БОЗ КІЛЕМДЕГІ ТАРТЫС

Қызылорда қаласында өткен қазақ күресінен жастар арасындағы чемпионатта жүлдегер атанған палуандар елге оралды. Оның ішінде үшеуі медальдарға ие болды. Атап айтсақ, 74 келі салмақта Дулат Қабдығали бес жекпе-жек өткізіп, барлық қарсыласты жықты. Нәтижесінде, алтыннан алқа тағынды. Сонымен қатар, қыздарымыз – белбеу күресінен әлем чемпионы Эльмира Самиғоллаева мен әлем додасының жүлдегері Саида Қабсалыхова да аталған бәсекеде топ жара білді.

Сейсенбі күні Алматы-Атырау бағытындағы пойыздан спортшыларды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов бастаған жанкүйерлер үлкен қошеметпен қарсы алды.

– Биылғы жыл мен үшін үлкен сәттілікпен басталып отыр. Еліміз үшін де атаулы күндерге толы жылы ел чемпионы атанғаныма шексіз қуаныштымын, – дейді Дулат Қабдығали. – Маған қолдау білдірген барлық жанкүйерлерге, бапкерім Айбек Серғазиевке алғысым көп. Бұл менің ағымдағы жылғы соңғы жетістігім деп ойламаймын. Сондықтан, тағы медаль еншілеуге бар күш-жігерімді саламын.

Айта кетсек, жас палуандарымызды тағы да байрақты дода күтіп тұр – жастар арасында дзюдодан ел чемпионаты. Сәттілік тілейміз!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз