Қоғам

БАЛАЛЫ ӘЙЕЛДЕРГЕ – ӘРДАЙЫМ ҚАМҚОРЛЫҚ

Осы жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқандығы және қаражаттандырудың қандай мөлшерде жүргізілетіндігі атыраулық әйелдерді де бейжай қалдырмақ емес. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің әлеуметтік көмек және қолдау бөлімінің басшысы Ләззат Сағынбекова түсіндіреді.

— Ләззат Суанбайқызы, жүктілігі бойынша демалыста отырған әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау қай кезеңнен бастап жүргізіледі?

— Басты ескере кететін нәрсе — әйелдердің зейнетақы жинақтарының орташа мөлшері ер адамдармен салыстырғанда 25 пайызға кем. Әйелдердің жүктілігі бойынша демалыста отыратындығы мен ерлерге қарағанда зейнетақыға ерте шығуы — әйелдердің жинақтау жүйесіне қатысу өтілінің (стажының) азаюына алып келуде. Мемлекет басшысы өткен жылғы 7 маусымдағы зейнетақы мәселелері бойынша Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде Үкіметке жұмыс істейтін әйелдер үшін олардың босану және балалар күтімі бойынша демалыста болу кезеңіне мемлекет есебінен қосымша Міндетті зейнетақы жарналарын төлеуді қамтамасыз ету мәселелерін тапсырған болатын.

Аталған тапсырманы орындау мақсатында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осыған орай, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыстардағы әйелдердің Міндетті зейнетақы жарналарын қаражаттандыру енгізілді. Бұл жаңашылдық немесе жүйе әйелдердің балалардың күтімі бойынша демалыстарда болу кезеңдерінде олардың зейнетақы жинақтарының көлемін арттыруды қамтамасыз етеді.

— Бұл қалай жүзеге асырылады?

— Міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау — міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қатысушыларының бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемге өтініш білдіргеннен кейін жүргізіледі.

— Сонда міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері қандай? 

— Жиынтық Міндетті зейнетақы жарналарын Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың 10%-ын құрауға тиіс. Ол үшін Міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау ай сайын жүзеге асырылатын болады.Осылайша, болжамды 10% аударымдардың 4%-ы әлеуметтік төлемдер есебінен, ал 6%-ы бюджет қаражатынан қамтамасыз етілетін болады.

 — Нақты мысал келтіріп түсіндірсеңіз, жақсы болар еді…

— Мысалы, әйел адамның 80 мың теңге жалақысы бар делік. Оның зейнетақы қорына жалақысынан 8 мың теңге зейнетақы жарнасы ұсталады. Егер ол бала күтімі бойынша демалыста отырған жағдайда, оған әлеуметтік төлем есебінен 3,2 мың теңге аударылады, ал, бюджет қаражатынан 4,8 мың теңге оның зейнетақы қорына аударылады. Нақтырақ айтсақ, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері орташа айлық табыстың 40 пайызы болып табылады, яғни 80 000 теңгеден — 32 000 теңге. Субсидия мөлшері (СУБ) бұл жағдайда 4800 теңге (80000 * 10 %) — (32 000*10%)).

Осылайша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ананың зейнетақы есебі бір жылда 96 000 теңгеге толады. Оның ішінде 57 600 теңге субсидия есебінен бюджет қаражатынан және 38 400 теңге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру Қорынан төленетін  әлеуметтік төлемдер есебінен жүргізіледі. Жұмыс  істейтін әйелдер үшін олар бала туу және балалардың күтімі бойынша демалыста болған кезеңде зейнетақы жарналарын мемлекеттің субсидиялауы бала күтімімен үйде отырған аналарға көрсетіліп жатқан үлкен көмектің бірі деп ойлаймыз.

Әңгімелескен

Л.СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button