
«Біз дәрменсіз емеспіз!..»
Олардың жанарына мейірім, жүрегіне өшпейтін үміт ұялаған. Бойдағы сарқылмас күш-жігері, іштегі бұлқыныс оларды өмірді ынта-шынтасымен сүюге жетелейді. Табиғатынан талантты, талапты жандардың бұл тобы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Бүгінде мемлекеттің қолдауы мен қоғам өкілдерінің қамқорлығына мұқтаж жандарға кедергісіз орта қалыптастырылып, оңалту жұмыстарына да ден қойылып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Толыққанды өмірге жол ашқан қор
Мүгедектерді оңалту және оларды белсенді өмір салтына қайтару, кемсітушіліктердің алдын алу бағытында өңірде 2020 жылы «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры құрылған еді. Аталған қоғамдық қор бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандардың басқалармен тең құқықтарын құру аясында спорттық және мәдени-көпшілік шараларды жүйелі ұйымдастырып келеді.
Қордың «Мүгедектігі бар жандарды тиімді оңалту» жобасы бірнеше мәселені қамтиды. Атап айтсақ, ішіне бассейн, садақ ату, аэробика және басқа жаттығу түрлері кіреді. Өзін өзі күту бойынша семинарлар және қазіргі заманға қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курс оқытылады. Сондай-ақ ай сайын бочче турнирі, әр аптада мүгедектер және олардың туыстарының қатысуымен «Викторина» интеллектуалды ойыны және психологиялық тренингтер өткізіліп тұрады. Оған қоса мемлекеттік органдар мен медициналық мекемелерде арнайы семинарлар, реабилитациядағы дене шынықтыру сабағы жүргізіледі.
Арбаға таңылса да, арманына адал
Бүгінде жобаның нәтижесі де айтарлықтай зор. 70-тен астам мүмкіндігі шектеулі жан спорттық лагерьлерге қатысып, арбаға таңылған 8 адам «Нұсқаушы-оңалтушы» мамандығы бойынша халықаралық сертификатқа ие болған. Жобаның 10-нан астам түлегі тұрақты жұмысқа орналасып, 30-дан астам мүмкіндігі шектеулі жан білім беру саласындағы курстарда оқыды. 50-ден астам мүмкіндігі шектеулі жанға жан-жақты көмек көрсетілсе, 15-іне арба сыйға берілді. Біразы жыл бойы тегін жүзу клубтарына, арт-терапияға қатысуға мүмкіндік алып отыр.
Дәурен Жәрдемов – Исатай ауданы, Жанбай ауылының тумасы. 2021 жылы 1 қаңтарда әкесін жұмысқа алып бара жатып, көктайғақта көлігі аударылып, жол апатына түседі. Алған зақымы салдарынан жұлыны үзіліп, екі аяғынан жүріп-тұра алмай қалады. – Жол апаты кезінде ең бастысы әкеме де, жол бойында келе жатқан басқа жүргізушілерге де зиян келтірмегеніме шүкір еттім. Осы күнге дейін маған Атырау, Алматы, Стамбул қалаларында үш ота жасалды. Операциядан кейінгі қиын сәттерде ата-анамның, достарымның тарапынан үлкен қолдау болды. Төсектен тұрып арбаға отыруға, далаға, қоғамға шығуға жігер сыйлады,-дейді жігерлі жігіт.
Жобаның екінші легінің түлегі Дәурен бірнеше жыл нұсқаушы болып қызмет атқарып, үздіктердің бірі атанған. Ол жүзу бойынша жаттығулар, жалпы дене дайындығы, мүгедектер арбасында жүру техникасы сабақтарын жүргізеді. Қажыры мол азамат оңалту орталығы мен облыстық ауруханада емделушілерге арналған арнайы физикалық жаттығулар ұйымдастырады. Ол спортта да бағын сынап, жетістіктерге жетуде. Оның еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі баршаға үлгі.
Таланттарды танытқан театр
Ал «Талшын» инклюзивті театры өңіріміздегі ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмірін өзгертетін және оларды инклюзивтілікке деген әдеттегі көзқарастарын қайта қарауға мәжбүр ететін бірегей жоба болды. Мұнда вокал, би, актерлік шеберлік және шешен сөйлеп үйрену секілді 4 шығармашылық үйірме бар. Оларды Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры мен Н.Жантөрин атындағы филормониядан келген тәжірибелі тәлімгерлер жүргізеді. 50-ден астам театр қатысушысы сөздік қорларын жетілдіріп, әртүрлі психологиялық кедергілерді еңсеріп, білім мен сауаттылықтарын арттыруда. Сондай-ақ театрға 20-дан астам волонтер жұмылдырылған. Осы күнге дейін әртістер көрермендерді тартымды қойылымдармен қуантып келеді. Оның ішінде «Бір түп алма алғашы» отбасылық драмасы, «Күшік күйеу» комедиясы бар. Өнерпаздар алғаш рет гострольдік сапарға шығып, Жылыой ауданында авторлық бағдарламаларымен концерт қойды.
