«АЙМАН-ШОЛПАН» ДЕП ЕРКЕЛЕТЕТІН…

Уақыт та зымыран құс секілді ғой. Жастықтың албырт шағында артыңа қарайламай, үнемі алға ұмтылумен жүресің. Сондай кезде жақсымен жанасып, өмірдің қыртысы мол қиын түйіндерін шешуде алдыңда арқа сүйер адамдардың болғанына қуанасың. Өзіңе мақтанышпен үлгі-өнеге етіп, құрметтеп жүрген жандар туралы бірауыз жақсы сөз естісең де, марқайып қаласың. Мен үшін нағашым Үмбет Аққайсиев пен нағашы жеңгем Сақыпжамал Орынғалиқызы – осындай әзіз адамдар.

Өзіме осы екі жанның соншалықты ыстық та, өте жақын болатыны – олар шаңырақ құрғаннан кейін мен дүниеге келіппін. Көп кешікпей олардың шаңырағында да тұңғыш қыздары Шолпан дүниеге келген. Нағашым мен нағашы жеңгем екеумізді бір үйдің қызындай, «Айман – Шолпан» деп еркелетіп, біздер бойжетіп, қатарға қосылғанша қамқорлықтарын аямады. Тіпті, мектеп бітіргеннен кейін менің Алматы шетел тілдері институтына оқуға түсуім де сол асыл жандардың ақыл-кеңесінің арқасы еді. Бүгіннен болашақтың бейнесін көретін, ел ертеңінің дамуына қиядан көз салатын олардың сол кездегі көзқарасының өзі Елбасының бүгінгі «Үш тұғырлы тіл» саясатымен астасып жатуы мені қазір еріксіз таңдандырады.
Бұл ғана емес, ғұмыр бойы мемлекеттік басшы қызметтер атқарған жеңешем табалдырықтан аттаған бізді құшағын жая қарсы алып, бала демей, төріне шығарып, хал-жағдайымызды сұрайтын. Оның үйдегі, ағайын-туыс арасындағы сыйластығы кім-кімге де үлгі еді. Үлкенге – келін, кішіге – жеңге, апалық ізеті еш сарқылмайтын. Өз басым қарапайымдылықты, кішілікті, ізеттілікті, іскерлікті осы кісіден үйрендім. Жауапкершілікті жете сезінудің, еңбексүйгіштіктің өнегесіне қанықтым.
Жеңешем мен нағашым өте сабырлы, қанша қиындық көрсе де қабақ шытпай, ұлы мен қыздарын алдыңғы қатарлы азамат етіп өсірді. Балаларына бауырмалдықты, сыйластықты өнеге етіп, ағайын-туыспен араласуға тәрбиеледі. Бүгінде бәріміздің сағына көрісетініміз де – осындай ізгі тәрбиенің жемісі.
Жылдар жылжып, уақыт өрнек салады,
Шаш ағарып, жас қартайып барады.
Тектіліктің тамырындай
асылдар,
Біздер үшін жансыңдар ең бағалы, – деп, бүгінде шаштарын ақ қырау шалған абыз қариялар, немере-жиендерінің сүйікті ата-әжесі – құрметті еңбек демалысында. Қосылған қос өзеннің арнасындай жанұя жарастығымен бірге қартайып, ұл-қыздарының қызығын көріп, немере-жиендерінің бақытына бөленуде. Бұл да ел үшін еңбегін сіңірген, халқының құрметіне бөленген асыл жандарға сыйлаған Жаратқан Иеміздің үлкен тартуы деп ойлаймын.

Айман СМАДИЯРОВА,
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз