БІЗ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ

«Атырау» биыл да қоғамдық пікірдің ұйытқысына айналды. Орнықты ой айтқан, өзекті мәселе көтерген мақалалар соның айғағындай. Тұрақты шығып келе жатқан төрт қосымша да – облыстық газеттің айта қаларлық жаңалығы. «Бизнесмен», «Шаңырақ», «Темірқазық» және «Әділет әлемі» қазірдің өзінде өз оқырманын тауып жатыр. Сонымен қатар, «Атыраудан түлеген ақиықтар» деп аталатын жаңа жоба облыстан жырақта жүрген таланттарымыз туралы толғанбақ.

Бүгін біз басылымның жыл бойында көтерген мәселелерінің негізгілеріне тоқталсақ деп едік.

«Мұқырдың мұңын кім тыңдар?»

(«Атырау». №3. 11 қаңтар).

Кезінде айналасы көкорай шалғынға оранған Мұқыр селосының бүгінгі көрінісі адам аяғандай. Әрлі-берлі жосылған ауыр көліктен ауылдың ажары кеткен, көз аштырмайтын шаң. Елді мекен тұрғындарының жағдайлары  да оңып тұрғаны шамалы. Бес мыңнан астам халқы бар ауылда аурухананың жоқтығынан науқастар 120 шақырымдағы аудан орталығына баруға мәжбүр. Мәдениет үйі жоқ. Маңдай тірейтіндері – жалғыз мектеп пен балабақша және теміржол мекемесі ғана.

Газет шолушысы Ағиба Қатешованың «Мұқырдың мұңын кім тыңдар?» атты мақаласы осындай көңілсіз көріністен басталады. Бұл сапарында журналист көз көргенді баяндап қоймай, ауылдың проблемасына тереңірек үңіледі. Жергілікті ақсақалдармен тілдескенінде олар былай дейді: «Мұқыр, Сағыз өңірі соңғы 10-15 жылдан бері мұнай тасымалдау аймағына айналды. Бұл елді мекендерден жылына 40 мың тонна мұнай тасымалданады. Күн сайын 50-60-тай үлкен машина ерсілі-қарсылы жүріп, жолдың барлығын бүлдіріп бітті. Ауыл-аймақ шаң-тозаңға көмілуде. Жайылым жер әбден тозды. Халықтың күнелтісі – мал ұстау қиындап барады. Халық сиыр саууды қойды. Бұл күнде шайға құятын сүт жоқ. Бұл жағдайға жанашыр адам табылмай отыр» деп мұңдарын шағады жергілікті халық. Мақалада тек проблема көтеріліп қоймай, оған жауапты орындардың басшылары да сөз алады.

Терминалдар теңгені «танымайды»

(№20. 20 ақпан).

Терминалдар жаңадан шыққан теңгелерді «танымайтын» әдет шығарды. Бұл бірер кездескен жағдай емес, жиі көрініс берген келеңсіздік. Сол себепті газет тілшісі Рита Өтеуғали жауапты мекемелердің есігін ашып, мәселенің себебін сұрады. Халықты сабылтып қойған «Альянс банк» филиалы директорының орынбасары Думан Қасымжановтың айтуынша, егер номиналы 1000 теңгелік банкнот 2013 жылдың 12 желтоқсанынан бұрын шығарылса, төл теңгені «жатырқауы» мүмкін. Мұндай «қиқар» терминалдарды жаңартуға шамамен екі айдай уақыт керек. «Қазақстанның Халық Банкі», БТА банктерінің жергілікті басшылықтарының да пікірлері осыған саяды. Халықты толғандырған жағдай күнделікті газет бетінде көрініс тауып, бүгінде олар өз кезегімен шешімін табуда.

«Жүз жыл мұнай өндірген, Мақат деген мекен бар»

(№6. 18 қаңтар).

«Атырау» газетінің «Атамекен» экспедициясының бұл жолғы сапары бір ғасырдан бері «қара алтын» өндіріп жатқан Мақатқа түсті. Топ мүшелері Бақытгүл Бабаш, Айгүл Ертілеуова, Нұргүл Ысмағұлова ауданның жеткен жетістіктерімен қатар, шешімін күткен мәселелерін сараптайды. Соның бастысы – жол. Мәселен, Доссордан Мақатқа дейінгі 15 шақырым жер республикалық Атырау – Ақтөбе тасжолы бойына қарайды. Сондықтан, оны жөндеуге жергілікті бюджеттен қаржы қаралмаған. Тағы бір мәселе – жұмыссыздыққа қатысты. Қарабатандағы «Болашақ» зауытындағы қысқартуларға байланысты ауданда жұмыссыздық деңгейі артып кетіпті. 700-ден астам адам екі қолға бір жұмыс таба алмай, арнайы тізімге тіркелген. Мақатқа іргелес орналасқан Бәйгетөбе ауылының да проблемасы жетіп артылады. Мұнда екі мыңға жуық адам тұрады екен. Соған қарамастан мектепке балалардың қатынауы қиын. Елді мекенде балабақша жоқ. Ал, Доссор поселкесінің аумағынан осыдан бес жыл бұрын 250-дей жер телімі берілген. Содан бері біраз уақыт өтсе де жағдай еш өзгермепті. Бұл жерлерге инфрақұрылымдық жүйелер толық жүргізілмеген. Халық жарықсыз, газсыз отыр.

«Атамекен» экспедициясы орын алған кемшіліктерді ғана тізбелемей, аудандағы жағымды жаңалықтарға да ортақтасқан.

«Қазақ елі атану – Мәңгілік Ел болуға жасалған маңызды қадам»

(№16. 11 ақпан).

Атырауға кезекті сапары кезінде Елбасы зиялы қауым өкілдерімен жүздесе отырып, тың ой айтты. «Біздің елдің атауында Орталық Азияның басқа елдеріндегі сияқты «стан» деген жазу бар. Сірә, еліміздің атауын уақыт өте келе «Қазақ Елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ, алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салынғаны жөн» деді.

Мемлекет басшысының өзгеше пікірі лезде қоғамдық пікірдің өзегіне айналды. Әлемдік, ресейлік және отандық әлеуметтік желілерде, газеттер мен телеарналарда ұсыныс кеңінен талқыланып жатты. Саясатшылар, сарапшылар өз көзқарастарын білдірді. Бұл жағдайдан «Атырау» да шет қалған жоқ. Соның бастысы ретінде облыстық газет бас редакторының орынбасары Нұрлан Қабыловтың орамды ойын айтуға болады. Шағын мақаланың көтеріп тұрған ауыр жүгі бар. Мұнда Елбасының «Қазақ Елі» атауын тектен-текке айтып отырмағандығының дәлелі ретінде автор ұсынысты тарихи деректермен, сонымен қатар қазіргі елдегі қоғамдық-саяси өмірмен ұштастыра баяндайды. Ой-таразының ерекшелігі де сонда секілді. Сондықтан, туынды оқырмандардың ыстық ықыласына ие болды.

«Түтінге тұншыққан тағдырлар»

(№18. 15 ақпан).

Қыс келгелі облыста газдан уланғандар күрт көбейіп кетті. Тек бірер айдың көлемінде 24 дерек тіркеліп, нәтижесінде 55 адам (соның 25-і бала) зардап шекті. Өкініштісі, жеті адамның ажалы улану салдарынан болды. Мақаланың авторы – осы жолдардың иесі проблеманы анықтау, оған алдағы уақытта жол бермеу мақсатында жергілікті жауапты орындардың басшыларымен, кәсіпорын-мекеме өкілдері, мамандарымен тілдесті. Зерттеу мәселенің шынымен өзектілігін аңғартты. Байқасақ, бүгінгі қауіпсіздік талаптары меншік иелері – жеке адамдарға тіреледі. Заңның талаптарында да солай жазылған. Алайда, адам уланайын деп уланбайды ғой. Үй иесі жылу қазандықтары мен пештердің қалай орнатылатынын білмегендіктен, мұржаны қондырудың, оны қадағалаудың өз тәртібі бар екендігін ұғынбағандықтан осындай жағдайға душар болады.

Осы мақаланың ықпалы демесек те, содан кейін өрт қауіпсіздігіне талап расымен күшейді. Ескі, талапқа сәйкес келмейтін жылу қазандықтары алынып тасталып, орнына жаңалары қондырылуда. Дегенмен, оны жұрттың бәрі түгелдей ауыстырды деу қиын. Мәселе сондықтан да назарымыздан тыс қалмайды.

«Кәсіпкерді ойландырған сұрақ»

(№38. 8 сәуір).

Жолаушы тасымалы – басылымның көтеріп келе жатқан басты тақырыптарының бірі. Мәселе биыл да назардан тыс қалған жоқ. «Кәсіпкерді ойландырған сұрақ» (авторы газет тілшісі Дәулетқали Аруев) және «Жолаушы тасымалы атүсті қарайтын мәселе емес» (Қилыбай Шахатұлы) атты тақырыптармен жарияланған мақалалар соның дәлеліндей. Тұрғындарды толғандырған соңғы мақалада мынадай жолдар бар: «…халық шыдамды ғой деп, жаңа мөлтекаудандарды «жекеменшік сектор» деп атүсті қарамай, ондағы халықтың бүгінгі басты мұқтажы жолаушы тасымалына талапты күшейтпесе болмайды. Айта кетейік, Сарықамыс-2 мөлтекауданының салынғанына 5-6 жыл болғанымен, мұнда бір ғана автобус маршруты бар. Бір қызығы сол, бір маршрут Сарықамыс-2-ге баруын барады, бірақ кері қайтпайды».

Осы мақалада сонымен қатар, қала іргесіндегі ауылдардың проблемасы, жолдың жоқтығы, аялдаманың орнатылмағандығы баяндалады. Сөз жоқ, облыстық мәслихат депутаттарының назарына ұсынған материал оқырмандардың көңілінен шықты.

«Қыздың жасы – «он сегіз»

(№66. 14 маусым).

Лиза Сейтімованың мақаласы қыз баланың тәрбиесіне арналған. Жалпы, бұл тақырып газетімізде тұрақты түрде көтеріліп келеді деуге болады. Ал, бұл жолғы әңгіме нәзікжандардың «бесіктен белі шықпай» жатып-ақ неше түрлі келеңсіздіктерге ұрынатындығы хақында. Бүгінде ерте жүкті болу жайы ата-ана, педагогтарды ғана емес, дәрігерлерді де ерекше алаңдатып отыр. Өйткені, 14-15 және 16-17 жастағы қыз баланың ағзасы толық жетіліп болмайды. Оның үстіне, бойға біткен шарананы тоғыз ай бойы көтеру қиынның қиыны. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, осындай шарасыз күйге түскен қыз баланың жағдайы күрт нашарлап кетуі мүмкін. Кейде ол түрлі психологиялық, физиологиялық қатерлерге бас тігеді. Ал, мәселеге көз жұма қарау – қоғамға сын. Сондықтан, ел боламыз десек, бесігімізді түзегеніміз, қызға «қырық үйден тыйым салғанымыз» абзал. Материалдың түйіні де – осы.

«Жақсылық жария жасалмайды»

(№107. 20 қыркүйек).

Бүгінде әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топты қолдау – мәселенің бастысы. Дегенмен, осынау шара жүйелі істен гөрі жалпы мәселеге айналып бара жатқан жоқ па? Маңызды істің мәніне нұқсан келгені неліктен? Қамқорлық шын жүректен жасалып жатыр ма немесе ол мақтаншылықтың бір көрінісі ме? Осы сауалдар Меңдібай Сүмесіновтің мақаласының өзегіне айналған.

Қазіргі күні қамқорлық шарасы ауқымында біреуге бір қапшық астық беріп, оны жер-жаһанға жар салатындар көбейіп тұр. Ал, жақсылық неге жария жасалуы керек? Шындығында, кейбіреулер мұны өзінше жұртшылық алдындағы есебіне бағалайды екен. Газет көтерген мәселе шынайы тілек, аталық қамқорлықтың астамшылыққа, көзбояушылыққа ұласпауы қажеттігін еске салады.

«Жылу жинау жылма-жыл үдеп барады»

(№63. 7 маусым).

Ардагер-журналист ағамыз Құмарғали Ғабдешұлы көп ата-ананы толғандырған жағдайды көтерген. Мәселе уақытында жауапты орындардың назарын аударды. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев осыған орай редакцияға жауап хат жолдады. Оның айтуынша, мақала жарияланысымен білім беру ұйымдарындағы ақша жинау науқаны білім беру басқармасының алқа мәжілісінде талқыланған. Сыннан қорытынды шығару мақсатында тиісті шаралар алыныпты. Келеңсіздікке болашақта жол бермеу, алдын алу үшін барлық оқу орындары басшыларына нақты тапсырмалар беріліпті.

«Күректей дипломмен күзетші болып жүр»

(№65. 12 маусым).

Маман даярлаудағы жүйесіздік те газет бетінде жиі көтеріліп келеді. Алайда, бұл мақаланың басты ерекшелігі, мәселені тереңінен қозғауында. Айбөпе Сабырова бүгінгі жас маманның жолындағы кедергі, қоғамдағы келеңсіздікті ретімен баяндайды. «…Өкінішке қарай, жоғары оқу орнын бітірген жас маман бірден кәсібилік пен біліктілікті, үлкен жауапкершілікті қажет ететін инженер болғанды қалайды немесе ертеден кешке дейін кеңседен шықпайтын жайлы орын іздейді. Жеңді түріп, қолмен істейтін жұмысты менсінбейді. Бірақ, күректей дипломымен әлі күнге дейін ата-анасының мойнына жүк болып, жұмыссыз жатуға арланбайды» деген мақала авторы жауапты орын басшыларымен тілдесе отырып, ахуалды анықтай түскен. Байқасақ, облыста ресми дерекке сәйкес жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құраса, бейресми талдау орталығының сарапшылары жастар арасындағы жұмыссыздық 27 пайызға жуықтағандығын анықтаған.

Елімізде екі қолға бір жұмыс таппағандарды қайта оқытуға маңыз берілгенімен, Атырауда күзетші немесе таксиші болуды қалайтындардың саны күн санап көбейіп бара жатыр. Қоғамдағы түйткілді дөп басқан мақала сондықтан оқылымды болды.

«Жырға айналған жанармай бензин бәсінің қымбаттау себебі неде?»

(№105. 16 қыркүйек).

Жанармай тапшылығы – биыл еліміздің ақпарат құралдары кеңінен талқылаған басты мәселе. «Атырау» да бұл тақырыптан тыс қала алмады. Облыстық газеттің бас редакторы Исатай Балмағамбетовтің мақаласы әйткенмен, дамылсыз даурығу емес, керісінше, зерттеліп жазылған. Автор проблеманың астарына тереңдей үңіліп, сарапшылардың пікірлерін келтіреді. «Көзі аз, өзі қат нәрсенің бәрі қымбат тұратындығы – жазылмаған заңдылық. Оның үстіне, нарықтың жағдайында мұның өзіндік белең алатыны тағы бар. Сонда «бензин бәсі қай шамаға барып тоқтайды?» деген сауалдың басы әзірге ашық тұр…» дейді автор.

Елімізде мұнай өңдеуші үш зауыт болғанымен, жұртшылық бензин тапшылығын жыл сайын көріп келеді. Осы айтылған өндіріс орындары жылына 1,9 миллион тонна АИ-92 маркалы бензин мен 4 миллион тонна дизель отынын өндіреді. Ал, елдегі нарық сұранысын өтеу үшін жылына АИ-92-нің 2,8 миллион дизельдің 4,6 миллион тоннасы қажет. Осы айырмашылық Ресейден келетін мұнай өнімдерінің есебінен жабылып келген екен. Десек те, әлемдік нарықта мұнайдың бағасы түсіп жатқанда бұл негізгі себеп бола қояр ма екен? 

Өзекті мәселе жыл соңында ғана шешімін таба бастады. Бензиннің бәсі бұрынғы қалпына келді. Дегенмен, сарапшылар «баға алдағы уақытта қайтадан құбылуы мүмкін» деген пікірлер айта бастады. Сондықтан, аталған тақырып газетіміздің бетінен болашақта да түспесі анық.

«Есілмей тұрған ескек»

(№96. 23 тамыз).

Атырауда су спортын дамытуға барлық жағдай бар. Бірақ, бұл бағыттағы проблема аяқты алға бастырмай тұр. Айгүл Ертілеудің жазуынша, Атырауда талапқа сай келетін қайықтар, ескектер, басқа да спорттық материалдар жетіспейді. Спортшылар мен жаттықтырушылар тозығы жеткен қайықтарды жамап-жасқап жаттығуда. 2000-ші жылдардың басында қайық сақтайтын орындар жасақталып, кейінірек сол маңнан екі қабатты спорт залы мен өзен жағасынан бетоннан пирс та салынған. Бірақ, олар тиімді пайдаланылмай тұр. Балаларға берілетін суға батудан сақтайтын жейделер ескіріп, жыртылып біткен. Қайықтардағы отыратын, аяқ қоятын орындар әбден сынған. Осындай проблемасы көп жергілікті су спорты ұшпаққа шыға ала ма? Мақала – осындай тұжырым жасайды.

«Мұғалімнің мәртебесін қалай көтереміз?»

(№90. 9 тамыз).

Қазіргі қоғамда мұғалімдер беделінің төмендегені туралы жиі айтылады. Оның себебі неде? Мәртебелі мамандық иелерінің кездесіп отырған қиындығы қандай? Газетіміздің тұрақты авторларының бірі Айдар Сабыров осы сауалдарға жауап іздейді. Яғни, мұғалім жалақысының аздығы, әлеуметтік қамқорлығының кемшіндігі баяндала келіп, ерекше құрметпен аталатын топ өкілдерінің бүгінде қоғамның «майлыққа да, сулыққа да» жүретін қол баласына айналғандығын сөз етеді. Расымен, еліміздегі қоғамдық-саяси науқан, тазалық жұмыстары, халық санағы, тағы басқа науқандардың барлығынан мұғалімді жиі көреміз. Жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздың осылайша негізгі қызметіне уақыт таппай, керісінше, қоғамдық жұмыстарға көбірек тартылатындығы өмірдің шындығына айналып отыр.

Әрине, облыстық «Атырау» газетінің көтерген мәселесі көп. Оның бәрін бір-ақ сәтте қамту мүмкін емес. Сондықтан, біз бүгін бірқатарына ғана тоқталуды жөн көрдік. Ал, биыл біз бұдан да маңызды жобаларды қолға алмақпыз. Ендеше, «Атырауды» оқи жүріңіз, ол сізді жаңалықтармен ғана емес, мағыналы рухани дүниелермен де байыта түсері сөзсіз.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз