БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДАҒЫ ЕЛ

ұлы мақсаттарға қол созады
Еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісім бүкіл дүние жүзі бойынша бейбітшілік формуласына айналды. Көптеген елдер сүттей ұйыған тыныштығымызға, ырысы мен ынтымағы жарасқан халқымызға қызыға қарайды. 1995 жылы Елбасы тапсырмасымен елдегі барлық этнос өкілдерінің мүддесін қорғау мақсатында құрылған институт - Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесіне жүгінеді.

Елдегі тұрақтылық. Келісім. Тыныштық. Береке-бірлік. Жуырда Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыпта өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында осы және басқа да құндылықтарымыз кеңінен сөз болды.
Еліміздің барлық өңірінен мыңнан астам делегат қатысқан сессияда Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың терең мазмұнды сөзі оған қатысқан бізге терең ой салды.
Сессия аяқталған соң өзге ұлт өкілдерімен тілдескенімізде олар ағынан жарылып, өздерінің бақытты ғұмырын, ұрпағының келешегін Қазақстанмен байланыстыратынын айтып, «Ынтымақ түбі – береке мен бірлік» екенін ұғындырған Елбасы саясатының қолдаушылары екенін жеткізді.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында осынау айтулы шараға қатысқан, Елбасымен жүздескен облыстың бір топ делегаттары сессиядан алған әсерлерімен бөлісті.

ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ ӨРКЕНИЕТКЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Зелимхан ЗУБАРИЕВ, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Ассамблея – Қазақстанның тұрақтылығының кепілі. Он тоғыз жылдық тарихында бұл институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.Жыл сайын өтіп тұратын әр сессия ауқымды мәселелер көтеруімен құнды. Биыл да осы шараның куәгері болдық. Астанаға барған сайын тамаша көңіл-күйде ораламыз. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, қала күн санап одан әрі көркейе түсуде.
Елбасы баяндамасында өткенімізді екшеп, келешегімізге бағыт-бағдар берді. Қазақстандық мәдени әлемнің, руханилық пен келісімнің қағидатын атап көрсетті. Президент айтқан стратегия – елдің арманына қол жеткізетін, келешегін кемел ететін ұлы мақсат. Біз сол мақсатқа жетуге, Қазақстандағы бірлік пен ынтымақты нығайта түсуге қолдан келгенімізше үлесімізді аямауымыз қажет.

«ҚАЗАҚСТАНҒА БӘРІ ҚЫЗЫҒАДЫ…»

Александр ДУМЛЕР, облыстық мәслихат депутаты, «Видергебурт» неміс этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:
– Биылғы сессия алдыңғы жылғылармен салыстырғанда ерекше өтті. Жақын шет елдерде болып жатқан жағдайлар үрей туғызатыны анық. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сессияда сөйлеген сөзінде «2050 стратегиясына» жету жолдарын айтып қана қоймай, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударып, құндылықтарымызды атап көрсетті. Ол–бірлік, бейбітшілік және ұлтаралық келісім.
Біз осы құндылықтардан айырылып қалмау үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет.
Сессияға шетелдік меймандардың қатысып, Мемлекет басшысының сөздеріне, ол жүргізіп отырған саясатқа оң бағаларын бергені қуантады. Британдық кәсіпкердің Лондонда «Бейбітшілік және келісім» үйін ашып, оған Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру жөніндегі ұсынысы көптің көңілінен шықты. Өзге елдер Қазақстаннан үлгі алады. Яғни, бұл – шетелдіктердің, Қазақ еліне және Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа берген бағасы.
Ұлт Көшбасшысының Ассамблея мүшелерінің жұмысын жоғары бағалауы біздің мерейімізді одан әрі асырып жіберді.

ДОСТЫҒЫМЫЗ ЖАРАСҚАН ЕЛМІЗ

Эльдар МАМЕДОВ, «Новруз» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Қазақстандағы ұлттардың бірлігін қамтамасыз ететін Ассамблея сессиясы – жалпы адамзат бірлігіне бастайтын үлкен идея. Сондықтан, еліміздің Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясаты көптеген елдерге үлгі болып отыр. Өзге мемлекеттерге қарағанда Қазақстан бейбіт күндер кешуде. Мәселен, мемлекеттік саясаттың дұрыс жүрмегендігінен орын алған Украинадағы жағдай барлығымыздың жанымызға батады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы жиырма жылдан астам уақыт бойы ел бірлігіне үлкен мән беріліп келеді. Барлық ұлт өкілдері бір-бірімен тең. Ешкім ешкімді кемсітпейді. Халқымыз бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Бұл – мемлекет басқарудағы жүйенің дұрыс жолға қойылуының басты белгісі.
Өткен сессияда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамлеясының жылы деп жариялап, келер жылы өткізілетін барлық шараларды осынау маңызды мерейтой аясында жүзеге асыруды тапсырды.
Енді Ассамблеяның жұмысы жаңаша серпін алып, одан әрі жандана түсетініне сенімдіміз. Ассамблея жұмысын жаңа белестер күтіп тұр. Бұған барлығымыз ұйымшылдықпен атсалысуымыз керек.

«АЛТАУ АЛА БОЛСА, АУЫЗДАҒЫ КЕТЕДІ…»

Людмила ЛИ, «Тхоньил» корей этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:
– Жыл сайын Ассамблеяның кезекті сессиясын тағатсыздана күтіп келеміз. Биылғы сессияның ерекшелігіне тоқталар болсам, шараның күн тәртібіндегі тақырыбының өзі үлкен мән мен маңызға ие. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, Елбасы сөйлеген сөзінде елде бірлік, татулық пен түсіністік болса ғана барлық қиындықтардан өтіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізе алатынымызды тағы да түсіндірді.
Менің ойымша, егер шаңырақта бәрі ойдағыдай, тату тірлік болса, соған сәйкес көңіл-күй де тамаша болады. Алқалы жиын барысында сөз сөйлеген отандастарымыз да татулық пен келісімнің қазақстандық үлгісінің зор табысын атап өтіп, қазіргі қоғамдағы бірлік пен толеранттылықтың маңыздылығына тоқталды. Елдегі бейбіт өмір үшін Елбасына алғыстарын жеткізіп қана қоймай, ән айтып, өлең оқып, өз өнерлерін ортаға салды, тамаша көңіл-күйлерімен бөлісті.
Алыс-жақын шет елдерде болып жатқан жағдайлармен қазақстандықтардың бүгінгі күнін салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей. Ынтымақ, бірлік, келісім, тұрақтылық – еліміздің ең басты саясаты. Осы негізгі ойды қоғамда насихаттау – барлығымыздың парызымыз. Атырау облысында үш мыңдай корей ұлты өкілдері мекен етеді. Біз Елбасымызбен мақтанамыз. Ендігі міндет – бүкіл әлем таныған Қазақ елін және оның бейбітшілігін әрі қарай дамытуға бірауыздан атсалысу.

БІЗДІҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯМЫЗ – МӘҢГІЛІК ЕЛ

Юрий КУСТАДИНЧЕВ, облыстық мәслихат депутаты, «Возрождение» болгар этномәдени орталығының жетекшісі:
– Елбасының сессияда сөйлеген әрбір сөзінің астарында үлкен мағына жатыр. Осымен жетінші жыл қатарынан Ассамблея сессияларына қатысып, барлығынан үлкен әсер алып келемін. Еліміздің басты саясаты – тұрақтылықты сақтау, бірлігімізді одан әрі нығайту. Елбасы тұрақтылық пен келісім әрбір әкімнің күнделікті жұмысының басты бағыты болуы тиіс екендігін айтты. Ассамблея мүшелерінің бәрі осы істе Елбасының көмекшілері болуы тиіс деп санаймын.
Сессия қатысушыларына ерекше әсер еткені – 2015 жылдың Ассамблея жылы деп жарияланғандығы. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев толеранттылық пен келісімнің қазақстандық үлгісін одан әрі дамыту жөнінде бірқатар қосымша шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Енді жұмыс одан әрі жандана түседі деп сенемін.
Атырауда биылғы жылы пайдалануға берілмекші «Достық үйі» облыстағы түрлі ұлт өкілдерінің басын бір шаңырақтың астына ұйыстыруға себеп болары сөзсіз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде этникалық кемсітушілікке ешқашан жол берілмейтінін халықтың бірлігі, татулығы мен ынтымақтастығы арта түсетінін әрдайым баса айтып келеді. Осыған орай, әр күн сайын кемел келешекке деген сеніміміз арта түсуде. «Мәңгілік Елге» бірлік пен ынтымақтастықтың арқасында ғана жете аламыз.

Жазып алған Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз