Жарнама
Қоғам

Бір мамандыққа арналған ғұмыр

Ғибратты ғұмырының саналы бөлшегін баспасөз саласына арнаған жанның бірі – облыстық «Атырау» газетінің бұрынғы корректоры Бағзай Супьянова.

Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген әріптесіміз  орта мектепті бітіргесін Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінде оқып, журналист мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1966 жылы облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газеті редакциясында  корректор болып бастайды. Осында партия тұрмысы, хат және бұқарамен байланыс бөлімдерінде тілшілік, редакция хатшылығында жауапты қызметтерді атқарады. Осылайша, апамыз еңбек өтілінің елу жылын ұясынан талай қарымды қалам иелерін, ақын-жазушылар мен көсемсөздің шеберлерін, баспасөздің сайыпқыран сарбаздарын қанат қақтырып, қияға ұшырған «қара шаңырақта» өткізді. «Басылымның бас корректоры» атанып, талай жасты тәрбиелеп, тәлімін берді. Апалық ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетті.

Ол кезде газет күн сайын (аптасына бес рет), кейіннен үш мәрте шығатын. Материалдар қолмен теріліп, барлық жұмыс процесі солай атқарылатындықтан оның қиындығы да аз емес еді. Шыққан беттерді баспахананың аядай  бір бөлмесінде отырып оқып, қатесін қарап, түзетуге тура келетін. Сол мезгілде редакцияда төрт корректор жұмыс істейтін. Солардың арасында жасы үлкені, тәжірибесі көбі осы Бағзай апамыз болатын.

Құрметті еңбек демалысына шығып, зейнеткерлердің қатарына қосылғаннан кейін де саптан қалмады. Ұжымында да, былайғы ортада да үлкендігін білдіріп, кішілерге жылы да жақсы сөзімен, өнегелі ісімен үлгі, қажет жерінде қамқор бола білді.

Биыл қадірлі Бағзай Супьянова апамыз сеңгірлі сексен жастың биігіне көтеріліп отыр. Өзіне екінші үйіндей ыстық көрінетін төл ұжымы – облыстық «Атырау» газетінің редакциясы әріптес апамызды мерейлі де мәртебелі жасымен құттықтайды. Дені сау, ғұмыры ұзақ болсын деген игі тілегін жолдайды.

Дәулетқали АРУЕВ,

облыстық «Атырау» газетінің аға тілшісі,

«Еңбек ардагері» медалінің иегері

Баршамыз қадірлейтін Бағзай апа

…Орталық көпір аузындағы облыстық «Коммунистік еңбек» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің редакциялары орналасқан үйдеміз. Көп кешікпей әріптес Бағзай Супьянова апамыз мерейлі елу жасқа толмақ. Соған «не істейміз, қандай сыйлық аламыз?» деп бас қатырып жүрген кезіміз. Сонымен біраз жанның, әсіресе, жолы жіңішке әйел затының көпшілік дауысымен алтын әшекейлер алатын болып келістік. Кешкілік ұжым болып апайдың редакциядан алған екі бөлмелі пәтерінде бас қостық. Не керек, сол кешті көтеріңкі көңілмен, ән-жырмен тамаша өткіздік. Апай да, біз де мәз дегендей.

Арада бірнеше апта мен ай өтіп жатыр. Байқағанымыздай, апай біз сыйлаған не алтын жүзікті, не алтын алқаны тақпайды. Содан әріптес құрбым Елена екеуміз бір-бірімізге: «Шамасы апай ұнатпаған болуы керек. Одан да конвертке ақшасын салып беретін кісіміз-ау?..» дейміз бір-бірімізге сыбырлап. Сөйтіп жүргенде жаңа жыл жақындап қалды. Бәрі дайындық үстінде жүр. «Не кием, қайда отырамыз?» деген сұрақ төңірегінде гу-гу әңгіме. Осы тұста мен «Бағзай апа, сіз біз сыйлаған сақинаңыз бен алқаңызды тағып келіңіз!» дей салдым. Неге екенін білмедім, қыздардың бәрі маған жалт қарады. Іштерінен «апай не дер екен?» деп тұрғандары белгілі. Ал Бағзай апа болса жай ғана:

Мен әшекей бұйымға жоқпын ғой, тіпті таққым келмейді… — деді. Ол кісіден мұндай жауап күтпеген біз сол жерде состиып тұрып қалдық. Бұдан кейін сыйлыққа қатысты ешкім ештеңе демеді де, әркім өз жұмысымен жүре берді…

Осы оқиғадан кейін біз апайдың көптеген әйел заты секілді қызылды-жасыл сәнді киім-кешек пен бояу-сояуға, алтын-күміске қызықпайтын жан екеніне шындап ден қойдық. Бір-бірімізге «ендігіде есте жүрсін» деп қоямыз.

Қызметтес болған жылдары апамыз аяулы анасынан, аса қымбат ағасы мен інісінен айырылды. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, қайғысына ортақтаса барған ұжым мүшелеріне алғысын айтып, алдағы күндерге жақсылық тілеумен болған. Жалақы алған сайын бауырының жартылай жетім қалған балаларына керек-жарағын алып берумен жүретін. Әсіресе, оқу жылы басталар тұста біріне сөмке, біріне аяқ киім керек деп бәйек болып отыратын бауырмалдығына талай куә болғанбыз.

Содан бері арада ондаған жылдар өтіп, апамыз сексен жасқа да толып қалыпты. Біз де бүгінде зейнеткерміз. Бұрынғыдай қызметте болмасақ та, сол баяғы байланысымыз үзілген жоқ. Хабарласып, бір-біріміздің жағдайымызды біліп тұрамыз.

 Біз сізді құрмет тұтамыз, сыйлаймыз, жақсы көреміз, Бағзай апа! Баршамыз үшін әрдайым қымбатты да қадірлі жан болып қала бересіз. Амандықпен сексеннен асыңыз, тоқсанға, одан әрі жүзге  жетіңіз — біз тілекшіміз!

Лиза СЕЙТІМОВА,

әріптес сіңлісі, Ақпарат саласының үздігі

Еңбектегі есімі қымбат ұстазым

Бүгінде сеңгірлі сексеннің белесіне көтерілген Бағзай апаны өзім еңбек жолымдағы ұстазым санаймын. Ілгерілі-кейінді жұмысқа келген әріптестерім үшін де солай екені күмәнсіз. Бұған толықтай сенімдімін.

Сапалы шығарма, жағымды жаңалық журналистің сауатты сөзімен, мақаланы жазу тәсілімен ғана көркем өрілмейді. Оқырманға сәтті дүние сыйлау үшін шығармашылық ұжыммен бірге теруші, бет құрушы дизайнер, корректорлар секілді техникалық қызметкерлер де бірлесіп күш жұмсайды. Редакцияның жұмысы қашан да қара қазандай қайнап жатады. Қарбалас тірліктен әсте толастамайды.

Корректор деген қатенің қырағы күзетшісі ғой. Жауапкершіліктің жүгі тым ауыр. Әсіресе, газет шығатын күні мұрнымыздан шаншылып жататынымыз бар. Сондай сәттерде жанымда Бағзай апам болса, ештеңеден жүресініп, тайсалмайтынмын. Қайта газеттің әр нөмірі шыққан сайын білмейтінімді үйреніп, тәжірибемді толықтыра түсетінмін. Апайдың бірден қамқорлығына алып, бауырына басуының нәтижесінде жаңа ортаға тез үйренісіп, үлкенмен де, кішімен де тіл табысып  кеттім.

Аида ОРЫНБАСАРОВА,

шәкірті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button