БОРЫШКЕРЛЕР ШЕТЕЛГЕ ШЫҒА АЛМАЙДЫ

Сот актісін немесе басқа да уәкілетті органдардың қаулыларын орындамағаны үшін елден шығуға тыйым салынған атыраулықтар саны артуда.

 

Облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Асулан Кәрімовтың айтуынша, борышкерлер қарызын толық төлемейінше «Беркут» базасы арқылы оларға шектеу қойылады. ҚР-ның 2010 жылы жарық көрген «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, сот актісін немесе басқа да уәкілетті органдардың қаулыларын орындамағаны үшін борышкерлерге әртүрлі мәжбүрлеп орындату шаралары алынады. Солардың бірі 33-бапта көзделген борышкер болып табылатын жеке немесе заңды тұлғаның еліміздің шекарасының сыртына шығуын уақытша шектеу және уақытша шектеуді тоқтата тұру шарасы.

– Күні бүгін атқарушылық құжатын орындамаған 9 мың 163 борышкерге шектеу қойылды. Оның 1613 атқарушылық құжаты жеке сот орындаушыларымен қойылған. Егер борышкер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде емделуге баруы қажет болған жағдайда сот орындаушысы сотқа емделу уақытын көрсете отырып, шектеуді уақытша тоқтатуға қаулы жолдайды. Қанағаттандырылған жағдайда шектеу уақытша тоқтатылады, – дейді А. Кәрімов.

Ал, егер борышкер атқарушылық құжатты толық көлемде орындаса, өндіріп алушының арызы бойынша шектеу алынып тасталады. Қазір 8,1 миллиард теңгені құрайтын 1635 атқарушылық құжаты нақты орындалып, базадан шектеулер алынған.

Ел азаматтары шетелге шықпас бұрын екінші деңгейдегі банктерге, коммуналдық қызметтерге, басқа да заңды, жеке тұлғаларға борыштарының бар-жоғын немесе төленбеген әкімшілік айыппұлдарды тексеріп алғандары жөн. Бұл туралы еліміздің Әділет министрлігінің adilet.gov.kz сайтындағы «ҚР шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың тізімі» арқылы қарауға болады.

Алтыншаш Құрмашева.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз