Жарнама
Қоғам

Балалар темекіге неге әуес?

Кешқұрым уақыт, қаладағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында 12-14 жас шамасындағы жасөспірімдер топтасып тұрды. Әдетте күнделікті осындай мезгілде балалар алаңға шығып, бой сергітетіндіктен ол топқа аса көп мән бермеген едім. Алайда біраз уақыт өте сол маңайдан жағымсыз иіс сезілді. Жандарына сәл жақындай түскенмін. Өздеріне қарай беттегенімді байқады ма, әлгі балалар қолдарына ұстаған түтікше тәрізді затты тастай сала жан-жаққа қаша жөнелді. «Әлі бесіктен белі шыға қоймаған өрендер немен әуестеніп жүр?», «Бұл не нәрсе болғаны, ол жасөспірімдердің қолына қалай түскен?..»

Балаға бас-көз болайық…

Осылайша, сан сауалдың шырмауында қалып, әлгі зат есімнен кетпей қойды. Кейін сұрастыра келе мұның электрондық темекінің бір түрі, жеміс-жидектер дәмімен дайындалған бір реттік шылым екенін білдім. Қазіргі жасөспірімдер тілімен айтсақ «одноразка», «вейп».

Иә, осындай атауларға ие бұл пәлені білмейтін бала аз болып шықты. Тіпті мұны қолдануға әбден еттерін үйретіп алғандары да бар. «Балам ойынға кетті» деп үйінде алаңсыз отырған ата-аналар бұл туралы біле ме екен, сірә? Кәмелет жасына толмағандарға мұндай зат неге сатылады?

Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында алдымен облыстық білім беру басқармасына жолыққан едік. Басқарманың бөлім басшысы Алмагүл Қайырлиева бұл жағдайдан хабардар екендерін, тиісті шаралар қолға алынып жатқанын айтты.

– Қоғамда технология дамып, ақпарат көбейген уақытта оның  ортаға тигізер зияны да қатар жүретіні мәлім. Бұған дейін кейбір жасөспірімдердің наша, түрлі синтетикалық нәрселермен әуестенуі үлкен мәселеге айналған болатын. Оған қатысты нақты шаралар атқарылып, жағдай тұрақталған еді. Енді міне, биыл балалардың бір реттік электронды шылымды қолдануы қоғамды алаңдатып отыр. Біз де бұған бейжай қарай алмаймыз. Қазіргі кезде балалармен, әсіресе, ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жүруде. Өйткені бұл жағдай ата-аналардың араласуымен ғана тұрақталады. Сондықтан барлық ата-ана балаларына бас-көз болып, теріс әдетке әуестенбеуін қадағалауы  керек, — деді ол.   

Бу емес – У

Қаланың бұрыш-бұрышында топтанып алып, аталған темекіні шегіп тұратын оқушылардың қарасы көбейгенін мамандар да растап отыр. Сорақысы, темекінің бұл түрі оқушылар арасында сәнге айналып бара жатқанға ұқсайды. Хош иісті тартқанда түтін емес, бу шығатын болған соң оқушылар оны мектептің ішінде де шеге беретін көрінеді. Бұл өнімді шығарушылардың негізгі мақсаты – аталған тауардың нарықтағы саудасын қыздыру екені анық. Ал әлі ағзасы толық жетіліп болмаған балалардың никотинмен уланып жатқаны оларды алаңдата қояр ма екен? Қорқыныштысы, оның  жүрек қан тамырлары мен өкпе, бауыр, бүйректі зақымдап, жүйке жүйесіне кері әсері бары да анықталған. Ең қауіптісі, электронды темекі әлі де болсын интернет, әлеуметтік желілер арқылы ашықтан ашық жарнамаланып, сатылуда. Біз бұған «эксперимент» жасау арқылы да көз жеткіздік.

Тәжірибе жасау ниетімен қаладағы №34 көп салалы мектеп-гимназиясының VIII, IX, X сыныпта оқитын үш оқушысын ертіп (ата-аналарының рұқсатымен) аталған темекіні сатып алуға «Алмагүл» шағынауданындағы дүкендерді аралап көрдік. Естуімізше, бұл маңайдағы балалар көбіне сол айналадағы дүкендерден сатып алады екен.

Сағат кешкі 20.30 шамасы, үш жеткіншек дүкендерге кіріп әлгі дүниені сұрап шықты. Оларды есік алдынан күте тұрдық. Дүкен сыртына «сәлеметсіз бе, «одноразка» беріңізші?» деген балалардың дауысы анық естілді. Бірінде таусылып қалса, енді бірі мүлде сатпайтын болып шықты. Тек бір шағын дүкен сатушысы ғана онлайн тапсырыс арқылы алдырып бере алатындарын ашық айтты. Әлдекімдердің нұсқауымен келесі күні «Дина» сауда орталығының ұсақ-түйек сататын артқы тұстарын аралап көрдік. Сол жердегі сатушылардан сұрастыра келе, балалар қолданып жүрген электронды шылым түрі бірер жерден табылды. Жасырын сатып тұрған орта жас шамасындағы келіншек  үн-түнсіз 13, 14, 15 жастағы балалардың қолына темекіні ұстатып, ақшаны алаңсыз қалтасына салып алды. Бізді сатушының тым болмаса, баланың жасын да сұрамағаны таңғалдырды.

Осылайша, бұл шылым түрінің кез-келген адамға, тіпті балаға сатылып жатқанына анық көз жеткізіп, келеңсіз жағдайға куә болдық. Балалар бұл затты табылса осындай жерлерден, болмаса онлайн тапсырыс арқылы алып жүргенін білдік. Бұдан соң  дабыл қақпасқа амал жоқ. Өйткені біз жасаған «эксперимент» қоғамның бүгінгі дертін ашып, мәселені айқындай  түсті.    

temeki 1

Бес саусақ бірдей емес

«Балауса» шағынауданында орналасқан «Тама» дүкенінің сатушысы Гүлжанай Қабделова электронды темекі түрін сұрап келетін балалардың барын жоққа шығармады.

– Өзгелерден естіп жүрсем де, ол затты дүкеніме алдырған емеспін. Сатылымға шығарсам да, балалардың қолына бермес едім. Бұл ең алдымен әр сатушының адами қасиеттеріне байланысты дүние болса, екіншіден балаларға темекі өнімін сатуға мүлде тыйым салынған, — дейді дүкен иесі. 

 Иә, біз сатушының бәрі Гүлжан апайдай болса ғой дедік. Өзгенің баласына жаны ашып қарайтын осындай адамдар көп болса, мыңдаған ұрпақ жыл сайын осы темекінің салдарынан өмірден өтпес еді. Анығырақ айтсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын 65 мың бала темекі түтінінен қайтыс болады екен. Ал біздің елімізде 2,8 миллион адам шылым шегеді.

«Тик-токтан» тараған ба?

Жан-жақты зерттей келе электронды шылымның жастар арасында TikTok әлеуметтік желісі арқылы кеңінен таралғанын білдік. Өйткені мұнда  «одноразка» мен «вейп»-терді жарнамалайтын көптеген видео контенттер жүктелген. Тіпті бейне жазбаларда оларда банан, алма, апельсин, құлпынай секілді жеміс-жидектердің дәмі бары айтылып, адамдарды өзіне тарта түседі екен. Оны үлкендер балаларының қолынан көп байқамауы да мүмкін. Себебі олар түрлі-түсті маркер бояуларына да қатты ұқсайды.

Міне, бүгінгі қоғам балаларының тик-токқа билегеніне мәз-мейрам болып жүргенде, оның осыншалықты баланы теріс әдетке әуестендіріп, санасы мен саулығын улап жатқанын біле ме екен? Осыдан соң, заманға ереміз деп баламыздан айырылып қалмайық деген ой келді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Сурет ашық дереккөзден алынды

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button