БІЗ БОЛАШАҒЫМЫЗДЫ ТАҢДАДЫҚ

Тәуелсіздік жылдарында Елбасының көреген саясатының арқасында Қазақстанда шын мәнінде орасан зор өзгерістер жүзеге асты. Соның ішінде ғылым мен білімнің дамуында жаңа серпін пайда болды.

Бүгінде Елбасының жастарға арнаған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының маңызы ерекше. Бұл жұмыс іске асқаннан бері дипломын кәдеге жарата алмай жүрген жастардың бірқатары жұмысқа орналасты. Ауылдың келешегіне бет бұрған Мемлекет басшысы шалғайдағы селоларды жас мамандармен толықтырып, әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Оларды баспанамен қамтамасыз етіп, үстемақы төлеудің өзі жастар мен ауылдың байланысын нығайтудағы басты қадам болды.

Сөйтіп, бүгінде «Дипломмен – ауылға!» жобасының тиімділігі объективті тұрғыдан дәлелденді. Әр жастың елімізде кемел білім алып, өзі қалаған жұмысқа орналасуына барлық жағдай жасалды. 

Оның жемісін көрген жас маман ретінде мен де Елбасының кешегі сайлаудағы жеңісін көтеріңкі көңіл-күймен қабылдадым және әрі қарай Отанымыздың игілігі үшін  еселенген қуатпен еңбек етуге дайынмын.

Себебі, біз өз Көшбасшымызды тағы бір мәрте таңдап алдық. Ендігі уақытта Елбасымен бірге білім беру мен ғылымның дамуының жалғасатынына сенеміз. Азаматтардың өмір деңгейін арттыру және еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу жөнінде алға қойылған барлық стратегиялық мақсаттарға қол жеткізетін боламыз. 

Мемлекет басшысының айтқанындай, біздің бәріміз шыққан алтын бесік – ауылға барып, еңбек ету – Отанға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі болып табылады. Тәуелсіз елдің жастары мықты болса, оның болашағы да баянды болады. Олай болса, бабаларымыз аңсаған Мәңгілік ел атану үшін Елбасымен, «Нұрлы Жолмен» алға қарай қадам баса берейік!

Қайырлы ҒИЛМАНОВ, М. Әуезов атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі.

Индер ауданы.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз