Жарнама
Қоғам

Достық – біздің туымыз!

Елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің басты кепілі – ұлтаралық татулық пен өзара сыйластық. Ұлтаралық келісімнің, этносаралық татулықтың орнауы мемлекеттік саясаттың нәтижесі ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы әр азаматтың мәдени санасы мен адамгершілік дәстүрінің көрінісі. Бүгінгі таңда әлемдегі этникалық қақтығыстар мен әлеуметтік шиеленістердің жиі болатынын ескерсек, Қазақстанның бейбіт және тұрақты өмірі – ерекше құндылық.

Ел тұрақтылығының негізі

Ұлтаралық татулықтың маңызы зор. Расында, ол қоғамдағы ең маңызды құндылықтардың бірі. Бұл ұғым әртүрлі мәдениет пен дәстүрді құрметтеу, бірін бірі түсіну және қолдау арқылы қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуді білдіреді.

Қоғамдағы этникалық, тілдік және діни әртүрлілік әрдайым мемлекет үшін сынақ болған. Дегенмен елімізде түрлі этностардың арасындағы түсініспеушілік мәселелерін шешу үшін кешенді жұмыстар атқарылды. Қазіргі замандағы глобализация, миграция және ақпараттық кеңістік жаңа қауіптер мен сынақтарды туындатып отыр. Сол себепті ұлтаралық татулықты сақтау, оны жаңа әлеуметтік контексте нығайту – қашан да өзекті мәселе.

Бүгінде елімізде 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Бұл жай статистика емес, еліміздің әлеуметтік капиталын көрсетеді. Әр этнос өзінің дәстүрін, тілін және мәдени мұрасын сақтай отырып, жалпы қоғамның дамуына үлес қосуда.

Қазіргі таңда Қазақстанның көптеген қаласында мәдени диалогты дамытатын орталықтар ашылған. Мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық XXIXсессиясында этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолындағы ауқымды істерге шолу жасаған облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен «Достық үйі» мерекелік шара өткізіп қана қоймай, жастар мен ересектер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, мәдени бағдарламаларды жүзеге асыруға қызмет ететінін, бұл тәжірибе елдегі басқа өңірлер үшін үлгі болып отырғанын айтқан болатын.   

Достық үйі 2014 жылдың 1-қазанында ашылғанынан бері Атырау облысы ішкі саясат басқармасы қоғамдық келісім КММ-сі Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етеді. Этносаралық қатынастар бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру, этносаралық келісімді нығайту, қазақстандық патриотизмді насихаттау, этносаралық келіспеушіліктердің алдын-алу мақсатында этно-мәдени бірлестіктермен және басқа да қоғамдық ұйымдардың жұмысына қолдау көрсетіп келеді. ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаевтың айтуына қарағанда, он жылдың ішінде көптеген іс, үлкен жобалар іске асыпты. 

– Біз бір шаңырақ астында бір үйдің балаларындай бейбіт өмір сүріп келеміз. Бүгінде Қазақстан өзінің гуманистік, демократиялық және толерантты сипатымен ерекшеленеді. Соның айқын бір көрінісі – ұлтаралық татулық пен келісімді сақтауды алдына мақсат етіп қойғандығы.  

Облыс орталығындағы «Достық» үйінде этномәдени бірлестіктердің түрлі ұлттық мерекелері, конференция, лектория, шеберлік сабақтары, қайырымдылық, тағы басқа шаралар өткізіледі. Атқарылып жатқан жұмыс ауқымды, оның бәрін атап шығу мүмкін емес. Ең бастысы, осы жылдағы атқарылған игі істер, осы жолдағы әрбір қадам бізді бір қолдың саласындай біріктірді. Табиғат тосын мінез көрсетіп, сындарлы сәтте сыналғанымызда да бірлігіміздің арқасында іргеміз сөгілмеді. Тілге, ділге, дінге, ұлтқа бөлінбей, жұмылып жұдырық болып келеміз. Жігерлі қыран деген жеңіс қалықтады. Ассамблея ұйытқы болған ізгі бастама ұлттар арасындағы достық, қоғамдық және рухани келісімді бекіте түсті, — дейді Кеңес Темірұлы.

Бірлік – елдің тірегі

Татулықтың институционалдық негіздеріне тоқталсақ, ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету үшін институционалдық шаралар маңызды. Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардан бастап этносаралық бейбітшілік пен келісімге бағытталған саясатты таңдап, оны нақты механизмдермен бекітті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – этносаралық диалог, әлеуметтік келісім және мемлекеттік патриотизмді насихаттау институты ретінде қалыптасып, қазіргі таңда қоғамдық келісімді нығайтуда маңызды роль атқарады. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер мен жергілікті деңгейдегі қоғамдық ұйымдар күнделікті өмірде түрлі жобалар мен іс-шараларды іске асырып, қоғамдағы сенімді арттыруда.

Атырау облысы – ұлтаралық татулықты нығайтуда нақты тәжірибесі бар өңір. Мұнда 18 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс атқарады. Әр этнос өз дәстүрін сақтап, мәдениетаралық жобаларға қатыса отырып, бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруде.

Қазіргі заманғы технологиялар мен әлеуметтік желілердің дамуы қоғамдағы түсініспеушілік пен алауыздық қаупін арттырғанымен, жергілікті билік пен этномәдени ұйымдар бұл сын-қатерлерге тиімді қарсы тұруда. Мысалы, облыста  онлайн платформалар арқылы жастарға арналған мәдени сабақтар, тілдік курстар, виртуалды шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, дәстүрлі мерекелердің цифрлық форматта өткізілуі ұлтаралық татулықты нығайтуға, жастар арасында мәдениеттерді өзара түсінуге және өзара сыйластықты қалыптастыруға қызмет етеді. Оның дәлелі де көп. «Былина» орыс этномәдени бірлестігі жанындағы халық кітапханасы мен халық театрының жұмысы басталғалы бірнеше жыл өтсе, қазір қазақ тілін үйрету курсы да жүйелі түрде жұмыс жасап тұр. Оның қызметі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге, мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастыруға және қазақ тілін үйренуге бағытталған. Мысалы, былтыр «Былина» халық кітапханасы мемлекеттік тілді оқыту курсын ұйымдастырды. 

– Біздің ұжым бірнеше жыл бойы мәдени іс-шараларға қатысып, өнер көрсетіп келеді. Бұл курстың мақсаты – қазақ тілін үйрену. Қоғамда өздеріне қажетті сөздерді еркін сөйлеу, ойларын жеткізіп айту. Әр сенбіде жиырмашақты адам сабаққа келеді. Барлығы да қазақ тілін үйренгісі келеді. Күнделікті тақырыпты өздері таңдап, сұраныс білдіреді. Жас ерекшеліктеріне қарамастан жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Осылайша, «Былина» халық кітапханасы мәдениет пен білім саласында маңызды роль атқарып, қоғамның рухани дамуына үлес қосуда. 

Соңғы кездері сабақтарымызды қазақ тіліндегі танымал әндерді «караоке» режимінде орындау бағытында өткізіп жүрміз. Кезінде түрлі халықты Қазақстанға депортациялаған кезде қазақша бірде-бір сөз білмейтін адамдар қазақша сөйлеуді үйренді. Қазақ халқының арқасында аман қалып қана қоймай, осы ұлттың мәдениетін бойларына сіңірді. Бұл қандай да бір курстар ұйымдастыруды қажет етпеді. Оларға депортацияланған адамдарды өз отбасыларына алып, олармен азық-түлік, баспанасымен бөліскен қазақ халқының өмірі мен жақсы қарым-қатынасы үйретті. Бірде балаларды демалыс күндері қазақ отбасыларына жіберуді ұйғарып, ол жобамыз іске асты. Тіпті  жоспар сәтті болды және біздің балаларымыз қазақ тілінде еркін сөйлесе бастады. Өйткені кішкентай бала тілді тек тыңдау және одан не қалайтынын түсіну арқылы үйренеді. Енді біз бұл жобаны жалғастырғымыз келеді, сондықтан оны ең перспективалы деп санаймыз, — дейді «Былина» этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев. 

Бір шаңырақ астында

Қазақстанда көп ұлт бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатыр. Елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің басты кепілі – ұлтаралық татулық пен өзара сыйластық. Ұлтаралық келісімнің, этносаралық келісімнің орнауы – мемлекеттік саясаттың арқасында ғана емес, қоғамдағы әр азаматтың мәдени санасы мен адамгершілік дәстүрінің нәтижесі болып табылады.

Ұлтаралық татулық – қоғамдағы ең маңызды құндылықтардың бірі. Бұл ұғым әртүрлі мәдениет пен дәстүрді құрметтеу, бірін бірі түсіну және қолдау арқылы қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуді білдіреді. Қазақстанда әр этнос өз салт-дәстүрін сақтап, мәдени мұрасын насихаттай отырып, жалпы қоғамдағы бейбіт өмірге үлес қосады.

Атырау облысының тәжірибесі осы ұстанымды нақты көрсетеді. Мұнда 18 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істейді. Бұл құрылымдар өз дәстүрлері мен мәдениетін дамыту арқылы қоғамдағы мәдени әртүрлілікті қолдайды. Олар түрлі ұлттық мерекелер, шеберлік сабақтары, мәдени іс-шаралар және қоғамдық жобаларды ұйымдастырады. Осындай тәжірибе ұлтаралық татулықты нығайтып қана қоймай, жастар арасында мәдениетаралық диалогты дамытуға, өз мәдениетін сақтай отырып, басқа мәдениеттерді құрметтеуге ықпал етеді.

Патриоттық тәрбие – ұлттық болмыс негізі

Ұлтаралық келісімнің тағы бір маңызды аспектісі – патриоттық тәрбие. Қарақалпақ этномәдени  бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Жеткербай Пішенбаевтың пікірінше, қазақстандық патриотизм ұлтаралық татулықты сақтау арқылы қалыптасады. Елдің әрбір азаматы өз мемлекетінің бір бөлігі ретінде, өзге мәдениеттердің дәстүрлерін сыйлап, жалпы қоғамға үлес қосу арқылы ұлттық бірлікті нығайтады.

– Ұлтаралық татулықты сақтау – мемлекеттік саясатқа ғана емес, жеке адамдардың сана-сезіміне, қоғамдағы әрбір азаматтың әрекетіне байланысты. Отбасында, мектепте, қоғамдық ортада әр адамның мәдени әртүрлілікті сыйлауы, құрмет көрсетуі – қоғамдағы бейбіт өмірдің басты кепілі.

Қазақстанның ерекшелігі, этносаралық келісімді сақтау мен ұлтаралық татулықты қалыптастыруда оның гуманистік, демократиялық және толерантты сипаты айқын көрініс табады. Бұл – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен қоғамдық келісімнің басты факторы. Елде түрлі этностардың бейбіт өмір сүруі, мәдениеттердің тоғысуы, дәстүрлі құндылықтардың бір-бірін толықтыруы – Қазақстан қоғамының бірегей тәжірибесі. Сондай-ақ ұлтаралық татулықты сақтау қоғамдағы қақтығыстар мен жанжалдардың алдын алудың тиімді жолы болып табылады. Тәртіп сақтауға, заңға бағынуға, бір-біріне құрметпен қарауға тәрбиелеу арқылы қоғамда сенім мен тұрақтылық орнатылады, — деген Жеткербай Пішенбаев әр этнос өкілі өз мәдениетін де насихаттай отырып, жалпы қоғамдағы бейбіт өмірге үлес қосып жүргенін жеткізді. 

Ынтымақ бар жерде ырыс бар

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлтаралық татулық – Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуына да тікелей әсер ететін құндылық. Әр азаматтың мәдениетаралық түсіністікті қолдауы, әртүрлі мәдениеттерді құрметтеуі – еліміздің бірлігінің және әлеуметтік татулығының басты кепілі. Қазақстандағы этносаралық келісім мен ұлтаралық татулық тәжірибесі әлемдік қоғамдастыққа үлгі боларлықтай. Ұлтаралық татулықты сақтау тек мемлекет қана емес, әрбір адамның жауапкершілігі. Осы жолмен ғана Қазақстан бейбіт, қауіпсіз және дамыған мемлекет ретінде дамуын жалғастыра береді.

– Әртүрлі мәдениеттердің бір арнада жұмыс істеуі оңай үрдіс емес. Тіл мәселесі, дәстүр мен мәдениеттің тең дәрежеде көзделмеуі қоғамдық түсініспеушілікті тудыруы мүмкін. Сонымен қатар әлеуметтік теңсіздік, миграциялық үрдістер және жаңа ақпараттық кеңістіктегі қақтығыстар да ұлтаралық қатынастарға әсер етеді. Сондықтан қазіргі қоғамда этносаралық қатынастарды мониторингтеу, мәдениетаралық коммуникацияларды дамыту және жастарға патриоттық тәрбие беру маңызды міндет болып отыр. Мұндай шаралар қақтығыстың алдын алып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты арттырады, — деді облыстық мәслихат депутаты Ермекқали Юсупов.

Қазақстандағы этносаралық келісім мен ұлтаралық татулық тәжірибесі біздің мемлекет үшін ғана емес, халықаралық қауымдастыққа да үлгі боларлықтай. Әр аймақ, әр қала мен ауыл өз тәжірибесін кеңейтіп, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайта түссе, елдегі бейбітшілік әрі тұрақтылық ұзақ мерзімді болады.

Қазақстанның бейбіт өмірі, тұрақтылығы мен гүлденуі ұлтаралық татулық пен өзара сыйластықты сақтауымызға тікелей байланысты. Біз бірлігімізді сақтап, келешек ұрпаққа бейбіт әрі гүлденген ел қалдыруға міндеттіміз.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button