
Атырауда STEM HANÝM жобасы өз мәресіне жетті
Өңірде бірнеше ай бойы жүзеге асқан STEM HANÝM білім беру жобасы әйелдер мен қыздардың цифрлық және инженерлік дағдыларын арттыруға, сондай-ақ инклюзивті топтарды заманауи технологиялар саласына тартуға бағытталды.
Жобаның негізгі мақсаты – STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) бағыттарында әйелдер мен қыздардың әлеуетін арттыру, білім мен технологияға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және инклюзивті орта қалыптастыру.

Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-лицейінде өткен жобаға өңірдің барлық ауданынан қатысушылар қатысып, XXI ғасырда сұранысқа ие бағыттарда білім алды.
Атырау облысында жобаның аймақтық серіктесі ретінде «Biz de adambyz» қоғамдық қоры жұмыс істеді. Қор инклюзия бағытын үйлестіріп, жергілікті деңгейде оқыту процесін ұйымдастырды. Қор жетекшісі Гүлназ Қосмурзиева атап өткендей, жоба өңірдегі әйелдердің кәсіби дамуына серпін беріп, инклюзия мәдениетін дамытуға ықпал етті.

Жоба барысында 300-ден астам қатысушы STEM саласының түрлі аспектілері бойынша білім алып, өз кәсіби біліктіліктерін арттырды. Олардың арасында педагогтер, студенттер және ауылдық жерлердегі белсенді әйелдер бар.
— Мен бұл жоба туралы алғаш әлеуметтік желіден көріп, қызығып тіркелдім. Онлайн кезеңнен кейін ауданымызда өткен офлайн оқуға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Робототехника мен STEM технологияларын меңгеру арқылы енді өзім қызмет ететін балабақшада бұл бағытты дамытуды жоспарлап отырмын. Осындай тамаша мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – дейді жоба қатысушысы Қизатова Гүлнұр.

Аталған жоба алдағы уақытта өңірде инклюзивті білім беруді дамытуға және әйелдердің ғылым мен технология саласындағы әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстардың одан әрі жалғасуына негіз болмақ.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ


