Дамудың жаңа жоспары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзі өңірлік дамуымызға тұғырнама іспетті десек, артық айтқандық емес шығар. Мұнда айтылған басым бағыттардың бірі – мұнай-газ өнеркәсібін дамыту ел үшін маңызды деп білемін.

«Атырау облысы – еліміздегі ең үлкен индустриялық өңірдің бірі. Аймақтың мұнай-газ өнеркәсібі шетелден инвестиция тарту саласында көш бастап келеді. Сондай-ақ, Қазақстанның әлемдегі инвестициялық имиджін арттыруға септігін тигізуде. Облыс республикалық бюджетке және Ұлттық қорға қомақты қаржы құйып отыр», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген біраз түйткілді мәселелерді көтеріп, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Үкіметке өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі-мұнай-газ жобаларын уақытылы жүзеге асыруды бақылауды міндеттеді. Расында, бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттырса, жұмыс орындары да ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туатын еді.

Сондай-ақ, Қ.Тоқаев сапалы жолдың қауіпсіздік кепілі екеніне тоқталды. «Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек» деген Мемлекет басшысы жол сапасын сынға алды.

Айтса айтқандай, өңірдегі жолдың сапасы көңіл көншітпейді. Әсіресе, стратегиялық маңызы зор «Орал-Атырау» тасжолының бойында көлік тұрағы жоқтың қасы.

Кеңесте сөйлеген Президенттің сөзі біздің көңіліміздегі ертеңгі күнге деген сенімді нығайта түсті. Облыстағы кез-келген компания ел мүддесі жолындағы қызметтерін талап деңгейінде жүргізетініне күмәнім жоқ. Мұның басты негізі — елдің үміті, Мемлекет басшысының сенімі.

Қайрат ИЩАНОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз