АУЫЛДЫҢ ДӘМІ

қаладағы  жәрмеңкенің  сәніне  айналды

Астана күніне арналып Атырауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Үш күн бойына облыс орталығындағы Саламат Мұқашев атындағы алаң (Вокзал маңы-5 мөлтекауданы) мен «Мұнайшы» спорт кешені маңына жайғасқан жәрмеңкеге негізінен жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері шығарылды.

 

Бірден айта кетуіміз керек, бұл жолы тұтынушылардың назарына ұсынылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы да базар нарқынан 15 пайызға дейін арзандатылып сатылды. Соның ішінде, басқаларына қарағанда молдау көрінгені және көбірек сатылғаны егін өнімдері – көкөніс түрлері екенін байқадық. Осылайша, вокзал маңындағы арбатта ұйымдастырылған сауда-саттықта астың дәмін келтіретін сабақты көк жуа, аскөк, желкектің бір байламы, қиярдың бір келісі 50, қырыққабат, қызылша, қарбыз 70, бұрыш 120, қызанақ 160-170 және қауын 200 теңгеден сатылғанын көрдік.

Бұлардан бөлек, жеңсік тағам түрінен саналатын су маржандарының да саттыққа қойылып, сатып алушылардың үлкен сұранысын иеленгенін аңғардық. Мәселен, жәрмеңкеде көксерке мен сазанның жон еті 1200-850, тірілей салмақта 500-280, жас күйіндегі табан 120, ысталған түрі 300, сыла 200,  балық  котлеті 800 теңгеден, т.с.с. бағамен сатылғанын білдік.

Мерекелік жәрмеңкенің өту барысын аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастаған облыс пен қала, салалық құрылымдар басшылары қадағалап, оң бағаларын берді. Жәрмеңке алаңының бір шетінен орналасқан сахнада «Жырлаймын сені, Астана!» атты концерттік бағдарламаға кезек берілді. Онда жергілікті өнерпаздар Елорданың туған күні мерекесін әуезді де әсем ән-жырларымен, күмбірлей төгілген күйлерімен, мың бұралған билерімен өрнектеді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз