бағыттарды қамтиды.
«Қауіпсіздік – әр жұмысшының құқығы»
Айбардың негізгі ұстанымы – қауіптің алдын алып, қауіпсіз жұмыс жүргізу. Бұл қағида – оның әрбір жұмыс күнінің басты бағыты. Ол тек қауіпсіздік талаптарын үйретіп қана қоймай, өзі де сол талаптарға толықтай сай қызмет етеді. Апаттық жағдайдың алдын алу, техникалық жағдайларды жүйелі бақылау, қорғаныс құралдарының толықтығын тексеру Айбардың жіті назарында.
Оның еңбекқорлығы мен кәсібіне деген жауапкершілігі ескерусіз қалған жоқ. Жас маман ретінде кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп, түрлі деңгейдегі алғыс хаттар мен сертификаттарға ие болған. Айбардың басты жетістігі – «Еңбек жолы» республикалық байқауында «Өндірістің үздік жас маманы» атануы. Бұл тек оның емес, бүкіл Жылыой ауданының абыройын республикалық деңгейде асқақтатқан үлкен жеңіс.
Ұжым – екінші отбасы
Жас маман үшін ұжым – үлкен мектеп. Салада еңбек еткен аз ғана уақыт ішінде ол көп нәрсені үйренгенін айтады. Ұжымдағы аға буын мен тәжірибелі мамандардан бағыт-бағдар алып, кәсіби қалыптасуына мүмкіндік алған. Ұжымдастарының ортақ мақсат-мүдде жолында біріге жұмыс істеуі Айбарға күш-жігер береді.
– Ұжым екінші отбасың сияқты ғой. «Жылыойгаздағы» әріптестеріммен мақтанамын. Олардан үйренетінім көп, — дейді ол.
Айбардың бос уақыты да өнегелі істерге толы. Ол – салауатты өмір салтын ұстанып, рухани және физикалық дамуға көңіл бөлетін жан. Айтуынша, бос уақытында спортпен айналысады, кітап оқиды, мерекелік кештер жүргізумен айналысады. Экологиялық тазалыққа да үлес қосып келеді, «Таза Қазақстан» акциясы аясында әр апта сайын сенбілікке қатысады.
Бірақ Айбардың жан дүниесіне ерекше жақын бір дүние бар. Ол – жылқыға деген құмарлығы.
– Жылқыға бала кезден құштармын. Тайға мініп, шауып жүрген күндерім есімде. Қазір де жұмыстан босағанда жылқыға мініп, даланы еркін аралағанды ұнатамын. Жылқыны баптау үлкен өнер, ал оған шауып жүргендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, — дейді ол шабыттана.
Өмірлік ұстаным
Айбардың өмірлік ұраны – үйрену және үйрету, қауіпсіз және бақытты өмір сүру. Ол өз жұмысын жай ғана міндет деп емес, зор жауапкершілік әрі азаматтық борыш деп қабылдайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жастар – ел дамуының қозғаушы күші» деген сөзін өмірлік бағдар етіп, өз мамандығы арқылы елге қызмет етуді басты мақсаты санайды.
Айбар – жаңа заманның жаңаша ойлайтын, елге адал еңбек етуді мұрат тұтқан жастарының бірі. Оның өмір жолы мен жетістіктері – қазіргі жастарға нақты үлгі, ал кәсіби адалдығы – қоғамға сенім ұялатар үміт. Осындай жандардың көптігі ертеңгі күннен зор үміт күттіреді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ


