Жарнама
Қоғам

Азамат деп қойдым атыңды!

Төтенше жағдайлар қызметі үлкен жауапкершілікті, темірдей тәртіп пен рухани беріктікті талап ететін сала. Бұл қызметтің өкілдері кез-келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға бар күшін салады. Апатқа ұшыраған адамдарды құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Сондықтан да құтқарушылар заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, үнемі кәсіби, медициналық-психологиялық тұрғыда дайындықтан өтеді.

Жуырда Президент құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың кәсібін елдегі ең беделді және құрметті мамандықтардың біріне айналдыру қажеттігін атап өтті. Расында, құтқарушылар басқаларды аман алып қалу үшін өз өмірлерін қатерге тігіп, ерлік жасайды.

Бұл мақалада біз екі атыраулық құтқарушы – Азамат Бердіғалиев пен Азамат Құрманиязовтың нағыз ерліктерін баяндаймыз. Сонымен қатар өткен жылы су тасқыны кезінде қызметтік борышын атқару барысында қайтыс болған №1 МӨСБ бөлімше командирі Бейбарыс Рақым да Президенттің Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталып, туыстарына табысталғанын атап өту маңызды. Қай істе де батылдық пен кәсіби шеберлікті ұштастыра білген жандардың еңбегі ел есінде мәңгі қалады.

Иә, екі Азаматтың да ерліктері – қоғамға үлгі, азаматтық борышқа адалдық пен нағыз патриотизмнің көрінісі.  Олар жас болса да күн сайын қауіп-қатерге қарамай, адам өмірін сақтап қалу үшін төтенше жағдайлардың алдыңғы шебінде тұрады.

Өрт ішінде өмір сақтаған ер

Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы мен төтенше жағдай кезінде көрсеткен ерлігі үшін азаматтық қорғау кіші сержанты Азамат Бердіғалиев Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Қызылқоға ауданының тумасы, 2002 жылы дүниеге келген Азамат 2022 жылдан бері азаматтық қорғау органдарында қызмет етеді. Жас маман Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжін «аудармашы» мамандығы бойынша тәмамдап, білімін Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде жалғастырған. Бүгінде ол №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы.

Жас құтқарушы қызметте жүріп талай сын сағатта кәсібіне деген адалдығын дәлелдеді. Қала аумағында болған ірі өрттер мен авариялық-құтқару жұмыстарына қатысып, су тасқынымен күрес кезінде де батылдық пен ұқыптылық танытты.

Азаматтың ел жадында қалған ерлігіне биылғы 19 мамырдағы оқиға себеп болды. Сол күні кешкі уақытта қаладағы Авангард шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің үшінші қабатынан өрт шығады. Қою қара түтін арасындағы өмір мен өлім арасындағы сәтте кіші сержант еш ойланбастан тұрғындарды құтқаруға кіріседі.

Үйдің 5-ші қабатын барлау барысында түтіннен көз аша алмайтындай жағдай туындап, Азамат жорғалап алға жылжуға мәжбүр болады. Дәліз бойын шолып жүріп, пәтерлердің бірінен әйел адам мен үш айлық сәбиді табады. Нәрестені көрпеге орап, қосымша респираторлық бетперденің көмегімен анасы мен баласын таза ауаға алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырады. Осылайша, өрт ортасындағы батыл әрекетінің арқасында екі бірдей адам аман қалған еді.

– Президент Жарлығымен марапат алғаныма өте қуаныштымын. Астана төрінде «Айбын» орденін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың өзі табыстады. Мұндай мерейлі марапат екі есе жауапкершілік жүктейді, — деген жас құтқарушының сөзінен толқып тұрғаны байқалады.

Бейбіт күннің батыры

Өткен жылы дәл осындай марапатқа ие болған тағы бір атыраулық құтқарушы – азаматтық қорғау аға сержанты Азамат Құрманиязов. Ол да қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы мен төтенше жағдай кезінде көрсеткен ерлігі үшін Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Азамат Құрманиязов Атырау қаласына қарасты Ақжар ауылында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бері қызметте. Қазір ТЖД №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі лауазымында еңбек етуде.

Ол қала аумағында бірнеше рет орын алған ірі өрттер мен авариялық-құтқару жұмыстарына қатысып, су тасқынымен күрес кезінде де батылдық пен шеберлік танытқан.

Ал былтырғы 6 маусымда болған бір оқиға оның ерлігін айқын көрсетті. Таңертеңгі сағат 09:40-та «Call»-орталыққа Сұлтан Бейбарыс даңғылы бойындағы көпқабатты үйдің алтыншы қабатынан қалың түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түскен. Шақырту орнына жеткен құтқарушылар пәтердің отқа оранғанын және ішінде сәби бар екенін анықтайды.

Пәтер есігі іштен кілттеліп тұрғандықтан, бөлімше командирі уақыт жоғалтпай автосаты жүргізушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Б.Саясатовқа терезе арқылы пәтерге көтеруге бұйрық береді. Өзі ішке кіріп, ересектердің қарауынсыз қалған 8 айлық сәбиді өрт арасынан тауып алады.

А.Құрманиязов нәрестені түтіннен қорғау үшін көрпеге орап, автосаты арқылы төменге түсіп, медициналық қызметкерлердің қолына тапсырады. Осы жеделдігі мен ержүректілігінің арқасында сәби аман-есен ата-анасымен қауышады.

Иә, құтқарушы – ең қауіпті мамандықтың бірі. Олар үнемі өз өмірін қауіпке тігіп, өзгелерді ажалдан арашалайды. Бірақ «Айбын» орденін алған екі Азамат та өз таңдауларына өкінбейді.

– Кез-келген төтенше жағдайда өрт сөндіруші ең алдымен өз өмірін емес, адамдардың амандығын, өрттің таралу қаупін ойлайды. Нағыз өрт сөндіруші батыл, қызметіне адал және қорқынышын жеңе білетін адам болуы керек, — дейді олар.

Расында, құтқарушылар талай мәрте ажалмен бетпе-бет кезде­сіп, сан мыңдаған тағдырға қайта өмір сыйлауда. Осындай ерлікке толы еңбектерін олар күніне бірнеше мәрте атқарады. Онысын мақтан етпейді, жай ғана күнделікті жұмыс күндерінің бірі ретінде қарап, азаматтық міндеті санайды. Бұл шынтуайтына келгенде екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін сала.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button