ДОСТАР КӨҢІЛІ

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – барша қазақстандық азаматтардың ортақ мерекесі. Жыл сайын аталған мереке сан түрлі ұлт өкілдерінің басын қосып, достығы жарасып, қаймағы бұзылмаған кең көлемде аталып өтуде. Биылғы жылы Наурыз мейрамы қарсаңында ҚР Президенті аппараты игі бастаманы қолға алып, халықтар достығын одан әрі нығайту мақсатында облыстар арасында телекөпір ұйымдастырды.

Телекөпір аясында Атыраудағы «Иверия» грузин этно-мәдени орталығы ғаламтордағы «Скайп» желісіне қосылу арқылы Тараз, Өскемен және Талдықорған қалаларымен тікелей байланыс орнатып, сан ұлт өкілдері бір-бірін Әз Наурызбен құттықтап, ақ тілектерін білдірді. Сондай-ақ, ән айтып, би билеп, мерекелік көңіл-күйді одан әрі жандандыра түсті.
Еліміздің әр аймағындағы ұлт өкілдерін бір-бірімен тілдестіру мақсатында ұйымдастырылған телекөпірде Наурыз мейрамының маңыздылығы, қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі, саясаты, ұлттық құндылықтары кеңінен сөз болды.
– Мұндай шара тарихымызда ең алғаш рет ұйымдастырылып тұр. Наурыз – Қазақ елінде жыл басы саналады. Сондықтан, бұл мереке — ортақ мейрам. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері Ұлы мейраммен бір-бірімізді құттықтауға мүмкіндік алдық. Барлық қазақстандықтарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын, ашық аспан, мызғымас достық және халықтар арасында ауызбіршілік сақталуына тілектеспін, – дейді «Иверия» грузин этно-мәдени орталығының төрағасы Зураб Бобохидзе.
«Иверия» грузин би тобы өз өнерлерін ортаға салып, тамаша көңіл-күй сыйлады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз