БІРГЕ АСЫП КЕЛЕДІ МЫҢ БЕЛЕСТЕН…

Біздің өлкеде еңбегімен де, бала тәрбиесімен де ерекшеленетін аналар аз емес. Солардың бірі – «Алтын алқалы» ана Зияда Камелова. Ол алдымен Гурьевтегі сауда училищесін, кейін Ақтөбе қаласындағы сауда техникумын бітіреді. Бұдан кейін сауда, қоғамдық тамақтандыру салаларында, кейіннен өндіріс басшысы лауазымында, шаруашылық есеп жүргізу кеңсесінде директордың орынбасары, «Геофизика» мекемесінде аға оператор қызметтерін атқарады. 

 

…Зияда қыз өзімен құрдас Мырзабай Әзірбаев атты жігітпен қалалық саяжайда танысып, өз араларында өтетін отырыстарға бірге барып жүреді. Нарын құмының тумасы Мырзекең көпбалалы шаңырақтан шыққан. Оның әкесі Әзірбай мен анасы Күлән өмірге он бір перзент әкелген екен. Бертін келе сәбилерінің бірлі-жарымы қызылшадан шетінепті. Бір күні, ойламаған жерден, жиырмаға әлі тола қоймаған Мырзабайға Зияда кісі жібертіп, өзін әке-шешесінің басқа біреуге ұзатып жібермек болып жатқаны туралы хабар бергізеді. Мұны естіген жас жігіт қайдан қол қусырып отырсын, ақыры қызды өзінің келісімімен үйіндегілерге байқатпай, алып қашып кетеді. Осылайша қаладан алған шағын үйіне той жасап, ауылдағы ата-анасы мен бауырларын көшіріп алады. Жас келін үйдегі үлкендерге де, кішілерге де бірдей қызмет етеді. Өмірге бірінен кейін бірі сәбилер келе бастайды. Өздерінен кейінгі інілері үйленетін болғасын бұлар он шақты жылдан кейін бөлек шығады.

Зияда Арыстанқызы – тумысынан ақжарқын, әзілқұмар жан. Үйіне кім келсе де, әр  кез оның шайы қайнаулы, дастарханы жаюлы. Бір жағынан, үйдегі бала тәрбиесі, екінші жағынан, түздің жұмысы, ағайын-тумамен араласу, оларды қарсылау, күту – осының бәрі әйел затына аз жүк емес-ті. Бірақ, еңбекқор Зияда бұл жұмыстарды қабақ шытпастан атқарып, көпшіліктің көңілінен шыға біледі. Жаны нәзік ол өз ортасында тамылжыта ән салып, үй мен аула сәні – гүлді ерекше  баптайды. Ұлға ұлағатты, қызға қылықты тәрбие берумен бірге олардың білімді, өнегелі болуы да отбасы-ошақ қасындағы аналарының үлгісі дерсіз.

– «Ер-азамат – түздің адамы» деген дұрыс сөз, – дейді арадағы әңгімеге араласқан Мырзабай аға. – Апаң екеуміздің отасқанымызға 63 жылға аяқ басты, өзіміз 82-ден кеттік. Осы уақыт ішінде, қанша жерден қиындық болса да, бір-бірімізді көрместей боп ренжіскеніміз жоқ. Бір-біріміздің көңілімізді қалдырмауға, «өзің осындай екенсің ғой!» деп, өкіндірмеуге тырысып бақтық. Тегінде отбасы тірлігі де, бірлігі де тікелей әйел адамға байланысты болады ғой. Зияда мені де өзінің бір баласындай мәпеледі, қажет жерінде ақылын айтты, жаман әдеттерден барынша тежеді. Осы тұрғыдан алғанда, менің жар таңдауда жолым болған адаммын деп толық айта аламын. Өміріме өкпем жоқ, бірге қартайып келеміз ғой. Мен әлі күнге жан жарымды «ескірмеген махаббатым» деп құрметтеймін, үйден сәл ұзап шықсам, сағынып қаламын…

Қарап отырсақ, Мырзабай аға – ұзақ жыл «Геофизика» мекемесінің картография саласын дамытуға үлкен үлес қосқан адам. Әсіресе, ол сызу картографиялық жұмысы бойынша өндіріске өнертапқыштық ұсыныстар енгізген. Сонау 1960 жылы оның бастамасымен картографиялық цех ұйымдастырылып, жұмыс көлемі жөнінен ол картографиялық партия дәрежесіне дейін көтерілген. Мырзабай аға 1964 жылы Мәскеу қаласындағы жас картографтардың слетіне қатысып, одақтас республикалар қатысушыларының арасында бірінші орын алады. Сол үшін оған КСРО Геология министрлігі мен Геологиялық барлау жұмыстары кәсіподағы Орталық Комитетінің бағалы сыйлығы беріліпті. Ал, оның өзі 2002 жылы жарық көрген «Қазақстан мұнай геофизикасы» энциклопедиясына енгеніне риза.

Осындай үлгілі отбасында өмірге келген төрт ұл мен үш қыздың – Амангелді, Абай, Сәуле, Светлана, Бақтыгерей, Зәуре, Мейрам – бәрі өз жүрек қалауларымен жоғары білім алды. Қазірде олардың төртеуі – Алматыда, үшеуі Атырауда тұрады. «Өмір жалғасы – жас ұрпақ» демекші, Әзірбаевтар шаңырағының қос бәйтерегіне олар отызға жуық немере мен  шөбере сыйлап отыр. Ал, мереке сайын олар әрдайым әке мен ана – ата мен әже шаңырағына жиналып, мәре-сәре күй кешеді. Шіркін, өмірдің мәні де, қызығы да осы ғой!

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз