
Бізде «ертең» деген сөз болмайды
*19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында
Биыл еліміздегі азаматтық қорғау саласының құрылғанына 30 жыл. Осынау айтулы күннің қарсаңында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Жаңабаевпен сұхбат құрып, өңірдегі ахуалға, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларға үңілген едік.

Қиындыққа толы қызмет
– Нұрлан Мақсотұлы, биыл еліміздегі төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 30 жыл. Бұл салада бұрынғы мен бүгінді салыстырып қарасақ, қандай өзгерістер мен ілгерілеулерді байқауға болады?
– Дұрыс айтасыз, 30 жыл деген аз уақыт емес. Бұл әр кезеңнің өз қиындығы мен жауапкершілігі болған, үлкен тәжірибемен келген жол. Алғашқы жылдары бәріміз де осы саланың іргетасын бірге қаладық. Жабдық тапшы, кадр жеткіліксіз, бірыңғай жүйе қалыптаспаған еді. Бірақ сол қиындықтардың өзі бізді ширықтырды. Қазір, шүкір, заман өзгерді. Бізде цифрлық технология, спутниктік бақылау, дер кезінде әрекет ететін жедел топтар бар. Алайда қауіп-қатер азайған жоқ. Қайта күрделене түсті.
–Қауіп-қатер дегеніңіз аяқ астынан шыға келеді ғой. Оның үстіне Атырау өндірісі де, табиғаты да өзгеше аймақ. Мұндай өңірде қызмет атқару екі есе салмақ түсіретіндей…
– Иә, Атыраудың бір күнінде аптап ыстық та, шаңды дауыл да, су тасқыны қаупі де қатар келуі мүмкін. Оның үстіне ірі өндіріс ошақтары көп. Газ, мұнай, тасымал, логистика… Біз үшін әр маусымның өз сынағы бар. Көктем – су тасқыны, жаз – өрт, күз – жел мен нөсер, қыс – көктайғақ пен аяз. Былай қарағанда, жылдың бір де бір мезгілі «тыныш» өтпейді екен.
– Осындай жүктеменің ішінде сіз басқарып отырған департамент соңғы жылдары қандай нақты жұмыстар атқарды? Тұрғындар үшін елеулі деген қандай өзгерістер болды?
–Соңғы екі жылда біздің жұмысымыз ауқымды түрде жанданды. Ең алдымен, техникамен қамту мәселесін шештік. Бұрын бір техникамен бірнеше ауылды қамтуға тура келетін. Бүгінде 91 жаңа техника, 10 мотопомпа, 1 жүзу құралын алып отырмыз. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл кез-келген қауіпке жедел жетіп, көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды дүние – оқу-жаттығулар. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, соңғы екі жылда 3 мыңнан астам оқу-жаттығу өткіздік. Бұл дегеніңіз, әр «төтенше жағдайды» шынайы өмірге сәйкес етіп өткізу, тәжірибе жинақтау. Мұндай жаттығуларсыз біз ешқандай да кәсіби дайындықты толыққанды деп айта алмаймыз.

– Ал халықпен байланыс жағы қалай? Кейде адамдардың өзі қарапайым қауіпсіздік ережелерін біле бермейді. Бұл жеке жауапкершілік сияқты көрінгенімен, сіздерге де әсері бар ғой?
– Әрине, әсері бар. Қайғылы жағдайдың көпшілігі қарапайым ережені сақтамағаннан болады. Сондықтан біз соңғы жылдары түсіндіру жұмыстарына көп күш салып келеміз. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарға көбірек көңіл бөлудеміз. Мысалы, «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі» айлығы аясында үйлерді аралап, түтін датчиктерін тегін орнаттық. Бұл жай ғана құрылғы емес, адамның өмірін құтқаратын дабыл беруші құрал.
– Су тасқыны да өңірдің басты қауіптерінің бірі…
– Дұрыс айтасыз. Су басу жыл сайынғы тұрақты қауіпке айналды. Сондықтан біз бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Соңғы жылдары өзен арналары тазартылып, қорғаныс дамбалары нығайтылды. Бұл оңай жұмыс емес. Бірақ соның арқасында биыл су тасқынынан келген қауіп-қатерді айтарлықтай азайттық. Мұның нәтижесін халық көзімен көріп отыр.
– Сөзіңізге қарасақ, «апат айтып келмейді» дегенмен, оған дайын болуға болады екен ғой.
– Солай. Төтенше жағдайлардың басты қағидасы да осы: қауіптің алдын алу. Біз ешқандай жағдайдың қайталанбауын қалаймыз. Дегенмен бұл бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біздің жұмыс – қауіппен күресу ғана емес, адамдарға қауіпсіз өмір сүруді үйрету. Егер әр адам өз үйінің, өз баласының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараса – онда біз бір қадам алда тұрамыз.

Жаңа технологияны білу маңызды
– Қазір кез-келген салада технология шешуші рөл атқарып отыр. Сіздерге де «жалаң батырлық» жеткіліксіз, заманауи техника мен құрал-саймансыз қауіпке қарсы тұру қиын. Осы тұрғыда Атыраудағы төтенше жағдайлар қызметі қаншалықты жаңарды?
– Өте орынды сұрақ. Иә, қазір тек жүрек пен батылдық жеткіліксіз. Бүгінгі құтқарушы батыр ғана емес, технологиямен жұмыс істей алатын маман болуы керек. Соңғы жылдары бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылды.
Құтқару операциялары кезінде минут емес, кейде әрбір секунд шешуші рөл атқарады. Техникаң ескі болса, бір жерге кешігіп бардың ба – соңы үлкен шығынға, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан біз үшін материалдық база жай құрал емес, бұл біздің сенімді серігіміз.

– Жыл басында Жайық жағасындағы құтқару станциясы ел назарын аударды. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Иә, бұл біз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін үлкен жаңалық болды. Биылғы қаңтар айында Жайық өзенінің бойында елімізде, тіпті ТМД көлемінде баламасы жоқ құтқару станциясы салтанатты түрде ашылды. Құрылыс рекордтық екі ай ішінде аяқталды. Мұндай нысанның осы өңірде бой көтеруі стратегиялық шешім деп білемін.
Бұл станция техникалық база ғана емес, ол жергілікті халықтың қауіпсіздігіне берілген сенімді кепіл. Оған қоса құтқарушылардың өздері де толыққанды жағдаймен қамтылды. Жанында екі қабатты қызметтік ғимарат тұрғызылып, 11 пәтерге құтқарушылар отбасымен қоныстанды. Бұл біз үшін ерекше мақтаныш. Өйткені қауіпке бас тіккен адам өз үйінде, отбасы жанында жайлы жағдайда тұруға әбден лайықты.
– Әңгімеңізге орай айтсам, шалғай ауылдардағы жағдай қалай? Онда қауіп төнсе, жету қиын емес пе?..
– Бұрын, шыны керек, солай еді. Қыс түскенде кейбір аудандарға жету үлкен мәселе болатын. Әйткенмен биыл бұл мәселе шешімін тапты. Мамыр айында Махамбет ауылынан әмбебап бөлім аштық. Сонымен қатар Құрманғазы ауданы Бөкейхан ауылында, Мақат ауданы Доссор кентінде және Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылында жаңа модульдік өрт сөндіру деполары бой көтерді.
Бұл деполар заманауи стандарттарға сай. Барлығы қысқа мерзімде, модульдік құрылыс технологиясы бойынша салынды. Ішінде бәрі бар: техника, байланыс құралдары, ас үй, демалыс бөлмесі, персоналға арналған жайлы орта. Тіпті, шұғыл шақыртуға арналған екі-үш бағыттағы шығу есіктері де қарастырылған.

– Құтқарушы кез-келген сәтте, қай жерде қауіп туса да, дайын тұруы керек қой.
– Дәл солай. Бұл – біздің басты ұстанымымыз.
Жалпы, министрлік тарапынан бізге үлкен қолдау жасалуда. Заманауи құрал-жабдықпен жабдықтау жай бір реттік науқан емес, бұл жүйелі бағыт. Әрбір жаңартылған техника адамның өмірін сақтауға арналған нақты құрал. Бұл ретте Атырау облысы да шет қалмай, нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
– Қарап отырсақ, сіздердің жұмыстарыңызда «бәрі дайын болу керек» деген ұстаным мықтап қалыптасқан секілді…
– Иә, қателеспедіңіз. Біздің салада «ертең» деген сөз жүрмейді. Қазір, дәл осы сәтте біз қандай жағдайға да дайын болуымыз керек. Бұл дайындық техникамен, біліммен, тәжірибемен, сеніммен келетін дүние.
– Сіздің айтқаныңыздан байқағаным, бүгінгі құтқарушы апатпен күресетін адам ғана емес, сонымен қатар үйретуші, түсіндіруші, алдын алушы. Яғни, жұмыс тек әрекеттен емес, дайындықтан, білімнен, байланыстың өзінен басталады ғой?
– Дұрыс түсіндіңіз. Біз көбіне құтқарушыларды төтенше сәтте жүгіріп жүрген, өрттің ішінен адам алып шыққан, судан кісіні құтқарған бейнемен елестетеміз. Бірақ сол әрекеттің артында үлкен дайындық, үздіксіз жаттығу мен терең білім жатыр.
Біз үшін әр жетістік бұл жүйелі дайындықтың нәтижесі. Қазірдің өзінде 3200-ден астам оқу-жаттығу өткіздік. Яғни, біз түрлі сценарийлерді қайталай береміз: егер осындай жағдай бола қалса, не істейміз? Қайда барамыз, қалай әрекет етеміз? Мұның бәрі қателеспеу үшін керек.
Сол секілді қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне де баса мән береміз. Тұрақты семинарлар, қайта даярлау курстары өткізіліп отырады. Соңғы екі жылда 1000-ға жуық қызметкер оқытудан өтті. Құтқарушының тек физикалық дайындығы емес, теориялық базасы да мықты болуы керек.
«Әр оқиға бізді шыңдай түседі»
– Қызметтің аты айтып тұрғандай, сіздер күн сайын күтпеген жағдайларға, тосын сынақтарға дайын тұруға міндеттісіздер. Соңғы жылдары есте қалған, ерекше ауыр тиген төтенше жағдайлар туралы айтып бере аласыз ба?
– Апат деген алдын ала ескертіп келмейтіні белгілі. Есте қалған жағдай – былтырғы су тасқыны. Атырау өңірі соңғы жылдардағы ең ірі табиғи апаттың бірін бастан кешті. Өздеріңіз білесіздер, облыстағы өзендер тасып, елді мекендерге қауіп төнді. Су қатты келді, кейбір жерде көпірлерді шайып кетті, жол қатынасы үзілді.
Сол кезде біздің басты міндет – халықтың өмірін сақтау болды. Күн-түн демей жұмыс істедік. Соның нәтижесінде 35 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге дер кезінде көшірілді. Бұл бір адамның, не бір мекеменің емес, бүкіл жүйенің жұмыла жұмыс істеуінің нәтижесі.

–Басқа қандай оқиғалар ерекше есте қалды?
– Тағы бір елеулі жағдай – «Baizaar» сауда орталығындағы өрт болды. Оның аумағы шамамен 1000 шаршы метрді құрайды. Өзі ірі нысан, адам қарасы қалың. Жедел жетіп, 80 адамды қауіпсіз жерге көшірдік. Ең бастысы, адам шығынына жол берілмеді.
Бірақ өрттің күрделілігі түтіннің қоюлығында және ішіндегі тез тұтанғыш материалдарда болды. Бәрі әп-сәтте отқа оранып кетуі мүмкін еді. Сол жерде қызметкерлеріміздің нағыз кәсіби дайындығы сынға түсті. Бәрі өз ісін білді, үйлесімді жұмыс істеді. Өртті ауыздықтап, үлкен апаттың алдын алдық.
– Ал биыл орын алған жағдайлар ше? 2025 жыл да тыныш болмады ғой…
– Иә, өкінішке қарай, биылғы 30 мамырда Құлсары қаласында «Ниет» жанармай құю станциясында газ құю кезінде жарылыс болды. Бұл биылғы ең ірі, әрі өкінішті оқиға. Екі адам қаза тапты, 14 адам түрлі жарақат алды. Жарылыстың күшті болғаны соншалық – алты көлік жанып кетті, маңайдағы ғимараттар зақымданды.
Мұндай жағдайлар біз үшін ауыр сабақ. Қауіпсіздік техникасы мен ережелерін сақтау жай талап емес, бұл адамның өмірін сақтау мәселесі. Өкінішке қарай, бәрі де сол қарапайым ережелерге салғырт қараудан туындайды.
– Демек, әр оқиға бір тәжірибе, бір сабақ…
– Дәл солай. Біз әр апаттан соң міндетті түрде толық талдау жүргіземіз. Қай жерде кешеуілдедік? Қай жерде ұттық, не жетіспеді? Қандай шешім дұрыс болды? Мұның бәрі келесі жағдайға дайын болу үшін керек.
– Әр салада шешімін күткен мәселелер болады. Азаматтық қорғау саласында сізді алаңдататын қандай түйткілдер бар? Мәселен, кадр жетіспеушілігі, қауіпті аймақтар, тұрғындардың салғырттығы – осының бәрі өмірге тікелей әсер ететін мәселелер емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Бәрі көрініп тұрған апат емес, кейде ең үлкен қауіп адамның өз жауапкершілігін сезінбеуінде. Бізді қазір ерекше алаңдатып отырған мәселе – тұрғындардың қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарауы.
Мысалы, кейде ата-аналар балаларын қараусыз қалдырып кетеді. Соның салдарынан суға кету, терезеден құлау, отпен ойнау, тоққа түсу секілді қайғылы жағдайлар орын алады. Әсіресе жаз айларында, су маңында мұндай оқиғалар көбейіп кетеді.
Бұл кімнің де жүрегін ауыртатын жағдайлар. Қарапайым сақтық, сәл мұқияттылық, баланы қадағалау – соның бәрі бір адамның тағдырын, бір отбасының тыныштығын сақтап қалуы мүмкін еді.
– Демек, қауіп сыртта ғана емес, үйдің ішінде, баланың айналасында да жүруі мүмкін…
– Дәл солай. Біз апат дегенді көбіне сырттан келетін зілзаламен байланыстырамыз. Алайда кейде ең үлкен қауіп адамның өз үйінде орын алуы мүмкін. Қайғылы оқиғалардың көбі қарапайым ережелерді сақтамаудан туындайды. Үйдегі пеш дұрыс орнатылмаса, баланың қолы жететін жерге сіріңке қойылса, терезеге тор салынбаса… Осындай ұсақ-түйек сияқты көрінген дүниелер үлкен трагедияға айналып кетіп жатады.
Қауіпсіз қоғам деген не?
– Қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бір күндік шаруа емес. Бұл ұзақ әрі жүйелі жұмысты талап ететіні түсінікті. Осы бағытта атқарылып жатқан алдын алу шаралары туралы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Иә, бұл расында да бір күндік іс емес. Қауіпсіздік мәдениеті дегеніміз – адамның күнделікті өмірінде қауіптің алдын алуға дағдысы болуы. Біз үшін ең маңызды міндеттің бірі сол мәдениетті қалыптастыру.
Төтенше жағдайлар қызметі апат кезінде ғана емес, соның алдын алуда күн сайын жұмыс істейді. Әсіресе тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі – басты назардағы мәселе. Мысалы, жыл сайын өткізілетін «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі» айлығы аясында біздің инспекторлар денсаулық сақтау нысандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 2400-ге жуық адамды қамтыды.
Бірақ тек түсіндірумен шектелмейміз. Өрт шыққан жағдайда қалай әрекет ету керектігін көрсету үшін өрт-тактикалық жаттығулар да өткізіледі. Яғни, адамдар тек теория емес, нақты практика арқылы қауіпсіздік ережелерін меңгереді.
– Сіздің ойыңызша, нағыз құтқарушы қандай болуы керек? Бұл қасиеттер қандай адамдарға тән?
– Мен үшін нағыз құтқарушы ең алдымен өз ісіне шын берілген, жауапкершілігі жоғары жан. Бұл мамандықты таңдаған адам шынайы ұмтылыспен қызмет етуі тиіс. Құтқарушы болу бұл тек кәсіби таңдау емес, ол өмірлік ұстаным, жүректің қалауы.
– Қазіргі заман талаптары күннен-күнге өзгеріп жатыр. Осыған орай төтенше жағдайлар қызметінің даму бағыттары қандай? Алдағы жоспарларыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Иә, заман талабына сай қызметіміз үнемі жаңарып, дами беруі қажет. Біз жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу арқылы құтқару мүмкіндіктерін арттыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар мамандардың кәсіби деңгейін одан әрі жоғарылату, қоғамдық қауіпсіздік мәдениетін нығайту басты бағыттарымыз.
Жоспарымызда – халыққа қауіпсіздікке қатысты ақпараттық жұмысын кеңейту, ауылдық жерлердегі қызметтерді жетілдіру және техникамен жабдықталуды әрі қарай жаңғырту бар. Біз әрдайым дамуға, жаңашылдыққа ашықпыз және төтенше жағдайлардың алдын алуда табанды боламыз.
– Мерейлі мереке қарсаңында әріптестеріңізге, сала ардагерлеріне және халыққа қандай тілек айтасыз?
–Мерейлі мерекеде барша әріптестерді, ардагерлерді және төтенше жағдайлар қызметіне сенім білдіріп келе жатқан тұрғындарды шын жүректен құттықтаймын!
Біздің ең басты міндетіміз – халық сенімін ақтау. Сол сенімді жоғалтпай, ел қауіпсіздігі жолындағы жауапты қызметімізді абыроймен атқаруды жалғастырайық!
– Сұхбатыңызға рақмет! Ел игілігі жолындағы абыройлы қызметтеріңіз табысты, әр күніміз тыныш болсын!
Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ
Қауіп қайдан демеңіз!..
Төтенше жағдайлар департаменті БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шара №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өтіп, оған жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері қатысты.
Іс-шара барысында департамент мамандары журналистерге жылыту кезеңінде атқарылып жатқан алдын алу жұмыстары туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, қатысушыларға заманауи өрт сөндіру техникалары көрсетіліп, оның ішінде 70 метр биіктікке көтеріле алатын «Vema» автосатысы таныстырылды. БАҚ өкілдері қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, аталған техниканың мүмкіндіктерін көзбе-көз көріп, жұмыс барысымен тікелей танысуға мүмкіндік алды.


