БАЛЗИРА – БАЛА БАҒБАНЫ

«Жақсының жақсылығын айт, көңілі тасысын» деген қанатты сөз бар қазақта. Шынымен де, жаныңда жүрген жақсылар, олардың тәуелсіз еліміздің ертеңгі жарқын болашағы үшін атқарып жүрген елеулі еңбектері туралы неге айтпасқа? Өйткені, суырылып, көкірек керіп алға ұмтылмай, өзінің қарапайымдылығымен өз ісін сүйіп, меңгерген, шеберлігінен алғыс алып, ризашылыққа бөленіп жүрген адамдар қаншама? Сондай адамдардың бірі - Атырау қаласындағы №43 «Арман» балабақшасының тәрбиешісі Балзира Макиева.

 Балзира Мизамқызы жас та болса бала бағбаны деп атауға лайық адам. Оның кішкене сәбилерге қарағандағы мейірімді жүзі мен салмақты көзқарасы балаларға үлкен жауапкершілік жүктейтіндей. Әйтеуір, апайларының берген тапсырмасын бұлжытпай, ұқыпты орындау олардың кішкене «әлемдері» үшін заңдылық сияқты. Түсінбегендерін қайталай сұрап, «апайлап» айналасын қаумалаған бала шіркіндердің сан алуан сұрақтарының барлығына да сабырмен жауап беріп, әрқайсысының басынан сипап, кішкентай «тентектердің» әр қылығына сүйсіне қарайды. Осындайда бір ата-ананың «үйдегі екі-үш баланы әзер игереміз. Балабақша мен мектеп мұғалімдерінің еңбектері адал ғой, шіркін» деген сөзі еске түседі.

Балзира  Қызылқоға ауданына қарасты Қаракөл селосында дүниеге келген. Әкесі Мизам мен анасы Шәмжан балаларының алға қойған мақсаттарын қолдап отыратын. Балзира ұстаз болуды қалағанда толықтай құптап, сенім білдірген. Мектепті бітірісімен арман арқалаған жас қыз  Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне құжат тапсырып, сынақтан сүрінбей өтіп, педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі факультетіне қабылданады. Отбасындағы он бір баланың бірі болып тәрбиеленген Балзира, жастайынан осы мамандықты жанымен қабылдап, қиял жетегіне берілетін. Арман адастырмады. Оқуын ойдағыдай тәмамдап, қолына қатырма қағазын алған жас маман алғашқы еңбек жолын осы №43 «Арман» балабақшасынан бастады. «Балабақша табалдырығынан жасқана аттап, үлкен өмір жолына алғаш қадам жасағандағы көңіл-күйім әлі күнге дейін есімде» дейді Балзира күлімсіреп. Содан бері жиырма жылға жуық уақыт артта қалыпты. Ол бүгінгі күні  бірінші санатты тәрбиеші. Көптеген Құрмет грамоталарының, дипломдар мен алғыс хаттардың иегері.

Өз ісінің шебері болу да бір бақыт. Еңбегінің жемісін көру дегеннің өзі басқалардың алғыс-ықыласына бөлену болып табылады. «Бетіне айтпасақ та үнемі сыртынан ризашылығымызды білдіріп жүреміз. Қашан көрсек те бір қалыпты мінезімен тұрады. Балаларымыз есіктен жасқанбай кіріп, апайларымен еркін сөйлесіп, өздерінше сырласып жатады. Ата-ана ретінде топтағы  ашық сабақтарға, ертеңгіліктерге қатысып жүреміз. Қай шараға болсын үлкен мән беріп, мазмұнды да мағыналы өткізеді. Бала болмысының отбасында қалыптасатыны рас. Бірақ,  балабақшадағы тәрбиенің де алатын оны ерекше деп ойлаймын. Себебі былдыр тілмен айтатын алғашқы тақпақтары, алғашқы әріп танулары осы жерден басталады. Демек, жақсы тәрбиешінің бала болашағы үшін алар орны ерекше. Бұл орайда біз Балзира Мизамқызы сияқты өз ісін шебер меңгерген маманның біздің балаларымызға тәлім-тәрбие беріп жүргеніне қуанамыз» дейді Рима, Гүлзира  есімді ата-аналар.

Бір қарағанда, балабақша тәрбиешісі деген соншалықты қиындығы жоқ мамандық сияқты көрінуі мүмкін. Сол себепті де олардың еңбектері көбіне тасада қала беретінге ұқсайды. Кәсіпкер, дәрігер, мұғалім  басқа да мамандық иелері туралы жиі айтылып, жазылып жүрсе, тәрбиеші еңбегінің көлеңкеде қалып қоятын тұстары жиірек екендігі жасырын емес. Ал, шынтуайтына келгенде, болашақ бастауы осы балабақшадан басталады. Баланың бір күнінің көп бөлігі осы жерде өтетіндігін ескерсек, сөзімізге еш дәлелдің қажеті жоқ тәрізді. «Байқап отырсақ, әр бала – өзінше бір әлем. Қарым-қабілеттері де әртүрлі. Мендегі үлкен топтың балалары. Бұрынғыдай емес, қазіргі балалардың ой-саналары жетік. Сан алуан сауалдардың астына алғанда құдды үлкен кісімен сөйлесіп отырғандай сезінесің. Тәрбиешінің баланың алдында мүдіріп қалуына, қателесіп кетуіне болмайды. Өйткені, тәрбиеші – бала түсінігінде ең білгір адам. Сол сенімнен шығу  бізге үлкен жауапкершілік жүктейді» дейді бізбен әңгімесінде Балзира Мизамқызы.

Ол өз тобының балаларын мақтан етеді. Олардың жетістіктеріне қуанады. Кемшін тұстары болса қиналады. Өйткені, өзі де ана. Жолдасы Атиғолла екеуі Жұлдыз, Әсем деген екі қыз бен Сұлтанбек атты ұл тәрбиелеп отыр. «Баланың баладан айырмашылығы жоқ. Жұмысты аяқтап үйіме келгенде өз балаларым да дәл сол күндізгідегідей сұрақтар мен өтініштердің астына алады. Сөйтіп, тәрбиешілік қызметім үйде жалғасады» деген сөзінен ол кісінің балаға жай бала деп қана емес, ертеңгі ел азаматы деген сенімді көзқарас көргендей болдық. «Ұжым – екінші отбасым» деп түсінетін Балзира алғаш рет жұмысқа қабылдаған осы балабақшаның директоры Сәуле Нұрмұқашованы, әдіскер Маузия Ғазезқызын, емшібике Ақжүніс Мырзабекқызын, әріптестері Ақкүміс Жалғасбайқызын, Жанерке Тұрсынқызы мен Балжан Жұмажанқыздарын үлкен құрметпен, мақтанышпен әңгімеге арқау етеді. Бір кездері алдындағылардан үйренуге жалықпаған Балзира, бұл күнде өзі де жас мамандарға ақыл-кеңес беретіндей дәрежеде тәжірибе жинақтаған.

Бар жақсылық балаларға. Сәбилердің риясыз күлкілерінің аспан көгінде еркін қалықтап, оларды тұғырлы мемлекетіміздің ертеңі үшін еңбек ететін білікті азаматтары болуға баулуда тек ата-ананың ғана емес, балабақшаның да атқарар міндеті зор. Ендеше, өз еңбегінің жемісін бала бойынан көріп, қуанышқа кенеліп жүрген ұстаз-тәрбиешіге шығар биігіңіз алда болсын дейміз біз де.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз