
Батылдық пен адалдық мерекесі
Атырау қаласындағы Махамбет атындағы қазақ академиялық театрының алдындағы алаңда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара ерекше көрініспен басталды. Жиынға қатысушылар алдымен министрліктің заманауи техникасынан құралған көрмені тамашалады. Өрт сөндіру көліктері, арнайы құтқару құралдары, жаңа технологиялар – барлығы көз тартарлықтай ұқыптылықпен қойылған. Бұл көрме құтқарушылардың күнделікті өмірі мен олардың қауіпті жағдайда адам өмірін сақтаудағы маңызды миссиясын көз алдыңа елестетті.

Көрмені тамашалағаннан кейін қатысушылар Махамбет атындағы қазақ академиялық театрының залына бет алды. Театр залы салтанатты шараның басталуы үшін арнайы безендіріліп, ерекше атмосфераға толы болды. Залға Қазақстан Республикасының Туы кіргізіліп, барша жұрт Гимнді орындады. Бұл сәт әрбір шара қонақтарының жүрегін елдік рух пен бірлікке толтырды.
Салтанатты шараны облыс әкімі Серік Шәпкенов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Оның жылы, жүрекжарды лебізі мереке қарсаңындағы көңіл-күйді одан әрі көтерді.

–Құрметті құтқарушылар, сала ардагерлері! Баршаңызды кәсіби мереке – Құтқарушылар күнімен және Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Құтқарушы бұл кәсіби біліктілік пен жауапкершіліктің ең жоғары символы. Бұл мамандықты жүрегімен қабылдаған, кез келген ауа райында, кез келген тәуекелдің ортасында тұрып, адамның өмірін арашалауға дайын азаматтар ғана таңдайды. Кеше ғана болған су тасқыны кезінде де осы сала қызметкерлері үй-күй көрмей, түн қатып, күн қатып жұмыс істеді. Қамыс өрті кезінде аптап ыстықта бірнеше тәулік бойы үйге оралмастан кезекпен еңбек етті. Мұның бәрі шынайы ерліктің көрінісі. Өкінішке қарай, су тасқыны кезінде бір батыр бауырымыз – Бейбарыс Рақым қаза тапты. Оның ерлігі мәңгі жадымызда. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да бұл салаға үлкен мән беріп отыр. Мемлекет басшысы әрдайым «бұл саланы таңдағандар – жүрек қалауымен, ел үшін жанын пида етуге дайын адамдар» деп атап өтеді. Сол себепті біз әкімдік пен министрлік тарапынан бірлесе отырып, құтқарушылардың жағдайын жақсарту үшін нақты қадамдар жасап келеміз. Соңғы жылдары жаңа бөлімшелер ашылып, заманауи техникамен қамтылды. Біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Құрметті құтқарушылар! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, қызметтік табыс тілеймін. Қай уақытта да сапқа тұрып, аман-есен үйге оралуларыңызға тілектеспін! — деді облыс әкімі.

Содан кейін Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Жаңабаев құтқарушылардың қоғамдағы маңызын айрықша атап өтті.
–Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл! Бұл еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жолындағы маңызды кезең. Атырау өңірі өндірісі қарқынды, табиғи ерекшелігі күрделі аймақ. Мұнда әрбір оқиға жылдам шешім қабылдауды, кәсіби дайындық пен табандылықты талап етеді. Сол себепті құтқарушылардың иығындағы жүк те ауыр, жауапкершілік те зор. Соған қарамастан, өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Осы жылдар ішінде облысымыз талай қиын сәттерді бастан өткерді. Су тасқыны, өрт, табиғи апаттар кезінде құтқарушылар еш қауіп-қатерден тайсалмай, халықтың жанынан табылды. Мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығы сақталып, мүліктері құтқарылды. Мұндай жетістіктерге жету жолында облыс әкімі Серік Жамбылұлының, министріміздің қолдауын ерекше атап өткім келеді. Соңғы жылдары өңірде жаңа бөлімшелер ашылып, техника жаңартылды, жұмыс жағдайы жақсарды. Бұл қауіпсіздік деңгейінің артуына зор әсер етті. Төтенше жағдайлар саласы бүгінде кәсіби біліктілігі жоғары, батырлық пен адалдықтың үлгісін көрсеткен азаматтармен беделге ие. Араларыңызда күн сайын ел игілігі үшін ерлік жасап жүрген нағыз батыр жандар бар. Сіздердің табандылықтарыңыз, қызметтік борышқа деген адалдықтарыңыз, қауіпті жағдайларда қабылдайтын батыл шешімдеріңіз – мемлекетіміздің тұрақтылығы мен халқымыздың сенімінің кепілі. Өкінішке қарай, өткен жылы қызметтік борышын атқару кезінде әріптесімізден айырылдық. Оның ерлігі ұмытылмас үлгі. Ардақты ардагерлер! Ұрпаққа қалдырған жолдарыңыз бүгінгі жас буын үшін үлкен мектеп. Осы мерейлі мереке күні баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін! Құтқарушы мәртебесі биіктей берсін!, — деді сала басшысы.

Мерекелік сәттің тағы бір жарқын тұсы – сахна төріндегі концерттік бағдарлама болды. Ән мен күй, вальс пен көркемсөз оқылымы бейбіт күннің батырларына арналған құрметтің белгісіндей болды. Кеш соңында «Қазақтың ұлымын» және «Құтқарушы батырлар» атты авторлық патриоттық әндер орындалып, көрермендердің көңілін тебірентті.
Шара барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ведомство қызметкерлері мен ардагерлері марапатталды. Атап айтқанда, «Азаматтық қорғау полковнигі» атағы мерзімінен бұрын Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллинге, ал «Азаматтық қорғау подполковнигі» атағы Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Айбек Құспанғалиевке берілді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай берілген мерекелік медальдерге де бірнеше қызметкер ие болды. Олардың ішінде Назымгүл Ғаббасова, Ақылжан Қуанов, Тұрарбек Сәлімов және басқалары бар. Сонымен бірге, министрліктің Құрмет грамотасымен департаменттің анықтау бөлімінің аға анықтаушысы Аида Хайруллина марапатталды.
Марапаттау рәсімінен кейін департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының баспасөз хатшысы Фаруза Қайроллина өз ойын білдіріп, құтқарушылардың өмір мен өлімнің ортасында атқаратын маңызды қызметінің қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.
–Бұл мамандық аса үлкен жауапкершілікті, рухтың беріктігін, қайсарлық пен шынайы кәсібилікті талап етеді. Олардың кәсібилігі мен ерлігі туралы ақпарат тарату – біздің имидждік қызметтің басты міндеті. Біз олардың жасаған іс-әрекеттерін кеңінен насихаттап, қоғамда құрмет пен ризашылық туғызу арқылы ғана осы маңызды мамандықтың мәртебесін арттыра аламыз. Әрбір батыл қадам халықтың тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған үлкен жұмыс, ал оны дұрыс жеткізу біздің топтың ұлық миссиясы, — деді Фаруза Қайроллина.

Осылайша, Махамбет атындағы қазақ академиялық театрының сахнасында өткен салтанатты шара Қазақстанның Төтенше жағдайлар саласындағы жетістіктерін паш етіп, қауіпсіздік пен тұрақтылық жолындағы қызметкерлердің ерлігін тағы бір мәрте көрсетті. Ел амандығы жолындағы қажырлы еңбек пен батылдық бүгінгі күннің басты қаһармандарының мәртебесін айқындай түседі.

Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