…28 жастағы Жұлдыз Каримова бала күнінен сал ауруына шалдыққан екен. Ол кішкентай кезінен үлкен сахнаны, шығармашылық өмірді аңсаған. «Театр ашылды» дегенді естіп, алғашқылардың бірі болып талантты шыңдау бағытындағы сабақтардың белсенді қатысушысы атанады. Ұстаздардың айтқан әр сөзін санасына түйіп, актерлік шеберлігін шыңдауда. Жақында Жұлдыздың арманы орындалып, алғаш рет үлкен сахнаға шықты. Қобалжығанына қарамастан, өзіне берілген рөлді өте сәтті алып шығып, халықтың қошеметіне бөленіп отыр.
Жұлдыздың анасы да оның өміріне театр жақсы әсерін тигізіп, күйзелісін жоюға, көңіл-күйінің әрдайым көтеріңкі жүруіне септігін тигізгенін айтады. Өнерлі қыздың жүзіндегі қуанышты көріп, театр ұжымы да мәз-мейрам болып қалысты. Себебі театрдың түпкі мақсаты – мүгедектігі бар жандардың өмірін өзгерту, оларға белсенді, жан-жақты өмір сүруге мүмкіндік жасау.
Қазір театр ұжымын басқа аймақтар да жиі шақыратын көрінеді. Бірақ әзірге оның ыңғайы болмай тұр. Бұл қолдау жұмыстары келесі жылы да жалғасын тапса, театр ұжымы жұмыстарын қызығушылықпен атқарып, жаңа идеяларды жүзеге асырмақ ниетте.
Оқшау өмірге ыңғайлана бастайды
Қала мүгедектер арбасындағы жандар үшін қаншалықты ыңғайлы? Кафеге кірген кезде пандустың қаншалықты дұрыс орнатылғанына немесе ғимараттағы лифтінің орналасуына мән беріліп отыр ма?
Ақиқатында, мүгедектер арбасындағы адамдардың дәріханалар мен дүкендерге кіре алмай, ыңғайсыз жағдайға қалып жататыны жасырын емес. Мәселе тек пандуста деуге болмайды. Есіктің ені, жол жиегінің биіктігі секілді қарапайым жайттар да олар үшін үлкен маңызға ие. Көп жағдайда осылайша, ешкімнің көмегінсіз еркін жүре алмайтын жағдай туындағандықтан, олар ортадан бойын мейлінше алшақ ұстауға, оқшау өмірге ыңғайлана бастайды. Бұл мәселелердің қайсысы да мүгедектер арбасын пайдаланушылар үшін өте өзекті.
Аталған мәселелерді шешу үшін «Кедергісіз Атырау» жобасы басталған еді. Бұл жоба қолжетімді ортаны қалыптастыру және ғимараттар мен құрылыстарды мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне бейімдеуді көздейді. Нәтижесінде 50-ден астам адам «Тиімді сәрсенбі дегеніміз не? Инклюзивті инфрақұрылымдардың стандарттары мен нормалары» атты оқу курстарынан өтті. Полиция департаментімен бірлескен түрде мүгедектердің жолдағы құқықтары туралы бейнематериалдар дайындалды. Онда жергілікті кәсіпкерлерді техникалық стандарттарға сай пандустар орнатуға шақыратын және жүргізушілерге «мүгедектігі бар адамдар» белгісі бар орындарда тұрақ ережелерін сақтауды сұрайтын, заңнаманы бұзған жағдайда қандай жаза күтетіні туралы үндеулер қамтылған. Арбаға таңылған 100-ден астам адам мониторинг жұмыстарына белсенді қатысты.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде миллиардтан аса адам мүгедектіктен зардап шегеді, бұл – жер бетіндегі халықтардың 15 %-ын құрайды. 1970 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеу кезінде есеп көрсеткіші 10 %-ды көрсеткен еді. Осыдан біз мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артқандығын аңғарамыз. Дегенмен, оларды тұтас бір әлемнен бөліп-жарудың еш жөні жоқ. Өмір сырын бізден терең түсінетін, мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан алға қадам басудан тайсалмайтын жандардан біздің үйренеріміз, үлгі алатын тұстарымыз көп-ақ!..
Еркеназ ҚАЛИЖАН


