Қоғам

БАЛАНЫҢ КӨБЕЙГЕНІ – БАҚЫТ

— Ұлжан Ахметқызы, 2014 жыл да тарих қойнауына кетті. Сол жыл сіздің ұжымыңыз үшін  қандай ерекшелігімен есте қалып отыр?

— Облыстық перзентхана ұжымы үшін жылқы жылы елеулі жылдың бірі болды дер едім. Перзентханада сәби мен ананың денсаулығы жолында 350-ге жуық адам еңбек етеді.

Перзентханада әйелдер босандыратын, босанғаннан кейінгі емдеу, гинекология, реанимация, шала туған нәрестелерді күту, басқа да бөлімдер бар. Олардың барлығы да заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Мұнда босанған аналар мен олардың жаңа туған нәрестелеріне жан-жақты дәрігерлік бақылау, қажетті емдеу көрсетіледі.

Жыл сайын перзентханада мыңдаған нәресте өмірге келеді. Мәселен,2013 жылы 7800 сәби дүние есігін ашса, 2014 жылы 8300 бала өмірге келді, оның 95-сі егіз, ал үш ана бірден үш нәрестелі болу қуанышына бөленді. Ана өлімі болған жоқ, бала шетінеу екі есеге төмендеді. Мұның өзі біздің аймақта бала туу өсіп, демографиялық  деңгейдің жақсарғанын байқатады.

— Ана мен бала өмірін сақтау ісінде дәрігерлер мен орта буын мамандардың қосып отырған үлестері аз болмас.

— Әрине. Осы мақсатта перзентхана дәрігерлерімен медбикелерді үздіксіз оқытып, саладағы жаңалықтар мен емдеу әдістеріне үйрету, кәсіби біліктілік деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Жыл ішінде әріптестеріміз бірнеше рет Литвадан шақырылған мамандармен нәрестелерді, әсіресе күніне жетпей туылған сәбилерді емдеудегі озық тәжірибесімен бөлісті. Ал, біздің көптеген мамандарымыз Израиль, Ресейдің озық емдеу клиникаларында болып, әдістемелік оқудан өтті. Соның нәтижесінде перзентханада жаңа туған нәрестелерге хирургиялық көмек, яғни ота жасау арқылы, туа біткен кемістіктерді емдеуге қол жетті. Осындай күрделі ота жасатқан бірнеше ондаған сәби отбасыларына қуанышпен қосылды. Ал, дәрігерлеріміз бірнеше рет санитарлық авиациямен аймақтағы алыс елді мекендердегі жағдайы ауыр ана мен баланың өміріне арашашы болды.

— Перзентхананың медициналық құрылғылармен жабдықталу жайы қалай?

— Перзентхана базасы озық медициналық жабдықтармен қамтылған. Соның ішінде жаңа туған нәрестелерге кувездер, инвазивті және инвезивті емес өкпені жасанды желдендіру аппараттары бар. 475 грамм болып дүниеге келген шақалақты «Изолетта» аппаратының көмегімен өсіріп-дамытып, анасына береміз. Сондай-ақ, генетикалық сараптама жасайтын заманауи «Авто-Дельфия» анализаторы, органдар мен жүйелердің қызметін қадағалайтын мониторлар, қан құрамын анықтайтын анализатор, жеткілікті мөлшерде инфузатор-дозаторлар мен бір реттік медициналық мақсаттағы құралдарға да қолымыз жетіп отыр.

— Перзентхананың материалдық- техникалық базасы жайында не айтасыз?

— Перзентхана үйі жөнделуден өтіп, жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілгені үшін облыс басшылығына алғысымыз көп. Палаталарға ылғалды оттегін орталықтандырып жеткізуге мүмкіндік туды. Барлық босандыру бөлмелерінде балаларға қажетті сәулелі жылу көздері қамтамасыз етілді. Босанғаннан кейін, тіпті кесарь тілігі операциясынан соң да нәрестелер анасынан ажыратылмайды, оған барлық жағдай жасалған.

— Ұлжан Ахметқызы, сөзіңізді бөлейін, бүгінде кесарь тәсілі жиі қолданылатын сияқты….

— Қазір бізге келіп жатқан көп аналардың денсаулықтары төмен. Әсіресе, бүйрек, жүрек, қаны аздық секілді науқастарға көбірек душар болуда. Соның салдарынан мерзіміне жетпей босану, түсік тастау жағдайлары жиі кездеседі. Мұндай жағдайда ана мен нәресте өмірін сақтап қалу жолында кесарь тілігін жасауға мәжбүр боламыз. Десек те, ота жасатқан бірде-бір ана тарапынан бізге деген өкпе, реніш болған емес.

Ана мен бала денсаулығын жақсарту жөніндегі бағдарлама бар. Ал, отбасын жоспарлауды қалай түсінуге болады?.. Бұл бағдарлама жас келіншектерімізді 1-2 баланы тууға ғана насихаттап жүрген жоқ па екен?..

— Олай деуге болмас. Отбасын жоспарлау дегеніміздің ауқымы кең- мақсаты бөлек. Ең бастысы – өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, сол ұрпақты жарық дүниеге жеткізетін аналар денсаулығын жақсарту. Біз дені сау әйелден дені сау перзент туатынын естен шығармауымыз керек. Дені сау әйелге қанша бала туам десе де шек қойылмайды. Ал, аурушаң анаға айтар ақыл-кеңесіміз көп.

— Қай ұжымда да өзінің мақтаныштары болады емес пе, сіздерде ше?

— Жөн айтасыз. Нәрестелер мен аналардың өмірін сақтауда ұжым дәрігерлері , орта буын медицина қызметкерлері айтарлықтай еңбек етуде. Осы ретте бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Асқар Кенжеғалиев, реанимация бөлімінің меңгерушісі Аққали Жанаев, босандыру және босанғаннан кейінгі бөлімінің меңгерушісі Әлия Жиенбаева, балалардың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Түрлен Бегеева, гинекология бөлімінің меңгерушісі Людмила Ким, дәрігерлер Асқар Қайыржан, Айгүл Шмалина, күндізгі патология бөлімінің меңгерушісі Анела Сақыпова, Бақыт Шуақбаева, медбикелер Айман Баймурзиева, Айсұлу Аймұқанова, Әлия Садықова, Сәуле Мағауина, басқа да ақ желеңді жандар нәрестелер мен аналардың денсаулығы жолында қалтқысыз қызмет етіп, көптің алғысына ие болуда.

— Сөз соңында Жаңа жылға тілегіңізді білсек…

— Ел ертеңі – ұрпақтар көбейе берсін. Себебі, баланың көбейгені әр үйге де, елімізге де – бақыт. Олардың денсаулығы жолында күндіз-түні көз ілмей жүрген ақ желеңді әріптестерімнің еңбектері жемісті болып, отбасылары аман болсын, Жаңа жыл барлықтарыңызға зор қуаныш әкелсін!..

 

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Сурет редакция мұрағатынан алынды.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button