БІР СУРЕТТІҢ СЫРЫ

Бұл сурет жарты ғасырдан астам бұрын 1960 жылы түсірілген екен. Осындағы студент қатарында жоқтардың да біразын танығанмен, дөп басып атын атай алмаймын. Сондықтан, ішіндегі анық білетіндерімді жазу – олардың ұрпақтарына, өнер сүйер қауымға қажет деп ойлаймын.

Сонымен, дирижер Боздақ Рзаханов шығар, шамамен 1958 жылдары ол консерваторияны бітірген болуы керек (аздап Сейілхан Құсайыновқа да ұқсайды). Дирижердің сол жағында шетте отырған қобызшы Зауза Жалғасбаева болуы керек, бізден бір курс кейін оқыған. Ал, дирижердің оң жағында екінші отырған қобызшы 1958 жылғы Қазақстанның Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысқан Махметова Канапияға ұқсайды, қазір Индерде тұрады.

Соңғы қатарда сол жақ шетте отырған солақай домбырашы  Қазақ ССР-ына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, белгілі сазгер, әнші, музыкант марқұм Абдолла Мұсағалиев. Жанұясы Есбол (бұрынғы Кулагино) селосында тұрады.  Абдолланың қатарында бір кісіден кейін отырған Марияш Базарбаева (жоғарыда жазылған Заузамен бірге оқыды), қазір Маңғыстау облысы, Ерғалиев кентінде тұрады. Ол да 500 адамдық оркестрдің мүшесі болды.

Марияштың сол жағындағы қыздан кейін отырған домбырашы Хамзаев Зинор болар деп ойлаймын, қазір Ганюшкинде  тұрып жатыр. Іс басында жүрген Өмірзақ Зинуллиннің әкесінің інісі. Оның сол жағындағы (контрабастардың алдында) оркестрдің әншісі, әрі домбырашысы Мұрат Бисенов – қызылқоғалық, Қарабауда ветеринар болып жасаған, қазір бақилық.

Сол қатардағы келесі, примач – марқұм Хасанов Құмар, «Казнефтегазгеология» саласының ардагері еді. Інісі, жанұясы Атырауда. Осы Құмар мен Мұраттың ортасында бас домбыра қолтығына сыймай отырған Жәрдемғали дейтін махамбеттік автоклуб меңгерушісі еді, оның да о дүниелік болғанына біраз жылдар өтті. Ал, Құмардың сол жағында отырған азамат (Елеуов немесе аты Елеу) Құрманғазы ауданы мәдениет саласының қызметкері еді.

Суреттің оң жағындағы бір топ қырынан түсірілген домбырашылардың бергі шеттен екінші отырған көзілдірікті Темірғалиев Қапар, қаламыздағы белгілі сағат жөндеуші еді. Ал, сол топтың ең жоғарғы жағында отырған – белгілі сазгер, «Комсомол» күйінің авторы, жылыойлық Тоқсанбай Құлтумиев. Ол оркестрдің керегіне қарай кез-келген аспапта ойнай беретін, әрі дирижер еді. 1957 жылы стадионда өнер көрсеткен 500 адамдық оркестрді үш дирижер қатар басқарды, ортада – Н.Тілендиев, екі қапталда С.Құсайынов пен Т.Құлтумиев.

Құрметті оқырман, жоғарыда жазылғанындай оркестрде отырған адамдарды түгел дерлік танығаныммен аты-жөндері ойыма түспей отыр. Осыған риза болып, тізімді өздерің толықтырсаңдар, не менен қате кеткен болса, түзетсеңдер деген тілегім бар. Себебі, бұл тарихи сурет ұрпақтар үшін, төл өнеріміздің дамуы үшін қажетті естелік болары сөзсіз.

Қатимолла РИЗУАНОВ,

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз