БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАРД

«Бард» деген сөзді естіген уақытта біздің есімізге сонау 80 жылдардың тұсында ару Алматыны әнге бөлеген, ешкімге ұқсамайтын тегеурінді шығармаларымен оқшау тұратын Табыл ақын оралары сөзсіз. Сәл тереңірек білімі барлар Б.Окуджава мен В.Высоцкийді ауызға алады. «Шын мәнінде таныс әрі бейтаныс «бард» сөзінің мағынасы не, тарихы қандай, қазаққа жақындығы бар ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрейікші...

 

Есте жоқ ескі заманда Британия аралдарында дүниеге келген осы атауды иеленгендер жөнінде өнер зерттеушілері әртүрлі пікір айтады. Өз корольдерінің мәртебесін көтеріп, жауынгерлерді рухтандыратын әнші-жыраулар туралы аңыз да сан қилы. Алыс күндерде Британия мен Дания ормандарын мекен еткен болмысы бөлек өнер иелеріне жергілікті тұрғындар «друидтер» (санскритте «дру» орман деген мағынаны білдіреді) деп ат қойып, кейде оларды данышпандар, тіпті сиқыршылар деп те атаған. Друидтердің жағырапия, астрономия, медицина, астрология саласындағы бай дүниетанымы қазіргі зерттеушілерді таңғалдырып келеді. «Бард» сөзінің түпкі тегінің өте көне өркениеттің өкілдері болып саналатын осы Друидтерден таралуы да таңғажайып жайт. Сол кездерде нағыз бард ақын атану үшін тамаша музыкант болумен қатар, қасиетті Друидтер поэзиясынан 20 мың жол өлеңді жатқа білу сынды қатаң талап қойылған екен. Көне заманда табиғат пен өмір заңдылықтарын терең меңгерген, ақиқат пен үйлесімнің белгісіндей аспан көк түсті киім киген бард ақындар гитара пайда болғанша әртүрлі аспаптарда ойнаған екен. Олар британдық не ирландтық арфаны еске түсіретін шекті аспаптарда жыр төккен. Ал, ол аспаптарға адам қабырғасының санына сәйкес кәдімгі адам шашынан ішек орнатылады екен. Қалай айтқанда да өздерін өзге өнер иелерінен ерекше ұстайтын бард ақындар рух пен ерліктің жыршысы болғаны анық.

Аттың басын аңыздан ақиқаттың ауылына бұрар болсақ, бардтық өнер Ресейге өткен ғасырдың 30-жылдары түрме әндері арқылы жабық түрде келді. Кейіннен бұл жанр қарапайым халыққа А.Галич, Б.Окуджава, В.Высоцкий, Ю.Визбор есімдері арқылы таныс болды. Жалғандықтың бетпердесін аяусыз сыпырған алмастай өткір сөз, жан дүниеңді тебірентетін ерекше саз гитарадан біресе мұңлы, біресе жігерлі әуенмен төгілді. Ешқандай цензураға көнбейтін ақиқат өнер иелерінің тағдыры да оңай болмағаны анық. Қазіргі күндерде Ресейде бардтық өнерді насихаттайтын авторлық әндердің клубтары бар.

Қара гитарасын құшақтаған болмысы бөлек қазақ ақыны Табыл Досымовтың «Гурий Назаров ақсақалдың рухына ашық хат», «Биіктік», «Шайырдың шабытсыз шағы» сынды туындылары қазақ тыңдармандары үшін тың жаңалық, тосын құбылыс ретінде қабылданды.

«Маңдайға жазған болмыстың заңы:

Қазаққа ғана қазақ қас.

Сондықтан зармен табақтас бол да,

Азапты мініп тозаққа ас.

Тезегің қурап, текті ерің тулап,

Итжеккен асып кеткенде,

Теңселген елге сен төре болдың,

Тексізден туған тезекбас!

Сол бір тексіздер дастархандарды,

Теуіп бір кетсе төрден кеп.

Жарамсақ қулар жүйіткіді талай,

Мәскеуден ұшқан орден боп…

«Қара «ЗИМ»-дердің ала шаңдағын,

Шампуньмен жуып тазартып,

Төрелерге арнап құлын сойғандар,

Тірі жүр, әлі өлген жоқ…», – деп жырлаған Табыл ақынның жеке пікіріне құлақ түрсек, бардтық өнер қазақ топырағы үшін де жат емес көрінеді. Егер де көне кельт жыраулары өз жауынгерлерін рухтандыру мақсатында жырласа, «Қайран да менің Еділім» деп күңіренген Қазтуғаннан марғасқа Махамбетке дейінгі қолынан найзасы түспеген батыр жырауларымыздың қай туындысын алсақ та, ерлік пен өрліктің сарыны есіп тұрған жоқ па?! Алмағайып заманда өзінен күші басым жауға қарсы тұрған ерлердің еңсесі түспеуі үшін қасиетті қара сөздің киесі басым болды.

Жалпы, жұрт арасында «бард» деп сөзін де, әнін де өзі шығарып орындайтын әншіні атайды» деген жаңсақ ұғым бар. Сөз жоқ, бард ақын – өз туындысының сөзінің де, сазының да егесі. Бірақ, олардың ерекшелігі әннің сазынан гөрі, сөзіне мән беруінде жатыр. Заман өзгеріп, дүние ауысқан сайын, бардтық әндердің де тақырыбы алмасып келеді. Алғаш өмірге белгілі бір дәстүрді насихаттау мақсатында келген бұл туындылар кейін ерлікті үндейтін дауылпазға айналды. Бүгінгі күнде бард ақындар қарапайым пенде байқай қоймайтын, байқаса да шегіне жеткізіп айта алмайтын қоғамның қасіретін жырлайды. Қалай айтқанда да, жеті шекті аспаппен орындалатын бұл шығармаларды жігеріңді шыңдап, жебедей шындықты жетеңе жеткізе сөйлететін, жеңіске бастайтын туындылар деп ұғыну керек.

P.S. Бұл мақала осыдан алты жыл бұрын республикалық «Алтын Орда» газетінде жарық көрген болатын. Толағай Табыл ағамның тар шаһарда тұнжырап жүрген кездері болар, бәлкім… Сол ағамның бақилыққа аттанғанына да бірнеше күз куә болды.

Биылғы жылы Табыл Досымовтың 50 жылдығы атап өтілуде. Жастығының куәсі асқақ Алматыда күні кеше «Қайда сол, КазГУ-городок, Алматы қайда, мен қайда?» атты еске алу кеші, маңғаз Маңғыстауда курстастарының еске алу шарасы өткізілсе, туған топырағы Атырауда дүние салғалы бірнеше концерттер мен ән кештері берілді. Табылдың әніне ынтық елі барда есімі де ұмытылмасы анық.

«Алаштан асқан алпауыт біреу болмаса, Жолымды менің кеспеуі керек енді ешкім»  деген сөзді оның аузына Құдай салса керек… Оның даңқты сапары енді басталды…

Әлия  ДӘУЛЕТБАЕВА,

ақын, халықаралық «Шабыт»  фестивалінің лауреаты. 

Ақынның 50 жылдығына арналған

«Сағыныш  белгісі» атты ән кеші

15 қазан күні сағат 17.00-де Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтеді.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз