
Дін – бөлінудің емес, бірігудің жолы
Бүгінгі жаһандану дәуірінде әлем елдері үшін ең маңызды мәселе – бейбітшілік пен рухани келісімді сақтау. Осы тұрғыда Қазақстан халықаралық деңгейде өз үнін анық жеткізіп келеді. Соның айқын көрінісі – биыл Астанада дәстүрге айналған әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің VIII съезінің өтуі. «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбында өткен бұл алқалы жиын түрлі елдердің діни көшбасшыларын, саясаттанушылар мен теологтарды бір алаңға жинап, адамзаттың рухани бірлігі мен өзара түсіністігін талқылауға мүмкіндік берді.
Осынау маңызды форумға қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысындағы өкіл имамы Болатбек Ұласханұлы мен облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев съездің маңызы мен еліміздегі діни ахуал жайында ой бөлісіп, Қазақстанның толеранттылық пен бейбітшілік жолындағы ұстанымын айқындап берді.
Мәдени тәжірибе алмасудың алаңы
Болатбек Ұласханұлы бұл съезге үшінші мәрте қатысқанын айтып, әр сапарынан жаңа ой, жаңа әсер алып қайтатынын жеткізді.
– Әр барған сайын түрлі елдерден келген дінбасылармен пікір алмасып, тың дүниелер үйренеміз. Бұл – тек діни емес, рухани, мәдени тәжірибе алмасудың үлкен алаңы, — дейді ол.
Имамның айтуынша, діндер съезі жай ғана рәсімдік жиын емес, адамзатқа ортақ құндылықтар мен бейбітшілікті дәріптейтін маңызды алаң. Съезге қатысушылардың қатарында діни жетекшілермен бірге, түрлі ғылым саласының өкілдері де бар.
– Құран мен Пайғамбар хадистерінде айтылғандай, ең ұлы нығмет – тыныштық. Тыныштық болған жерде ғана ғылым да, техника да, адам да дамиды. Сондықтан біздің еліміздің бұл бағыттағы саясаты – бейбітшілікті насихаттау, түрлі дін өкілдерін бір үстелдің басына жинап, ортақ тіл табысуға мүмкіндік жасау. Мұндай жиынға имамдар немесе шіркеу қызметкерлері ғана келмейді. Олардың қатарында саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, психологтар да бар. Әлемде болып жатқан діни ахуалға сараптама жасайтын мамандардың пікірі де тыңдалады. Діндердің басты мақсаты – адамды адам ретінде құрметтеу екенін тағы бір дәлелдеу. Осы арқылы Қазақстанның толеранттылық пен бейбітшілік жолындағы ұстанымын әлемге паш етіп келе жатқанын атап өтті. Біз әлемге үлгі боларлық толеранттылық мәдениетін қалыптастырып, оны сегізінші мәрте дәлелдеп отырмыз, — деді Болатбек имам.

Саяси және гуманитарлық тұрғыдан маңызды
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев та съездің тарихы мен маңызын кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, бұл бастамаға түрткі болған басты оқиға – 2001 жылғы 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекет.
– Сол оқиғадан кейін әлемде дін атын жамылған экстремизм мен терроризм көбейді. Осыған жауап ретінде Қазақстан басшылығы түрлі дін өкілдерін бір алаңда тоғыстырып, өзара түсіністік орнатуды мақсат етті. Съезд алғаш рет 2003 жылы өтті және содан бері әр үш жыл сайын жалғасып келеді, — деді ол.
Қаһарман Рахметұлының пікірінше, бұл жиын – тек діни емес, саяси және гуманитарлық тұрғыдан да маңызды.
– Адамзат тарихында ұлт пен дін тақырыбы мәңгілік. Кімнің дініне немесе ұлтына тиіссең, ол адам өзін қорғауға ұмтылады. Сондықтан бұл екі ұғымға құрметпен қарау – бейбіт өмірдің кепілі. Осы съездің негізгі мақсаты да – татулық пен өзара құрметті нығайту. Түрлі діндерде ортақ ұғымдар мен ұстанымдар көп. Қай діннің ілімін алсақ та, бәрі де әділдікке, мейірімге, қайырымдылыққа үндейді. Мақсат – адам баласын ізгілікке жетелеу. Біздің съездің мәні де осында, біріктіру, татуластыру. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бірақ бұл атеизм елі дегенді білдірмейді. Керісінше, әр адамның діни еркіндігі мен ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету екенін түсіндірді. Елімізде кез-келген адам өз дінін ұстануға, ғибадат үйлеріне еркін баруға құқылы. Дегенмен ешкім өз дінін өзгеден жоғары қоюға немесе басқа сенімге қарсы үгіт жүргізуге тиісті емес, — деді Қаһарман Рахметұлы.
Атырау облысындағы діни ахуалдың тұрақты екенін айта келе, басқарма басшысы нақты деректер келтірді. Айталық, 2010 жылдары облыста бар болғаны 30-ға жуық мешіт болса, бүгінде олардың саны 60-қа жуықтаған. Бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен діни төзімділіктің белгісі екендігі белгілі.
Дінаралық татулық пен тұрақтылықты сақтау үшін өңірде 10 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Олар мектептерден бастап түрлі мекемелерде, тіпті шетелдік азаматтармен де кездесулер өткізіп, діни сауаттылықты арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Мешіттерде жастар көп
Жастардың рухани ізденісі де назардан тыс қалған жоқ. Болатбек Ұласханұлының айтуынша, жастардың дінге деген қызығушылығы артып келеді.
– Қазір мешітке келушілердің басым бөлігі жастар. Бұл – қуанышты жайт. Адам рухани азық іздейді, оны табу – табиғи қажеттілік. Егер оны дұрыс жолдан іздесе, ол үлкен сауап. Сондықтан біз жастардың діни сауатын дұрыс бағытта арттыруға күш салудамыз, — деді ол.
Қазір Қазақстанда бір жоғары діни оқу орны – Нұр-Мүбарак университеті, тоғыз медресе-колледж жұмыс істейді. Өңірлерде бірнеше Құран жаттау орталықтары бар. Атырау өңірінде екі Құран жаттау орталығы мен мешіт жанындағы сауат ашу курстары жұмысын жүргізуде.
Дегенмен дінді дұрыс түсінбей, дәстүрлі емес ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастар да кездеседі. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қаһарман Рахметұлының айтуынша, облыста діни оңалту және алдын алу шаралары арнайы мамандардың қатысуымен тұрақты түрде жүргізіледі.
– Басқармаға қарасты 40-тан астам қызметкер жұмыс істейтін зерттеу және мониторинг орталығы бар. Олар әлеуметтік желілерді бақылап, дәстүрлі ислам қағидаларына қайшы уағыздарды анықтап, сараптамадан өткізеді. Егер дінге жат, қоғамға зиянды идеялар таратылса, құқықтық шаралар қолданылады. Сондай-ақ теріс бағытқа түсіп кеткен адамдармен жеке теолог мамандар жұмыс істейді. Олармен кездесіп, әңгімелесіп, діни экстремизмнің түбі неге апаратынын түсіндіреді. Бұл оңалту жұмыстарының басты мақсаты – адамды қайта қоғамға бейімдеу — дейді ол.
Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің VIII съезі – Қазақстанның рухани келісім мен бейбітшілік жолындағы берік ұстанымын айқын танытқан маңызды оқиға болды. Бұл форумда дін, ғылым және қоғам өкілдері адамзаттың ортақ құндылықтарын талқылап, өзара түсіністік пен татулықтың мәнін тереңірек ашып көрсетті.
Сұхбаттасушыларымыздың пікір-лерінен еліміздің діни тұрақтылықты сақтау, жастардың рухани ізденісін қолдау және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығы байқалады.
Бүгінгі таңда Қазақстан түрлі дін мен мәдениет өкілдерін бейбіт өмір мен өзара құрмет төңірегінде біріктіріп, толеранттылықтың жаһандық үлгісін қалыптастырып отыр.
Биылғы діндер съезі – діни басқосу ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани бірлігін, келісім мен бейбітшілікке деген ортақ ұмтылысын айқындаған тарихи қадам болды.
Алмас ҚАБДОЛ


