БЕРЕКЕ ДАРЫТҚАН БОТАКӨЗ

Терең иірімдегі су шымырлап тынып ағатыны сияқты үндемей жүріп, талай істі тындыратын іскер адамдар болады. Ол да бір қарағанда қақ-соқпен ісі жоқ, өзімен-өзі ылғи ой үстінде жүретін томаға-тұйық адам сияқты көрінетін. Қапелімде кез келгенмен шүйіркелесіп, шешіле сөйлеп кетуі де екіталай. Қашанда өзінің сабырлы, байсалды қалпынан айнымайтын.

Бір сөзбен айтқанда, нағыз бесаспап істің адамы болды. Сол сәл жұмбақтау болып көрінетін бекзат болмысын сақтай жүріп, айналасындағы адамдарға шуақ сеуіп, қашанда жақсылық жасауға даяр тұратын еді. Сол жаны жайсаң жақсы адамды мәңгіге жоғалтқанымызға да бір жылдың жүзі болып қалыпты-ау, беу дүние-ай десеңізші!
Мүсепова Ботакөз Қайроллақызы 1954 жылы тамыздың он төртінші жұлдызында Махамбет селосында дүниеге келген. Әкесі Қайролла ұзақ жылдар бойы бухгалтерлік есеп-қисап жұмыстарымен айналысып, аудан экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосқаны үшін Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атанған. Ал, анасы Қалжан ұлағатты ұстаз ретінде елге танылып, талай шәкірттер тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатқан. Осындай береке-бірлігі жарасқан отбасында өсіп- жетілген Ботакөз Қайроллақызы 1972 жылы Махамбет орта мектебін бітіргеннен кейін туған ауылында қалып, өндіріс саласында еңбек етіп, біраз тәжірибе жинақтайды. 1974-ші жылы өзінің жүрек қалауымен Алматыдағы сауда техникумына оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтап шығады. Дипломды жас маман ауылға оралып, мамандығы бойынша сауда саласына жұмысқа орналасады. Сәл кейінірек жұмыстан қол үзбей жүріп, Қарағанды кооперативтік институтының сырттай бөлімін бітіреді.
Үнемі ізденіп, білімін де, тәжірибесін де жетілдіріп жүретін жас маманға үлкен сенім артқан аудан басшылығы оған жоғары лауазымды қызметтер ұсынды. Қашанда сауысқандай сақтықты, ыждағаттылықты талап ететін ол сауда саласының товароведінен бастап, селолық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары, кейіннен бірінші басшысы лауазымды қызметіне дейін көтерілді. Тұтынушылармен тез тіл табысып, сол кездегі талап бойынша сауда мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосты. Ол өзіне жүктелген жұмысты жоғары жауапкершілікпен атқарып, өзі басқарып отырған сауда мекемесінің тауар айналымы жоспарларын үнемі асыра орындап, талай рет жарыс жеңімпазы атанып, әріптестері арасында мерейі үстем болды. Осындай тынымсыз еңбегі жоғары басшылық тарапынан орынды бағаланып, бірнеше мәрте Қазақстан тұтынушылар одағының мақтау грамоталарымен марапатталса, 1989 жылы «Үздік сауда қызметкері» төсбелгісіне ие болды. Қашанда қат-қабат шаруалардың ортасында қарбалас тірлік кешіп жүрсе де Ботакөз Қайроллақызы уақыт тауып, елмен етене араласып, қоғамдық жұмыстарды да белсене атқарды.
Өзі басқарып отырған аудандық тұтынушылар қоғамының партия ұйымына жетекшілік жасап, принципшілдігімен, еңбек дауы кезінде қара қылды қақ жарған әділдігімен дараланып, әріптестерінің арасында зор абырой, беделге ие болды. Тұтынушылар пайын дұрыс есептеу, тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесіне тікелей өзі араласып, қандайма бір шаруаның болмасын оңтайлы шешілуіне ықпал етті. Жоқ-жітік адамдарға қайырымдылық қолын созуға да даяр тұрды. Ал, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, жоғары жалақы дәметкен жалқаулар мен қоғам мүлкін талан-таражға салушыларды ұжымдық жиналыстарда сілкілеп, өз құзыреті шеңберінде тиісті жазасын беріп, қайта тәрбиелеуге атсалысты. Сөйтіп, қаршадай қайсар қыз тағдыр тауқыметін тарта жүріп, үлкен өмір белестерінен өтті.
Оны өмірдің өзі ерте есейтті. Шаңырақтың алтын діңгегі – асқар таудай әкесі өмірден ерте озғанда белін бекем буып, анасына қолғабыс етті. Ертелі-кеш үйдің бір бітпейтін күйбең тірлігіне нәзік иығын тосып, бар шаруаны өз қолына алды. Бірге туған өзінен кейінгі бауырлары Таңат пен Қанаттың, Нұрғайша мен Аманқостың оқып білім алып, өмірден адаспай өз орындарын тауып, өз алдарына отау құруларына зор үлесін қосты. Іні-сіңлілерінің әрбір қадамдарына сынай қарап, әр кез ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жолға бағыттап отырды. Бауырларының да апалары Ботакөз дегенде құрметтері шексіз. Әке орнына әке болып қалған апаларының айтқаны олар үшін бұлжытпай орындалуға тиіс заң сияқты. Қандайма бір отбасы болып ойласатын шаруа, шешімін күткен проблема бола қалса, бұл жөніндегі бауырларының пікірін тыңдап алып барып, соңғы түйінді де, шешімді сөзді осы Ботакөз апалары айтатын.
– Әлі күнге дейін есімде, – дейді бауыры Аманқос өткенді еске алып. – Бір күні Ботакөз апайымыз бәрімізге кешкісін үйге жиналуға тәртіп берді. «Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, айтқан уақытында жетіп бардық. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» дегенді атам қазақ бекер айтпаған ғой. Бұдан былай бұрынғыны көксеп, қол қусырып отыруға болмайды, – деді Ботакөз апамыз жүзінен мейірімі төгіле бізге жағалай жанар жүгіртіп. – Нарық қатынастары қоғамдық өмірімізге дендеп еніп, өз үстемдігін жүргізе бастады. Сондықтан, бәріміз бірлесіп, іс тындыратын мезгіл жетті. Байқаймын, әрқайсың әр жақта әр жұмыстың басын бір шалып жүрген сияқтысыңдар. Алға қарай күш біріктіріп, кәсіп бастауымыз керек». Содан әрі не істеп, неден бастау керек екендігін де өзі айтты. Сонда бізге апайдың айтқанын екі етпей орындап, ойлаған жоспарын жүзеге асыруға кірісу ғана қалды. Солай еттік те. Бүгінде отбасылық бизнесте азды-көпті табысқа қол жеткізіп, ісіміз оңғарылып жүрсе, бұл, сөз жоқ, қасиетіңнен айналайын, Ботакөз апамыздың еңбегінің арқасы деп білеміз.
Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқанда пешенесіне жазылып қойған өз тағдыры болады деген тәмсіл бар. Сол айтқандай, Ботакөз Қайроллақызы да қатыгездеу тағдырымен тайталаса жүріп, өзінен кейінгі бауырларының жағдайларын көбірек ойлап, ерте ме, кеш пе әйел жаратылысына тән жеке өмірі жайлы түпкілікті шешім қабылдауды кейінге ысырып, жылы жауып қойды. Адал еңбегімен нан тауып жеуді өмірлік қағидасына айналдырған ол жұмыстан қол үзбей жүріп, бір сәтке шаршағанын да ұмытып кетті. Сөйтіп, адамға жақсылық жасауға ұмтылған жұдырықтай жүрегіне де салмақ түсірді. 2012 жылы зейнет демалысына шыққанда да үйде қарап отыра алмады. Осылайша шыр-пыры шығып, тынымсыз тірлік кешкен ер мінезді, өмірге іңкәр жанның үлкен жүрегі екінді мен ақшам арасында кенеттен соғуын мәңгіге тоқтатты. Бұл 2013 жылдың 24-ші шілдесі болатын. Тірі болса, биыл жапырағын жайған бәйтеректей қаумалаған бауырларының, ағайын-тума, дос-жарандарының ортасында асқаралы алпыс жасын тойлаған болар еді. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, ол да бұйырмады. Қайтесің, сүйініші мен күйініші қатар жүретін өмір заңы солай!

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз