ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті ғимаратында өткен семинар барысында дін мәдениеті және жат ағымнан әскер қатарына алынатын жастарды сақтандыру мәселелері талқыланды.

Батыс аймағы әскери прокуратурасының ұйымдастыруымен өткен шарада облыстық Дін істері басқармасының бас маманы Қаһарман Мұсаев отбасында тәрбие беруші ата-аналардың көбінің діни сауатсыздығын айтты.
«Шынында, адам діннен ешқашан тыс бола аламайды. Өмірге келгенде құлағына азан айтылып, аты қойылады. Өмірден кеткенде артынан құран аяттары оқытылады. Сондықтан намаз оқушылардың бәріне күдікпен қарамаған жөн» деген ол жат ағымның ара-жігін ажырата білу керектігін баса айтты. Оның айтуынша, жат ағымдағылардың мақсаты – олар жерінде байлығы бар елдерге бүлік салады. Елдің тыныштығын бұзып, байлығын бөліске салуды көздейді. Дұрыс дінде жүру үшін діни сауаттылық керек. Бүгінгі күні «Діни сенім бостандығы туралы» Заңға өзгерістер енгелі лаңкестік әрекеттер біраз азайды. Қазір облыста 39 діни бірлестік, оның ішінде 28 мешіт, 3 православие шіркеуі, 6 католик шіркеуі және 7 миссионер қызмет етуде.
Дәстүрлі ислам діні мен теріс діни бағыттағыларды ажырату үшін халықтың көзі ашық, діни сауатты болуы керек. Бұл жөнінде дінтанушы Қанат Жұмағұлов тарқатып айтты. «Жалпы, ең негізгі, іргелі діндер – ислам мен христианда екі бағыт (исламда Ханафи, христианда Православие) дұрыс саналады. Дінге жұмсақтық аса қажет. Христианда «Біреу бетіңнен ұрса, оған екінші бетіңді тос» деген сөз бар. Ал, мұсылман бабаларымыз «Таспен атқанды аспен ат» дейді. «Отанды сүю – иманнан» деген тамаша сөз бар, ал жат ағымдар «Отанды сүю – догматизм» деп адасады», – деген ол жат ағымдағылардың сыртқы сипатының өзі адам түршігерлік, тұрысының өзінен тәкаппарлық байқалатынын айтты.
Семинар соңында Атырау гарнизоны бойынша әскери бөлім басшылары және әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары қызметкерлері көкейдегі сауалдарына толыққанды жауап алды.

Диас НАУРЫЗӘЛІ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз