«БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ – ЕҢБЕКТЕ…»

Қойнауы құтқа толы Атырау өңірі қазба байлықтардан кенде емес десек, қателеспейміз. «Қара алтын» еліміздің ырысын еселей түсіп, еңсесін көтерді. Кәсіби мерекесі қарсаңында біз «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ «Теңіз» мұнай айдау станциясының басшысы Саламат Алтыналиевке жолыққан едік.

 

Мұнайды өндіру бар да, оны халық игілігіне жарату үшін айдап, тасымалдау бар. Осы салаға маманданып, бірегейі атанған «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» компаниясын жұртшылық жақсы біледі. Мұнайлы өңірде орналасқандықтан, олар әлеуметтің ахуалын жақсартып, оған өзіндік үлесін қосуға тырысқан кәсіпорын әлсіз топтарға ұдайы қамқорлығын көрсетіп келеді. Жұмыс бабындағы олжасы өз алдына, биылғы кәсіби мерекеге де аталған компания табысты жетіп отыр. Ал, мекеменің өркендеуі сөз жоқ, сапалы кадрға байланысты. Осы орайда, кәсібінің жілік майын шағып, өзі таңдаған ісінің барлық дерлік сатысынан өткен маман ғана қандай мақтауға да лайық.

Жоғарыда айтқанымыздай, мұнай саласы қиын-қыстау шақтарда да өндірісті тоқтатпады. Мақат ауданы, Байшонас елді мекені тұрғыны Самай Алтыналиев саналы ғұмырын осы салаға арнады. Елу жылдай үздіксіз еңбек еткен оның жолын ұлы Саламат таңдады. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген осы емес пе? Мектеп бітіре салысымен кейіпкеріміз 1973 жылы «Доссормұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Қарсақ мұнай кәсіпшілігінде мұнай мен газ өндіру операторы болып еңбек жолын бастайды. Бір жылдан кейін Отан алдындағы әскери борышын өтеуді міндеті санаған ол әскер қатарына алынды. Туған еліне қайта оралған соң «Қарсақ» мұнай кәсіпшілігінде жерасты ұңғымаларын жөндеу операторы ретінде қызметін қайта жалғастырады.

Басқалардан гөрі, осы мамандықтың жанына жақын екендігін айқын сезінген Саламат Самайұлы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, 1983 жылы оқуға дейінгі атқарған қызметіне қайта оралады. Жоғары білімді маман мұнайды кешенді дайындау өндірістік учаскесінің аға инженеріне көтеріледі. Өз ісінің кәсіби шебері, тәжірибелі бесаспап маман қай уақытта сұранысқа ие болды ғой. Кейіпкеріміз 1987 жылдан бастап тәуелсіздік алғанға дейін «Құлсарымұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына Қаратон, Қара арна кен орындарында цех бастығы болып жұмысын жалғастырады.

– 1991 жылы «Теңіз» мұнай айдау станциясына ауысым бөлімінің басшысы қызметіне ауыстым. Төрт жылдан кейін цех бастығы атандым. Кейін мекемеміз «ҚазТрансОйл» қарамағында болып, артынан «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» компаниясына айналды. Сол 2000 жылдан бері осы мекемеде табан аудармастан еңбек етіп келемін, – дейді С.Алтыналиев. – Мұнай үздіксіз айдалып отыруы тиіс. Сондықтан, жұмыста тоқталыс болмағаны абзал. Қызметкерлеріміз 14 күн сайын ауысып тұрады. Мамандардың барлығы дерлік бұрыннан, «ҚазТрансОйлдан» бері бірге жұмыс істеп келе жатқандықтан, бәріміз бір-бірімізге үйреністік. Мұнда 12 сағат қызметінен кейін олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, демалуына барлық жағдай жасалған. Спортты жанына серік еткендер спортзалға барып, футбол ойнай алады…

Жанұя демекші, біле білгенге маманның жұмысын байыпты, тиянақты орындауына отбасының да ықпал ететінін психологтар әлдеқашан-ақ дәлелдеп қойған. Бұл ретте әке жолын қуған ұлдың ұрпағы да мұнай саласын таңдап, «мұнайшылар династиясын» жалғастырып отырған жайы бар екен. Саламат Самайұлы жұбайы Райса Төлешова екеуі Бағдат, Азамат есімді қос ұлды тәрбиелеп отыр. Тұңғышы «Қазмұнайгаз бұрғылау» мекемесінде жүйелеу операторы болса, сүт кенжесі аймағымыздағы таңдаулы оқу ордаларының бірі – «Назарбаев» интеллектуалдық мектебінің 10-сынып оқушысы. Сүттей ұйыған отбасының отанасы Райса Төлешова облыс орталығындағы №27 мектепте ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеуде.

Орынсыз мақтану мен мадақтауды қаламайтын кейіпкеріміз адал еңбегінің арқасында қол жеткізген жетістіктері туралы сұрағанымызда тосылыңқырап барып, марапаттарын атай бастады. Бірнеше жыл еңбек өтілінде С. Алтыналиев мекеме тарапынан берілетін мақтау қағаздарымен қатар «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл», Құрмет грамотасын иеленгенін атап көрсетті. «Біздің міндетіміз еліміздің несібесі «қара алтынымызды» діттеген жеріне айдап беру. Сол себепті қызметімізде тұралау болмауы тиіс. Апатты жағдайдың орын алмауын қадағалаймыз», – деген ол әрбір маманның жауапкершілігімен қатар жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуі де маңызды екенін атап айтты. Сонда ғана компания табысы еселей түсіп, келешегі кемелдене түспек.

 

Біз материалды әзірлеу барысында кейіпкерімізбен етене араласып жүрген әріптестерімен де тілдескен болатынбыз.

Сәрсембай Мұрынов,

«КҚК-Қ» АҚ Шығыс аймақтық менеджері:

– Ол осы салада 23 жылдан бері жұмыс істеп келсе, оның 19 жылын Теңіз мұнай айдау станциясының басшысы қызметіне арнады. Саламат өндірісте де білімді басшы, тиянақты, әріптестерінің арасында сыйлы. Еңбек етіп келе жатқан құрылымында күні бүгінге дейін бірде-бір қызметкер өндірістік жарақат алған жоқ. Ал, ұжымның ұйымшылдығын басшысының іскерлігінен деп білемін. Былтыр аталмыш станция 19,5 млн. тонна мұнай айдаса, биыл жыл соңына дейінгі меже 22,5 млн. тонна болып отыр. Демек, үш млн.тоннадай жоғары. Кәсіби шеберлігі жоғары мамандар жоспарды орындайтынына сенімдіміз. Оның үстіне, Саламат мұнайшы әулетінен шыққан. Бір салада 19 жыл бойы үздіксіз қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан, оның алдағы жұмысына тек сәттіліктер тілейміз.

 

Виктор Вельтер,

«КҚК-Қ» АҚ Пайдалану және техникалық

қызмет көрсету менеджерінің орынбасары:

– Саламатты сауатты, білгір, әр уақытта дұрыс шешім қабылдай білетін әділ басшы деп білемін. Ұжымы әрқашан сыйлайды. Осы салада үздіксіз, вахталық әдіспен ұзақ жыл еңбек етіп келеді. Бүгінгі таңда компания кеңейту жұмыстарына үлкен назар аударып отыр. Ал, Саламат жұмысты жатсынбай, толығымен ісіне беріле қызмет етуде. Біз оның әрі қарай да қызметі жемісті болсын деген тілегімізді білдіреміз.

 

Шахан Оңдасын,

Теңіз мұнай айдау станциясы

басшысының орынбасары:

– Саламатпен 1991 жылдан бері осы салада еңбек етудеміз. Сол шақта ол ауысым бастығы болған еді. Содан бері біргеміз. 2000 жылдары «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» компаниясына да бірге өттік. Саламат Самайұлы тек білгір басшы ғана емес, оның қамқорлығын станциямыздағы барлық қызметкерлер жетік біледі. Мекемемізге келген жас маманға білгенін айтып отырады. Күні бойы жұмысының ауырлығына қарамастан тұрақты түрде спортзалға барып тұрады.

 

Қашқымбай Тапанов,

Теңіз мұнай айдау станциясының операторы:

– Саламат Алтыналиевпен жиырма шақты жылдан бері жұмыс істеп келемін. Адамгершілігі мол, өз білгенін кейінгілерге үйретуден жалықпайтын ол басшылық қызметін де адал атқарады. Сол себепті өзіміздің Сәкеңді біз тек басшы ретінде ғана емес, ұлағатты ұстаз, жанашыр аға ретінде сыйлаймыз. Әрбір тапсырмасын мұқият тыңдап, айтқанын екі етпей орындауға тырысамыз.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз