БІРЛІГІМІЗ ЖАРАСҚАН

Елбасымыз Нұрсұлтан  Назарбаев айтқанындай, қазір біздің елдегі ынтымақ пен бірлікке қызыға қарап отырған мемлекеттер көп.

 

Ел басына күн туған қилы замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі. Достық пен татулық бар жерде береке мен ырыс салтанат құрады. Бірлігі жарасқан ел ғана дағдарысқа төтеп беріп, алдыңғы қатардан көш түземек.

Мен киелі қазақ топырағында елу жылдан астам ғұмыр кешіп келемін. Кезінде Атырау қаласына Ресейдің Кемеров облысынан қоныс аударған болатынмын. Көп жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау бөлімшесі жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі болып қызмет етіп келдім. Қазақ жігітімен тұрмыс құрып, екі ұл өсірдім. Бүгінде бес немере сүйіп отырған бақытты әжемін. Еңбек жолыма келсем, 1964 жылдан бастап 28 жыл қылмыстық іздестіру саласында қызмет етіп, полиция подполковнигі атандым. Соңғы он жылда Атырау университетінде әскери жұмылдыру бөлімінде жұмыс жасадым. Жетпіс жылдық мерейтойымда Ішкі істер органдарының ардагері ретінде Алғыс хаттармен марапатталдым. Бұл – мен үшін абыройлы жетістік, үлкен қуаныш.

«Бірлік бар жерде — тірлік бар» дейді қазақта. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Бұл ретте құрылғанына 20 жыл толып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше деп ойлаймын. Біз бүгін «ашық аспан астында талас-тартыссыз ғұмыр кешу сан ұлт пен ұлыстың қолынан келеді» дегенге әлемді сендіріп келеміз. Осынау бейбітшілік пен бірлік үлгісін көрген өзге елдер біздерге қарап бой түзеуде. Мұным – артық айтқандық емес, керісінше, тыныш заман орната білген халық даналығына берген бағам.

Райса Колчикова,

ішкі  істер  органдарының ардагері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз