Баянды белестерге бастайды

Қоғам Әлеумет әлеуеті

Atr.kz/2 қыркүйек, 2020 жыл. Осыдан 25-30 жыл бұрынғы өмірімізді елестетіп көрелікші.

Ел экономикасының құлдырап, өндіріс орындары мен зауыт-фабрикалардың жабылып жатқан кезі. Соның салдарынан еңбеккерлердің жұмыстарынан қысқарып, еңбекақысыз қалған, қарттарымыздың өздеріне тиісті зейнетақыларын, ал балалы шаңырақтар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақыларын ала алмай қиналған сәттері…

Мұның бәрі, сөз жоқ, халқымыздың әлі күнге есінде. Сонда да олар «Бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз» деп, өз-өздерін жұбатушы еді. Ал, ерте көктемнен елді шулатқан аты жаман індет көпшілікке адам саулығы мен амандығынан артық ештеңенің болмайтынын тағы бір қайыра еске салғандай болды.

Расында, құмдай сусыған уақытта тұрақ жоқ. Бүгінгі Қазақстанды осыдан отыз жыл бұрынғы республикамен салыстыруға мүлде келмейді. Өйткені, біз қай тұрғыдан алғанда да өстік, өндік. Тек бір ғана Атырау облысының өзінде жұмыспен қамту жәйі діттеген межеден көрінуде: өткен сегіз айдың ішінде 13 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды.

Оның ішінде 5000-дай адам – тұрақты жұмыспен, 500-дейі әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды. Осы аралықта 12 мыңдай жұмыс орны ашылып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарды жұмысқа алды. Ал,  ауылдардан 3351 жас хабарласқан болса, соның 2871-іне әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Бұған қоса, аз қамтылғандарды әлеуметтік қорғау мәселесі өз дәрежесінде жүзеге асуда. Мәселен, оларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту, заттай, ақшалай көмек-қолдау көрсету, тағы сол сияқты. Облыстағы 23 мыңның үстіндегі мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек балалар, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарындағы адамдар – бәрінің тиісті көмектерге қолы жетті.

Атамыз қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп өте орынды айтқан. Президенттің ел халқын үлкен  жауапкершілік пен ауызбірлікке шақырған осынау Жолдауы көпұлтты мемлекетімізді баянды белестерге бастайды деп сенеміз.

 Серік ҚАМИДОЛЛА,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған