ЕХРО-2017: ӘЛЕМДІК ӨЗГЕРІСТІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Енді екі жылдан соң, Астанада жаһандық деңгейдегі маңызы зор халықаралық ЕХРО-2017 көрмесі өтеді. Энергияның балама көздерін табуға бағытталған көрме индустриялық-инновациялық дамуымыздың кезекті толқынының қозғаушы күші болады деп күтілуде. Әлемнің «мен» деген алып елдерінің атақты ғалымдарының жаңалықтары жаппай таныстырылымға шығарылатын көрме осылайша ғылыми төңкеріс дәуірінің жаңа тынысын ашуы тиіс.

 Қуат тапшылығы өткір тұр

Бұлай айтуымызға себеп жоқ емес. Өйткені, алып территориясында табиғи байлықтың мол қоры бола тұра, Қазақстанның баламалы қуат көзі мәселесін қозғауының астары тереңде жатыр. Әлем алдында қазір азық-түлік қауіпсіздігі, экология, радикализм мәселесімен бірге, қуат тапшылығы жайы да өткір тұр. Қазба байлық қорының ерте ме, кеш пе таусылатынын ескерсек, балама қуат көзін іздеу – табиғи тазалықты сақтау үшін де маңызды. Әлем елдерінің кезекті көрмеге Астана тарапынан ұсынылған тақырып өзектілігіне кеңінен қолдау білдіруінің де сыры осында.

Ал, енді «жаһандық көрмеге Қазақстанның ұйымдастыру жұмыстарынан бөлек, ғылыми жаңалық жағынан дайындығы қандай деңгейде?» деген мәселе – өз алдына  бөлек тақырып. Ерейментауда, Алматы облысында желдің қуат көзін пайдалануда сынақтан өтіп жатқан құрылғылардың бары, күн батареяларын шығаратын зауыттың жұмыс істеп жатқандығы туралы бұған дейін айтылып та, жазылып та келді. Ғалымдардың айтуынша, кремнийден ғана жасалатын күн батареялары техникалық қауіпсіздікке, экологиялық нормалардың барлық талабына жауап береді екен. Бірақ, бұл «ізденісті тоқтатуға болады» дегенді білдірмейді…

 

Жел мен күн көмекке келеді

Ғылыми айналымға, қолданысқа нақты енбегенімен, Атырау да жаңалықтардан құралақан емес.  «Atyrau Innovations» ЖШС-нің инновация бойынша менеджері Ұлжан Ихсаннан білгеніміздей, әзірге халықаралық көрмеге апарылады деп күтіліп отырған екі жоба бар. Солардың бірі – гаризонтальды жел генераторы жобасы.

«Жобаның авторы – әуес-қой ізденуші Ержан Нұриденов. Негізгі жаңалық сол, бұл жоба басқа қондырғыларға қарағанда электр энергиясын бірнеше есе көп өндіруге мүмкіндік береді. Автордың өзі айтқанындай, бұл идея болашақта жер шарын энергетикалық аштықтан құтқаруға көмектеседі» дейді ол. Көрнекті қазақстандық ғалымдармен бірге, америкалық ғылыми интеллегенцияның қызығушылығын тудырған жобаның  үш қалақтан тұратын кәдімгі генератордан айырмашылығы – оның қалақтарының көптігінде екен. «Тік көп қабатты левитациялық жел генераторының қалақтарының әрқайсысы басқалардан тәуелсіз айналады. Әрбір турбинада төрт қалақ болады және әрбір турбина басқалардан тәуелсіз энергия өндіретін болады. Ішінде қызмет көрсетуші қызметкерлерге арналған жүрдек жеделсаты жүріп тұратын болады. Мазасыз шуылға әкелетін үйкеліс, вибрация болмас үшін әрбір турбинаның астында магниттік-левитациялық аспа болады» деп түсіндірді серіктестік өкілі Ұлжан Ихсан.

Үкілеп отырған жобаның екіншісі – Атырау мұнай және газ институты мен Астрахан мемлекеттік университетінің бірлесуімен жүзеге асырылып отыр. «Әсіресе, қыс мез-гілінде мұнай тасымалдау қиындық туғызады. Атыраудың қысы қатты екенін, ауа райының қолайсыз екенін білесіз. Бұл инновациялық жоба балама қуат көзін пайдалануымен ерекше» дейді «Atyrau Inno-vations» ЖШС-нің инновация бойынша менеджері Ұлжан Ихсан. Әдетте мұнай базаларында және мұнай сақтау  орындарында мұнай өнім-дерін жылыту үшін мазут, солярка жанармайлары қолданылып келген болса, гелиотехнологияны қолданысқа енгізу мұнайды үзіліссіз тасымалдауға және жанармай өнімдерін үнемдеуге жол ашады деп күтілуде. «Жаңалық сол, мұнайды жылыту үшін жанармайдың орнына күн энергиясы қолданылады. Және ол құбыр бойымен жөнелтілетін мұнайды 80 градусқа дейін қыздыра алады. Бұл жоба жүзеге  асқан жағдайда, жанармай көлемін Батыс Қазақстан жағдайында сегіз айға дейін үнемдеуге мүмкіндік туады» дейді ол. Айтуынша, бұл жоба патентін алыпты. Авторы – Атырау мұнай және газ институтының профессоры  Мұрадин Турдиев. Ал, жел генераторы  жобасын патенттеу мәселесі Алматыда қаралып жатқан көрінеді.

 

Күні кеше «Хабар» және «КТК» арналарынан «Назарбаевпен ең бастылар жайлы…» деп аталатын деректі фильмнің тұсауы кесілді. Сол фильм барысында халықаралық EXPO-2017 көрмесінің маңыздылығына тоқталған Президент ең негізгі салмақтың ғылыми әлеуетке түсетінін айтты. Бұл біздің ғалымдарымыздың алдында тұтас ел аманаты тұрғанын көрсетеді. Әрі бізге балама қуат көзін іздеуші мамандар легінің көбейгені де керек. Алға қарай бұл салада жоғары және арнаулы оқу орындары да пайда болып жатса, тіптен құба-құп.

Қалай десек те, баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі күнге өткір тұр. EXPO көрмесінде осы бір қордаланған мәселелер шешімін тапса, сөз жоқ, бұл үлкен жеңіс болмақ.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

«Ұлт білімді болуы тиіс»

Алдан Смайыл, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Астананың игі бастамасына көршілес елдерді айтпағанның өзінде, дамыған Еуропа мемлекеттері қолдау білдіруде. Өйткені, халықаралық EXPO көрмесінің арқауына айналып отырған миллиондарды толғандыратын болашақ энергиясы тақырыбын тал-қылау, адамзат тарихындағы кең ауқымды пікірталастардың бірі болып қала береді.

Рас, инновацияға үлес қосу өте қиын шаруа. Теледидар, автокөлік, ұялы телефонның бұрын-соңды болмаған жаңа технологиясын ойлап табу сынды жаңалықтарды енгізуге тура келеді.  Сондықтан да, инновациялық өрлеуге қол жеткізу үшін ұлт білімді болуы тиіс. 

EХРО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын – күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа технологияларға жол ашуға мүмкіндік береді. Астана осы саладағы ең үздік әлемдік жобалар көрсету үшін тиімді алаңға айналуы мүмкін. Көрме елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғыртуға, экономиканы жүйелі әртараптандыруға қуатты серпін береді. Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу шағын және орта бизнестің дамуына да жол ашады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз