ЕКІ АЙЛЫҚТЫ ӨТКІЗУДЕ ЕНЖАРЛЫҚ БАСЫМ

Сейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен өткен кезекті селекторлық мәжілісте облыста жарияланған күзгі тазалық, көркейту және көгалдандыру екі айлық-байқауының (10 қыркүйек - 10 қараша аралығы) өту барысына назар аударылды. Бұл жайында Атырау облысы бойынша тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы – облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Өмірзақ Зинуллин баяндады.

 

Осы уақытқа дейін екі айлық шеңберінде біраз жұмыс атқарылған. Алайда, апатты жағдайдағы үш ғимараттың орны жойылмаған.

Тарқатып айтсақ, Атырау қаласы бойынша 175 тармақтан тұратын іс-шараның 172-сінің немесе 98,2 пайызының орындалуы қамтамасыз етілген. Осындағы «Арнаулы автобаза» КМК-на қарасты қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін орынның пайдалану мерзімі әлдеқашан асып кеткен. Әйтсе де, жаңадан полигон салу мәселесі әлі күнге шешілмеген. Жертөлесі лас суға толы 22 көп қабатты үйдің 12-сінің (54,5 пайыз) ғана асты құрғатылған. Қажетті 2500 контейнер жәшігінің қолда бары 2185 болса, қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдап шығаратын 50 арнаулы көліктің 39-ы ғана пайдаланылуда. Жаңадан сатып алынуға тиісті бес көлік те әзірге қолға тимеген. Бұдан бөлек, күні бүгінге дейін шаһардағы көп қабатты 125 үйде пәтер иелері кооперативтері құрылмаған. Жылыой ауданында екі қоқыс жайғастырылатын полигонның біреуі санитарлық талап-нормаларға сәйкестендірілген. Қалдықтарды шығаруға қажетті көліктің саны 40 болғанымен, қолданыстағысы 21 бірлік болып тұр. Сатып алынуы жоспарланған 15 арнаулы көліктің мәселесі де шешілмеген. Сол секілді мұнда 900-дей контейнер қажет болса, оның да қолдағы бары 250 екен. Қажетті 70 контейнер алаңшасының да 26-сы тұрғызылған. Тапсырыс берілген 200 контейнер жәшігі де алынбаған. Мекемелердің 69,4, ал тұрғындардың 92,5 пайызы осы шаруаға жауапты «Жылыой Тазалық» ЖШС-мен келісім-шартқа отырған. Десек те, аталған кәсіпорынның қызметінде де біраз кемшіліктердің барлығы байқалған.

Исатай ауданында жоспарға енгізілген 61 тармақтан тұратын іс-шараның орындалысы туралы ешқандай мәлімет түспеген. Заңсыз төгілген ретінде тіркелген төрт қоқыс орнының біреуі ғана жойылған. Көптен бері көтеріліп келе жатқан арнайы полигон және мал мен ит өлекселерін көметін орын салу мәселесі шешімін таппаған. Аудан орталығы Аққыстау селосында жекелеген тұрғындардың коммуналды қызмет көрсететін мекемемен келісім-шартқа отыру көрсеткіші (35,5 пайыз) төмен.

Индер ауданында да 10-нан астам қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін орын түгелімен санитарлық талаптарға сәйкестендірілмеген, айналасы қоршалмаған, мал өлекселері тасталатын орындар да тиісінше жабдықталмаған. Осы мезгілге дейін тазалық жұмыстарын ұйымдастыруға бөлінген 10,5 млн.теңге қаржының тең жартысы ғана игерілген. Назарға іліккен басты кемшіліктің бірі – құрылыс материалдарын, жөндеу жұмыстарынан кейін жинақталған қалдықтарды тиісті жеріне жеткізбей,  жолай  төге салынуы. Қанша рет ескертілсе де бұл талап орындалмауда.

Құрманғазы ауданында қоқыс салынатын контейнерлер жетіспейді. Оның үстіне, қалдықты тасымалдайтын техника да тапшы. Қазірде қажетті 360 контейнердің қолданыстағысы 40 бірлікті (11,1 пайыз) құраса, бұлардың да тозығы жеткен. Ақкөл селолық округіндегі кәріз суын айдау стансасының істен шыққанына да көп уақыт болған.

Қызылқоға ауданында екі айлық шеңберінде межеленген шараларды атқаруға ешқандай қаржы қаралмаған. Сол себепті де, 17 тармақтан тұратын іс-шараның төртеуі немесе 23,5 пайызы ғана қамтылған. Қалдықтар төгілетін 11 орынның біреуі ғана талапқа сай жабдықталған. Айтылғанымен, ауданда тазалық жұмыстарына жауапты арнайы мекеме құру мәселесі аяқсыз қалған. Елді мекендерді тазартылған ауыз сумен қамтамасыз ететін  бес нысанның үшеуіне профилактикалық шаралар жүргізілген.

Мақат ауданында да жоспарға енгізілген жұмыстардың орындалу көрсеткіші 40 пайыздан аспай отыр. Тіркелген берекесіз қоқыс ошақтары негізінен тазартылғанымен, полигондардың санитарлық жағдайы сын көтермейді. Аудан орталығы Мақат пен Доссор кенттеріндегі көп қабатты үйлер бойынша пәтер иелері кооперативтерін құру жайы  мәз емес. Мұнда да арнаулы көліктер мен контейнерлердің жетіспеушілігі аңғарылады. Жеке  тұлғалардың осы мақсатта құрылған «Тазалық-Көгал» кәсіпорнымен келісім-шартқа отыруында да олқылықтардың бары белгілі болды.

Махамбет ауданында екі айлықтың бағдарламасына енгізілген шаралардың 80 пайызы орындалған болып шықты. Дегенмен,  тазалық  жұмыстарына қаралған қаражаттың көлемі мен қаншасының игерілгендігі туралы нақты мәлімет жолданбаған. Өңірдегі 13 қоқыс төгуге лайықталған орынның бәрі де санитарлық қағидаларға сай жасақталмаған.

Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысының орынбасары Сәлімжан Жұмашұлы күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігін баса айтып, жауапты тараптардың айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығаруы керектігін баяндады. Осы ретте қала мен аудан әкімдеріне нақты  міндеттер жүктеді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз