
Дүрліккен дүниедегі бейбітшіл ел
Бүгінгі әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызы бұрынғыдан да артқанын байқамау мүмкін емес. Көптеген шет мемлекеттер қақтығыс пен соғысты, күйреуді бастан кешуде. Адамдардың тағдыры талқыға түсіп, халықтар арасында жанжалдар өршіп жатыр. Осындай аласапыран заманның ортасында Қазақстанның бейбіт өмірі мен татулығы – біздің ең құнды, қадірлі байлығымыз.
Болашақ – бірлік пен өзара құрметте
Елдегі тыныштық пен бірлік әрбір азаматтың саналы еңбегі мен жүрек жылуының нәтижесі. Халықтың татулығы мен бейбіт өмірінің негізін қалауда әркімнің өз орны бар. Бірі қайырымдылық пен ізгі істерімен, бірі мәдениет пен өнер арқылы, енді бірі спорт пен білім саласында белсенділік танытады. Жастар мен үлкендер, түрлі ұлт өкілдері өз үлестерін қосып, ортақ мақсат – еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтау жолында бірлікте еңбек етуде. Осындай ұжымдық жауапкершілік пен өзара құрмет арқасында ғана Қазақстанда тұрақтылық пен тыныштық орнаған.
Біздің осы түйінімізге «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Нурид Тикаев те толық келіседі. Ол әр адамның ел тыныштығын сақтаудағы жеке үлесінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Нурид Тикаевтың пікірінше, бірлік пен ынтымақ әрқайсымыздың күнделікті іс-әрекетімізден, бір-бірімізге деген құрмет пен қамқорлығымыздан басталатын құндылық. Сондықтан да әр азаматтың өз орнын тауып, елдің бейбіт өмірі мен татулығын қорғауда белсенділік танытуының маңызы зор.
– Біздің еліміз көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет болғанымен, бізді біріктіретін – өзара сыйластық пен бірлік. Бұл ұстаным – ата-бабалардан қалған мәңгілік мұра. Мемлекет басшысының: «Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да» деген сөзі осының айғағы, — деп ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Нурид Тикаев елдегі азаматтық қоғамның бірлік пен ынтымақты сақтаудағы рөлін ерекше бағалады. Ол жетекшілік ететін «Жомарт Жан» орталығының су тасқыны кезінде көрсеткен көмегін ерекше мысал етті.
– Өткен жылдың көктеміндегі апат кезінде Атырауда су басу қаупі пайда болған сәтте біз бірлесіп, бөгеттерді нығайтуға атсалыстық. Сол кезден бастап гуманитарлық көмек көрсету орталығы құрылып, мен оның жетекшісі болдым. Қайырымдылық пен ізгілік шаралары тоқтаусыз жалғасуда. «Вайнах» бірлестігі ретінде ерекше балаларға арналған «Жанеркемай» орталығын қамқорлыққа алып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп келеміз, -деді ол.
Мұндай игі істер жастарға үлгі бола отырып, қоғамдағы татулық пен азаматтық сананың биік деңгейін көрсетеді. «Әрқайсымыз, әсіресе жастар, осы бірлікті сақтау жолында еңбек етуіміз керек. Ұлттың болашағы – өзара құрмет пен түсіністікте. Бірлігіміз берік, ынтымағымыз тұрақты болсын!» деп түйіндеді сөзін Нурид Тикаев.
Бірлігіміз жарасқан!
Мәдениет пен өнер арқылы ұлттар арасындағы татулықты нығайту – тағы бір маңызды бағыт. «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы бойынша төрағасының орынбасары Андрей Лобыкин аталған институттың елдегі бірлік пен ынтымақты сақтаудағы маңызының ерекшелігін айрықша атады.
– Ассамблея – еліміздегі ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін үлкен отбасы. Мен осы отбасының бір мүшесі болғаныма мақтанамын. Қазақстан Президенті мәдениет пен өнерді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Солардың бірі – этностардың театрлық фестивалін ұйымдастыру. Мен бұл бастаманы қолдаймын және Атырауда жастар театры ашылса, бұл үлкен жетістік болар еді, -деді Андрей.
Ол өзінің студенттік жылдары КВН мен Жайдарман ойындарында өнер көрсетіп, кейін Атырау қаласындағы орыс драма театрына шақырылғанын да бөлісті.
– Біз театр ұжымымен бірлесіп, Наурыз, Жаңа жыл, Театр күні сияқты мерекелерде түрлі қойылымдар ұсынамыз. Абай мен Вивальдидің шығармашылығына арналған музыкалық-поэтикалық кештер рухани бірліктің жарқын көрінісі, -дейді Андрей Лобыкин.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Студенттік Ассамблея жастары» құрылып, түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып жатқанын айтты.
– «Қамқор», «Мектепке жол», «30 қайырымды іс» сияқты жобалар арқылы жастар арасында қайырымдылық пен бірлік насихатталып жатыр. Ұйымдасқан жерде береке бар. Қасиетті Отанымыз аман болсын! -деп сөзін аяқтады Андрей Лобыкин.
Спорт – бірлікке баулитын алаң
Спорт арқылы ұлттық бірлікті нығайту – тағы бір өзекті бағыт. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Андрей Котов айтып өткеніндей, спорт – дене тәрбиесі ғана емес, ол жастарды патриоттық рухқа, бірлікке баулитын алаң.
– Мен бала кезімнен спортпен айналысып келемін. Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына ерекше мән беріп, ұлт саулығы ел болашағы екенін атап өтті. Бүгінде менің жаттықтыру залымда әртүрлі ұлт өкілінен құралған 500-ден астам шәкірт жаттығады. Олардың арасында әлем және Азия чемпиондары бар. Бірақ мен үшін бастысы – мықты спортшы ғана емес, елін сүйетін, адал азамат тәрбиелеу, -деп өз ойын білдірді.
Оның айтуынша, спорт жастарды салауатты өмір салтына тартумен қатар, ұлтаралық татулық пен өзара құрметті нығайтуға септігін тигізеді. «Спорт – нашақорлыққа қарсы!» деген ұранымен өткізілген республикалық турнирлердің дәлелі бұл.
Ақпараттық кеңістіктегі татулық пен келісімді нығайту – журналистиканың да маңызды миссиясы. Атырау облысы ҚХА Журналистер клубының мүшесі, «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Надежда Тулина Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өскенін мақтан ететінін жеткізді.
– Мемлекет басшысы жуырда өткен сессияда «Ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды» деді. Бұл – біздің де басты міндетіміз,-деді ол.
Бүгінгі әлемде көптеген елдер соғыс пен қақтығыстардың зардабын тартып отыр. Қарама-қарсылық пен жанжалдардың кесірінен мыңдаған адам бейнет шегуде, халықтар арасындағы сенім мен татулық жойылып, мемлекеттерде тұрақтылық жоқ. Мысалы, қазіргі уақытта бірнеше елде қарулы қақтығыстар жалғасып, бейбіт тұрғындар зардап шегуде, ел экономикасы құлдырап, қоғам іріткіге ұшырап отыр. Мұндай даулар ұлтаралық және халықаралық келісімді бұзып, халықтардың өзара түсіністігі мен ынтымағын күрт әлсіретеді. Ал біздің Қазақстанымыз – осындай қиын кезеңде бейбітшілікті, өзара құрмет пен достықты сақтап отырған бірегей мемлекет. Мұның бәрі халқымыздың асыл қасиеті — бірлік пен ынтымақтың арқасы екені анық.
Рита ӨТЕУҒАЛИ

