БАСПАСӨЗ – ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ

Атырауда  өткен  «Жазылушылар  күні»  акциясы
оқырмандарды  көбейте  түсті 

Өткен сенбі – қарашаның   8-і күні «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы «Тамаша» ойын-сауық орталығында 2015 жылдың мерзімдік басылымдарын алдырушылар үшін «Жазылушылар күні» акциясын өткізді. Қала халқы бұл күні өздерінің көңілі қалаған басылымдарына ешқайда бармай-ақ сол жерде жазылуға мүмкіндік алды.   

«Тамаша» ойын-сауық орталығына кішкене балаларын ойнатуға келген, болмаса қажетін сатып алуға асыққан жандарда есеп жоқ. Олардың бірі «Қазпоштаның» ұйымдастырып жатқан осынау шарасына таңғалысып, жөн-жосығын сұрап жатса, енді бірі «қандай газет-журнал бар, бағалары қаншадан?» деп қызығушылық танытуда.

«Жазылушылар күніне» арналған шараны «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Альфия Керешева ашты. Ол өз сөзінде акционерлік қоғамның «Баспасөз – баршаға!» деген ұранмен қызмет істеп, жергілікті халықты ресейлік, қазақстандық басылымдардың түр-түрімен, тамаша журналдармен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір ұжым екендіктерін тілге тиек етті. «Қазіргі оқырманның талабы мен сұранысы жоғары, біз сол үрдістен көрінуге қызметтенудеміз», – дей келіп, қалалықтардың осынау шараға мән беріп, көптеп келгендеріне өзінің ризашылығын білдірді.

Жазылушылар алдында облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов сөз алды. «Өздеріңіз білесіздер, біздің газетіміздің тарихы сонау 1923 жылдан басталады. Қазіргі күнде оның шыға бастағанына тоқсан жылдан асып барады. Қуанышымызға қарай, біздің газетіміздің жанашырлары мен авторлары көп. Олар бізге күн сайын хат жолдап, өздерінің ойларымен бөлісіп отырады. «Хат артында адам бар». Бізге келген әрбір хат аяқсыз қалмайды. Олар газетіміздің арнаулы беттерінде, сондай-ақ «Бизнесмен», «Әділет әлемі», «Темірқазық», «Шаңырақ» қосымшаларында жарық көріп келеді. Алдағы келе жатқан 2015 жылдың «Атырауын» қазіргіден де мазмұндырақ, қызықтырақ етіп шығару жоспарымызда бар. Газетімізге жазылыңыздар, оқыңыздар. Біз сіздермен біргеміз!  Бүгінгі акцияны ұйымдастырып отырған «Қазпошта» АҚ облыстық филиалына алғысымыз шексіз», – деді өз сөзінде газеттің бас редакторы Исатай Құндызбайұлы.

Осындай тілекті облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева да жеткізді. Ол өзі басқарып отырған мерзімдік басылым бетінде көтеріліп жүрген мақалалар, айдарлар турасында кеңінен әңгімелей келе, алдағы жылы газет өзінің 95 жылдығын атап өтетінін, соған орай дайындық жұмыстарының бүгіннен басталып кеткені турасында кеңінен сөз етті. Сондай-ақ, республикалық «Казахстанская правда» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Ринат Құлмағамбетов те газеттің тарихы мен көтеріп жүрген келелі мәселелері жайында сыр шертіп, «Казправдаға» жазылуға шақырды. Өз кезектерінде оқырмандар әрі жазылушылар – Абдолла Шуканов, Нина Нурушева, Людмила Югай сөз алып, көпшілік үшін бұл шараның мәні зор, бәрінен бұрын ыңғайлы екенін баса айтты. 

Айтқандай, әркімнің өз қалауы мен өз таңдауы бар. Олай болса, газет-журналдарға жазылушы жұрт не дейді, енді соны білейік. 

«БІЗ БІР ЖЫЛҒА ЖАЗЫЛДЫҚ!»

Біздің отбасы ұзақ жылдан бері облыс айнасы – «Атырау» газетін сүйіп оқиды. Газет келген сайын қолдан-қолға өтіп, бір босамайды. Біз оның беттеріндегі облыс жаңалықтарын, оқыс оқиғаларды, сонымен бірге балалы шаңырақтарға, зейнеткерлерге беріліп жүретін түрлі әлеуметтік көмектерге ден қоямыз. Газет беттерінде осы мәселелер жақсы жазылады.

Алдағы 2015 жылдан тек жақсы жаңалықтар күтеміз. Соны сүйікті газетіміз байыпты да байсалды етіп көрсете берсін.

Роза БЕКЕТОВА,
оқырман. 

«ҚАРТАЙСАҚ ТА, ГАЗЕТІМІЗ ҚОЛЫМЫЗДАН ТҮСПЕЙДІ…»

Қайсыбір үйге барсаң, үйіне мүлде газет келмейді. Құдай-ау, ең болмағанда бір басылым алмай, қалай өмір сүреді дейсің. Біз жасымыздың ұлғайып қалғанына қарамастан облыстық «Атырау» және «Ақ Жайық» газеттеріне толық бір жылға жазылып, үзбей оқимыз. Үйдегі үлкендерден көргендей, бала-шаға да, немерелер де газетті қолдарынан түсірмейді.

Бүгінгі «Қазпоштаның» өткізіп жатқан шарасына қожайынмен, екі жас жарымдағы Інжу атты немеремізбен келдік. Оқырман ретінде газет ұжымына үлкен шығармашылық табыс тілейміз!

Күләш ТӨЛЕГЕНОВА,
75 жаста.  

«АТЫРАУДЫҢ» ӘР САНЫН КӨРМЕСЕМ, ОТЫРА АЛМАЙМЫН»

Мен қара танығаннан бері мерзімдік басылымдарды қалт жібермей оқуды дағдыға айналдырған адаммын. Келе-келе өзім де қолыма қалам алып, газетте көтерілген мәселеге орай ой-пікір білдіріп, ұсыныс жасауға машықтандым.

Бүгінде зейнет жасына жетіп, әже атанып отырсам да, баяғыша «Атырауым» қайда? Жыртып тастап жүрмеңдер!» деп, үйдегі бала-шағаның есін шығарамын. Шыным сол, газеттің бір нөмірі көзімнен таса болса, кәдімгідей дегбірім кетеді. Осындай басылым шығарып отырған шығармашылығы жоғары ұжымға тек жақсылық тілеп, ойлы оқырманы көп болсын деген тілек айтамын.

Бибидан АҚМҰҚАНОВА,
Балықшы кенті.  

«БІЗДІҢ БАҒДАРШАМЫМЫЗ»

Бүгінде облыс айнасы – «Атырау» газетінің көтермей жүрген тақырыбы жоқ, олар –  экономика, экология, әлеуметтік қорғау, мәдениет, білім, денсаулық, спорт, қоғамдық-саяси мәселелер және тағы басқалары. Өзім еңбек ететін «Атырау жылу электр орталығы» АҚ ұжымы «Атырауды» асыға тосады, әрбір нөмірін қалт жібермей оқиды. Қоғамның бірінші басшысы М.Қалиев ағамыздың өзі биыл да бас болып, бірнеше газет-журналға жазылды.  

Мен «Қазпоштаның» осындай игілікті ісін құптап, өз отбасым үшін «Атырау» газетіне жазылдым. Газет мазмұнды, оқитын материалдарға бай. Біз рухани азық болар газетімізбен алдағы жылы да бірге болуды ойладық. Оқырмандарыңыз көп болсын!

Райхан ЖАНҚУАТОВА,
қала тұрғыны. 

«АЛҒЫС АЙТСАМ БОЛА МА?»

«Қатеде берекет жоқ» демекші, тамақтанып отырғанымда тамағыма сүйек кетіп қалды. Өздігінен шықпаған соң, Атырау қаласындағы диагностикалық орталыққа келдім. Бұл жерде мені өрімдей жас хирург-эндоскопист Әсел Нұқпаева қабылдады. Ол менің жағдайымды білген соң шұғыл қимылдап, жанындағы медбике Нұрсұлу Құмарова екеуі басында жарығы бар құрал «зондты» өңешім арқылы бойлатты. Сөйтті де, көзді ашып-жұмғанша екі күннен бері өңеш бойына қадалған сүйекті алып шықты. Осыдан кейін мен бар қиындықтан құтылып, екі көзім шайдай ашылды.

Сүйікті «Атырау» газеті арқылы сіңлілерім Әсел мен Нұрсұлуға апалық ақ алғысымды айтып, өмірлеріне барлық жақсылықты тілеймін. Алдағы жылы газет бетінде жас та болса өз ісінің үздігі болып жүрген ақжелеңділер туралы көбірек жазылса деп ойлаймын. 

Жаңыл БАЯДІЛОВА,
Құлсары қаласы. 

«ТОҚСАН ЖАСТАҒЫ АНАМ ӨТІНГЕН…»

Менің анам Қалипа Иманғалиева тоқсан жаста. Осынша жасқа келгеніне қарамастан оның қолынан газет түспейді. Әсіресе, «Атырау» газетін жанындай жақсы көреді. Газетті «менің құрбым, құрдасым» деп, оның бетіндегі мақалалардың бәрін көзілдіріксіз оқиды. Оқығанын біздерге айтып, өз ойымен бөліседі.

Міне, бүгінгі шараның болатынын да ол газеттен оқып, мені жұмсап жіберді. «Қалайда «Атырауға» жазылып кел. Жаңа жылдан бастап жаңа нөмірлерін алайын. Газетсіз өмір бола ма?!» дейді. Анамыздың айтқаны –  заң, өтінішін орындауымыз керек. Тоқсан жастағы анамның көңілінен шығып отырған газеттеріңізге толағай табыс тілеймін!

Жанна
ҚАЙСАҒАЛИҚЫЗЫ,
қарт оқырманның қызы.

 

«ӘР БАСЫЛЫМНЫҢ ӨЗ ОРНЫ БАР»

Біздің отбасыға шаңырақ шаттығы, бала тәрбиесі, ана мәртебесі жайында жазылатын мақалалар қатты ұнайды. Сол себептен де бүгін «Алтын босаға», «Атырау», «Ақ Жайық» газеттеріне жазылдым. Бізді олар көтеретін қай мәселе де бейжай қалдырмайды. Үй ішімізбен оқып, талқылап, өзімізше баға беріп отырамыз.

Жасыратыны жоқ, орталықтан шығатын мерзімдік басылымдардың көбі әсіребояу мен жалған ақпар беруге құмар келеді ғой. Оларды оқығанда өзіңді жайсыз сезініп, бойыңды үрей билейтіндей. Ал, біздің жергілікті басылымдар, әсіресе, «Атырау» газеті байсалды, алды-артын екшеп, нақты жазады. Осы қалыптан танбай, жақсы мақалалар жаза беріңіздер.

Жанар ІСКЕНДІРОВА,
байырғы оқырман. 

ГАЗЕТ ОҚЫРМАНЫМЕН ҚҰНДЫ

«Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы ұйымдастырған «Жазылушылар күнінде» қоғамның өз қызметкерлерімен бірге газет редакцияларының бас редакторлары, олардың орынбасарлары, журналистер, ерікті топ – жастар да белсенділік көрсетті. Олар – Темірлан Қайыр, Айдана Әбілжан, Ғалия Лұқпанова және басқалары. Әрқайсысы әр колледжден болғандарына қарамастан, олар газет-журналдарға жазылушыларға түсінік жұмыстарын жүргізді.

Бүгінгі шараны жергілікті өнер шебері Бауыржан Сағидуллин әсерлі жүргізе білді. Әнші жігіт «Воды арыка», «Ақжайығым», «Сәулем-ай», «Жайықтың суы» атты әндерді шебер орындап, баспасөзге жазылушылардың көңілін көтерді.

Қала тұрғыны Людмила Югай үйінде талай газеттің тігіндісін жинайды екен. Ол бүгін де бірнеше басылымға жазылғанын айтты. Бірқатар оқырмандар «Ақ Жайық» пен «Прикаспийская коммунаға» жазылды.

– Жұмыстан қолымыз тимейтін. Бүгін осындай шараның өтіп жатқанына сондай қуанып тұрмын, – дейді Атырау қаласының  тұрғыны Мария Жұмағалиева. Ол орысша газеттермен бірге біздің «Атырауға» жазылғанын, оны үзбей оқитынын айтты.

Түске дейін созылған шараның соңына қарай газет-журналдарға жазылушылар арасында лотерея билеті ойналды. Үш жасар Айарудың қолымен суырылған «бақытты билеттер» біраз жазылушының көңіліне қуаныш ұялатып, сыйлықты етті.

Рас, «Жазылушылар күні» бұдан бұрынғы жылдары да өткізіліп жүрді. Соған қарамастан кешегісі қалалықтардың зор қолдауына ие болды. Шара қорытындысында елуден астам адам түрлі басылымдарға жазылды. Жазылған мерзімдік басылымдардың дені «Атырау», «Прикаспийская коммуна», «Ақ Жайық» газеттері болды. Пошта қызметкерлерінің айтуынша, ресейлік баспасөзге жазылу желтоқсан айының 1-іне дейін жүрсе, қазақстандық баспасөзге жазылудың соңғы күні 25 желтоқсан болып белгіленді. Олай болса, уақыт найқалуды күтпейді. Асығыңыз, құрметті оқырман, рухани азықтан құр қалмаңыз. Облыстық «Атырау» газеті Сіздерді келесі жылы өзінің жаңа жобаларымен қуантатын болады.   

Лиза СЕЙТІМОВА.
Суреттерде: «Жазылушылар күні» шарасынан көріністер.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз