
Атырауда «Жүректен – жүрекке» атты қайырымдылық мәдени кеш өтті
Бүгін Атырау қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған «Тең қоғам» әлеуметтік жобасы аясында «Жүректен – жүрекке» атты қайырымдылық айының шеңберінде мәдени кеш ұйымдастырылды. Басты мақсат – ерекше жандардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ оларға қамқорлық пен мейірімнің жылуын сыйлау.

Іс-шара «Айгүл» мейрамханасында өтті. Оған жоба қатысушылары, олардың ата-аналары, қала тұрғындары және түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
– Біздің басты мақсатымыз – мүгедектігі бар азаматтарға тек әлеуметтік көмек көрсету емес, олардың қоғамға белсене араласуына, өз таланттары мен қабілеттерін танытуына мүмкіндік беру. Бүгінгі «Жүректен – жүрекке» кеші – сол еңбектің, сол бірліктің, сол ізгі ниеттің жемісі. Әрқайсыңыздың жүрегіңізден шыққан жылу – басқа бір жүрекке жетіп, үміт пен қуаныш сыйласа, біздің мақсатымыз орындалғаны, – деді
«Тең қоғам» әлеуметтік жобасының үйлестірушісі Гүлзира Жамалова.
2024 жылдың сәуір айынан бері жүзеге асып келе жатқан «Тең қоғам» әлеуметтік жобасы бүгінде Атырау қаласында мүгедектігі бар адамдарға 20-дан астам әлеуметтік қызмет түрін ұсынып келеді.

Кеш барысында қатысушылар мен серіктес ұйымдарға алғыс хаттар мен арнайы номинациялар табысталды. «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Карин, «Өмір гүлі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тыныш Жакупова, «Мен бармын» қоғамдық қорының төрайымы Зайда Нұгманова сынды қонақтар әлеуметтік жобаларға қосқан үлестері үшін марапатталды.
Ерекше жандардың өнері дәріптеліп, «Өнерлі жан», «Ырғақ пен қимыл үйлесімі», «Рухы мықты спортшы», «Шебер қол» сияқты номинациялар иегерлері анықталды. Әрбір жеңімпаз сахнаға көтеріліп, естелік сыйлықтар мен алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар ерекше баланы тәрбиелеп отырған аналарға құрмет көрсетіліп, олардың сабырлы еңбегі мен аналық мейіріміне зор ризашылық білдірілді.
Кеш соңында «Балалар елдің болашағы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Гүлназ Муксиева мен Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері қатысушыларды құттықтап, мұндай игі бастамаларды қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
«Жүректен – жүрекке» атты бұл мәдени кездесу ерекше жандарға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың қоғамдағы орнын, шығармашылық әлеуетін және адамгершілік құндылықтарын дәріптеген әсерлі кешке айналды. Осындай шаралар арқылы қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға, өзара мейірім мен қолдау көрсетуге деген ұмтылыс арта түсті.
Тоғжан ЕРМЕК



