БОЛСАҢ, ӘДІЛДЕЙ БОЛ!

«Берсең - балаға бер, қуантсаң - баланы қуант» демекші, Қ.Қалыбеков атындағы орта мектепте өткен қайырымдылық акциясы талай оқушыны қуантып, ерекше күйге бөледі. Расында да, балаға жасалатын қамқорлық - болашаққа жасалатын қамқорлық. Ал, осындай қамқорлықтың мектеп қабырғасынан бастау алуы оқушылардың ізгілік пен мейірімділікті сезініп өсуіне, балалардың жастайынан ізгілікке, қайырымдылыққа бет бұруына зор көмек болмақ. 

 

Биылғы қаңтардың қақаған қысы мен ақпанның ақырған аязы кейбір отбасыларына ауыр салмақ салғандай. Қашанда елінің қамын ойлап жүретін, осы ауылдан түлеп ұшқан азамат Әділ Жұбанов осы бір салмақтың жүгін жеңілдетіп бергендей болды. Сөйтіп, ол аз қамтылған отбасының 10 баласын басынан аяғына дейін қысқы киіммен киіндіріп берді. Бастарына бөрік, жылы күрте мен қысқы аяқ киімді болған балалар да, олардың ата-аналары да мәз болды.       

Әділдей қолы ашық, жүрегі кең азаматтар көп болсын, оның қамқорлығын көріп, соңынан ілесіп келе жатқан оқушылар ісін жалғастырсын деген тілек айтамыз. Барлық ата-ана атынан оған ақ алғысымызды білдіріп, дені сау, отбасы аман, кәсібі нәсіпті болсын дейміз.  

М.АҚМҰРЗИЕВА,
Қ.Қалыбеков атындағы орта мектептің
ата-аналар комитеті төрайымы,
Махамбет ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз