cvsqvsyveaa1eal.jpg large

Дәл қазіргі уақытта аға буын өкілдерінің ақылы ауадай қажет

Қоғам

Atr.kz/8 сәуір, 2020 жыл. «Біздің Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барша табыстарымыздың қайнар көзі  – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Бұл құндылық қашан да, қай кезеңде де өз мәнін жоймауы тиіс» дейді химия ғылымдарының докторы, ардагер ұстаз Аманжан Сағынаев.

Қашан да осынау құндылықты алға қоя білетін  Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында бұл қасиетімізді одан әрі арттыру қажеттігін тағы бір мәрте баса айтты.Расымен де, Елбасы айтқандай, Алла Тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмауын тілейміз. Халықтың ынтымағы, бірлігі бізге аса қажет. Бұл Тәуелсіздігімізді сақтап, болашағымыздың жарқын болуына бастар жол екенін ұмытпаған абзал. Осы орайда ел арасындағы әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің жетегіне еруге болмайды. Ең бастысы, қазіргі жағдайда ел ішінде ізгі амалдар жасап, саламатты өмір салтын сақтап, артымыздан ерген буындарға өзіміз бастап үлгі болуымыз қажет. Өзгелерге қамқор болып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға ерікті ретінде қол ұшын созудың өзі біздің ең асыл қасиетіміздің жемісі екенін көрсетеді. Бұл ретте жастарды еңбекке баулып, олардың білім алуына ынталарын арттыруға да баса мән берген жөн, – дейді спикер atr.kz-ке берген сұхбатында.

 Қазіргі төтенше жағдай кезінде оқушылар мен студенттер қашықтықтан оқып жатыр. Яғни, олардың әрқайсысы үйінде, ата-аналарының, үлкендердің қасында білім алуда. Осы уақытта Аманжан Төремұратұлы үйдегі аға буынның жауапкершілігі осынау шақта аса сыналатынын айтты.

«Бұл жағдайда үйдегі үлкендер балалардың тәрбиесіне ерекше ден қойып, ынтымақ пен бірліктің арқасында алынбайтын қамал жоқ екенін ұғындырған жөн. Жастардың сабақ оқығаннан кейінгі уақыттарын аса тиімді пайдалануына мән берілуі керек. Бұл ретте үйдегі балалардың бірлесе іс атқаруына жағдай жасау маңызды. Үлкендері кішілерге қамқор болып, кішілері үлкенді құрметтей отырып,  бірлесіп тон пішу қажеттігін меңгертсек қандай ғанибет?!  Мұның барлығы  жастарға бірлесе білгендер ғана бәрін жеңетіндігін меңгертіп, олардың қандай істе де  жауапкершілігін арттырары сөзсіз. Ал, мұның барлығы біздің ұрпақ алдындағы өнеге мен тәрбиеміздің жемісі болмақ» дейді ол.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған