«БЕЙБАРЫС» ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚОЛА МЕДАЛЬ ҮШІН ТАЛАСАДЫ

Шайбалы хоккейден ел чемпионатының аяқталуына санаулы күндер қалды. Ел додасының плей-офф сериясының жартылай финалында атыраулық «Бейбарыс» хоккей командасы көкшетаулық «Арланмен» кездескен болатын. Ойын төрт жеңіске дейін жалғасты. 

 Ереже бойынша алғашқы екі ойын Көкшетауда өтті. Қос ұжым да командалық әдемі ойын көрсете білді. Алайда, айдын иелері өздеріне берілген тамаша мүмкіндіктерді мүлт жібермей, мұнайлы өңір хоккейшілерінен айласын асыра алды. Ойын нәтижелері 4:2 және 3:1 болды. Кейінгі екі ойын  Атырауда өтуі тиіс еді. Алайда, ауа райы жағдайына байланысты тек бір кездесу ғана ұйымдастырылды. Бұл матчта атыраулық ойыншылар өз жанкүйерлеріне тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Ойын бойына басымдық танытқан «бейбарыстықтар» 4:1 есебімен жеңіске жетті. Ал, екіншісін бейтарап аймақта өткізу мақсатында Астана қаласы таңдалды. 

Көкшетауда ұйымдастырылған төртінші ойын шектен тыс шиеленісті өтті. Екі команда да бір-біріне дес бермей, шабуылдаумен болды. Тек «арландық» Андрей Смирнов соққысымен ерекшеленіп, бұл матчтағы жалғыз голдың авторы атанды. 

Елордада өткен бесінші матч соңғы минуттарға дейін тартысқа толы болды. Әсіресе, екінші кезеңде екі команданың да шеберлігі мен мықтылығына жанкүйерлер куә болды. 

Бен О’Коннор, Владимир Маркелов, Растислав Гашпар, Максим Игнатович, Александр Зубков, Альберт Вишняковтың соққыларынан кейін есеп көкшетаулықтардың үлесіне 4:3 болды. Серияда 4:1 есебімен жеңіске жеткен «арландықтар» өз тарихында тұңғыш рет ақтық финалға жолдама алып, павлодарлық «Ертіспен» чемпион атағын сарапқа салмақшы. 

Ал, бұған дейін төрт маусым қатарынан алтын медаль үшін таласып келген «Бейбарыс» осы жолы өз тарихында алғаш рет қола медаль үшін бақ сынасады. Қарсыласы – теміртаулық «Арыстан» командасы. Алғашқы кездесулер 2-3 сәуір күндері өтеді.

Топтаманы дайындаған Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз